Қазалылық бұрымды боксшылар оқу-жаттығу жиындарына қатысуда

Жалпақ жұрт Бақытбек Жұмабекұлын әлемге Марина Вольновадай алтын қызды танытқан жаттықтырушы ретінде жақсы таниды. Одан өзге шәкірттерінің де республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктері жаман емес. Өткен жылғы жетістіктерін тізбектемегеннің өзінде соңғы 2-3 айдың көлеміндегі көрсеткіштері кісі қызығарлықтай. Атап айтар болсақ, осы жылы 69 келі салмақта Ақерке Бақытжан ел чемпионы атанса, Аида Оңдаш күміс, Дәметкен Келімбет қола медальға қол жеткізді. Одан бөлек, Дәметкен Астанада бокстан өткен алтыншы «ҚР Президенті кубогы» халықаралық турнирінде де қола медальды қанжығалады. Сондықтан болар, ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Присяжнюк жерлестерімізді ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына шақыртады. Бұл сөзімізді Бақытбек Құлбаев та растады.
– Әрине, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде спорт, оның ішінде бокс қарқынды дамуда. Сондықтан да ұлттық біріншілікте жүлде алу оңай емес. Боксшыларымның соңғы жетістіктерін ескерген жаттықтырушылар бокс академиясы базасындағы жаттығуларға шақырды. Негізінен мұндай жиындарға әр салмақтағы бірінші, екінші, үшінші нөмірлі боксшылар шақырылады. Бүгінгі таңда ұлттық құрамада 69 келі салмақта Ақерке Бақытжан бірінші нөмірлі, 75 келіде Аида Оңдаш екінші нөмірілі, ал, Дәметкен Келімбет 57 келіде үшінші нөмірлі боксшы саналады. Боксшылар үшін бокс академиясының базасында өтетін оқу-жаттығу жиынының маңызы орасан зор. Біріншіден, былғары қолғап шеберлеріміз алдағы айтулы додалар алдында өздерінің физикалық-функционалдық дайындықтарын пысықтаса, екіншіден, тәжірибе алмасады. Азия біріншілігіне, әлем чемпионатына дайындалып жатқан сақа спортшылардан жастардың үйренері көп, – дейді білікті бапкер.
Еліміздің былғары қолғап шеберлері тамыз айында Индонезия елінде өтетін Азия ойындарына, қарашада Үндістанда жалауы көтерілетін әлем чемпионатына қатысып, бақ сынайды. Байрақты бәсекелерде біздің бұрымдылар нәтижелі өнер көрсетуі үшін жаттығулардың, тәжірибе алмасудың алар орны ерекше. Бапкердің айтуына қарағанда, ұлттық құраманың үздігі ретінде Ақерке әлем чемпионатына барады екен. Ал, Аида мен Дәметкен бірінші нөмірлі спортшылар әлдеқандай себептермен жарысқа қатыса алмайтын болса, оларды алмастырады.
Туған жердің абыройын асқақтатып жүрген боксшыларға тек қана сәттілік тілейміз. Әрдайым биік шыңдардан көріне берсін!
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ




