Дәметкен - Халықаралық турнирдің қола жүлдегері
Қазалылық боксшы Дәметкен Келімбет Астанада бокстан өткен алтыншы «ҚР Президенті кубогы» халықаралық турнирінде жүлделі орынға ие болып, туған жерге табысты оралды.
Жақында ғана бокстан әйелдер арасындағы ел біріншілігінде қола медальға ие болған жерлесіміз дүбірлі додада да бапкерлерін жерге қаратпады. 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дәметкен жеңістің биік тұғырына көтерілуіне бір табан жақын қалғанда ұтылып, қола медальді қанағат тұтты. Бас-аяғы бір айдың ішінде қос қолаға ие болған қазалылық боксшының жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев.
Бұл сында тағы бір жерлесіміз, соңғы өткен бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Айда Оңдаш 75 келі салмақта өнер көрсетті. Өкінішке орай, Айда Елорда төріндегі шаршы алаңда сәтсіз өнер көрсетіп, бұл жолы жүлдесіз қалды.
Айта кетейік, ҚР Президентінің кубогы үшін бокстан VI халықаралық турнирге 15 елдің спортшылары қатысты. Барлық дерлік командалар өздерінің кіл мықты боксшыларын алып келді. Сол себепті 5-10 маусым аралығында өткен жарыстың барлық жекпе-жектері өте тартысты болды. Бұл сында Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары жалпы алғанда 10 алтын, 7 күміс және 12 қола медаль жеңіп алды.
Ж.СОВЕТҰЛЫ