Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Туған жерім жайлы фильмдер түсіргім келеді»

«Туған жерім жайлы фильмдер түсіргім келеді»


Жаңабек Жетіруовтың есімі киносүйер, көзіқарақты көрерменге «Телқара», «Қазақстан тарихына саяхат», «Атамекен», «Сырмен сырласу», «Махамбет», «Кенесары», «Желтоқсан алауы», «Жол тексерушісінің жазбалары», «Аққыз», «Шыңырау», «Дүние жарық» фильмдері арқылы жақсы таныс. Бірақ оның Қазалы топырағының тумасы екенін, Байқожа стансасында дүниеге келгенін жерлестерінің бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Иә, асқақ арманға қол созған Жаңабек Ибайраханұлы туған жерден жырақтаған еді. 1990 жылдары Мәскеуде режиссерлықты меңгерген ол қазақ кино өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Жуырда «Еуразия-2006», «Сенімді жүрек», «ФИПРЕССИ» халықаралық байқауларының бас жүлдегері, Ханты-Мансийск қаласындағы халықаралық байқаудың «Қола тайга» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жаңабек Жетіруовпен әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.
– Жаңабек Ибайраханұлы, ең алдымен әңгімеміздің ауанын қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан жобаларыңыз жайынан бастасақ. Қазақ көрермені жақын арада қандай туындыларды тамашалай алады?
– Осы уақытқа дейін 60-тан аса деректі фильм түсіріппін. Соңғы жылдары әзірлеген қазақтың заңғар жазушысы, абыз ақсақалы болған Әбіш Кекілбайұлының әлемі, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай жайлы фильмдерім де көпшіліктің көңілінен шықты.
Биыл көктемде Әбіш Кекілбайұлының классикаға айналған «Шыңырау» шығармасының желісімен фильм түсіре бастаған едік. Қазан айында түсірілімі аяқталды. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында жасап жатырмыз. Қазір монтаждау кезеңін де тәмамдадық. Бұйырса, ит жылы көпшілікке ұсынамыз. Фильмді түсіру барысында энциклопедиялық білімі бар, ақиқық ақын, Әбіш ағаның рухани бауыры Светқали Нұржанның кеңесіне де жүгіндік. Бұл пәлсапалық картинада көрініс тапқан көркем декорациялар, костюмдер және көз тоярлық әдемі табиғат аясындағы романтикаға толы сахналар, жануарлар қатысқан сахналар, Каспий теңізі, сырға толы Маңғыстау өңірі ешқандай көрерменді бейжай қалдырмайды. Бұл фильм көкпшілікке ой тастайтыны сөзсіз. Картинадағы адамдардың ойының шиеленісі мен жүрегінің қағысы, махаббат пен өшпенділіктің, жаңа мен ескінің қақтығысы көрініс береді.
Фильм жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамында қалыптасқан әлеуметтік проблемаларды қозғайды. Жартылай отырықшы және көшпелі тұрмыс кешетін қазақтардың арасын жалғастырып жүрген басты кейіпкер Еңсеп шыңыраудан құдық қазып, Үстіртте аты шығады. Еңсеп бай, ауқатты адамдардың құдығын қазып, кедей кепшіктердің тапсырыстарына ат үсті қарайды. Осы тәкаппарлығы өзіне кесір болып, ол ақыры жұмыссыз қалады. Ауылға Бұхара жақтан көшіп келген біреу Еңсептің орнын басып, Үстіртте ең терең құдық қазады. Бұл Еңсептің қызғанышын оятады. Ол одан да терең құдық қазам деп, ақыры бәсеке түбіне жетеді.
Қазіргі кезде санаға салмақ салмайтын комедия және экшн жанрындағы фильмдер сұранысқа ие, соған қарамастан осындай айтары бар фильмді жарыққа шығарып отырмыз.
– Қазіргі таңда эстрада жұлдыздары кино түсіруге құмар. Олар бір-бірімен жарысқа түскендей көрінеді. Мұндай құбылыс қазақ киноиндустриясын өрге жетелей ме?
– Жоқ. Оларда ұлтты жаңғыртайық деген ой атымен жоқ. Мақсаты – ақша табу. Әншілер жеке қаржысына түсіріп жатқандықтан оларға ешкім қой демейді. Заманында хит болған Шварцнеггердің кассалық фильмдерін қазір ешкім көрмейді. Өйткені, оның фильмдері адамға ой салмайды, тек атыс-шабыс, шоу. Айта берсек, мысал көп. Бізде де сол. Арзанқол фильмдермен елді алдап отыр. Түрлі кинофестивальдарға қатысу үшін режиссерсымақтар қазақ халқының тұрмысын төмендетіп, жағдайын жұпыны етіп, мәдениетін мансұқтайтын фильмдерді түсіріп жатыр.
– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлгеніме. Бірер ай бұрын Қайрат Нұртастың «Арман» атты фильмі де көрерменге жол тартты. Ол да...
– Иә, ол да кассалық жинақ үшін түсірілген. Кинода Қайраттың сүйіктісін зорлап кетеді, ал ол кек алады. Болды, бітті. Басқа мағына жоқ. Бір сөзбен айтқанда, жауыздық суреттеледі. Ал одан сіз қандай рухани ләззат алдыңыз, айтыңызшы? Бүркіт есімді әншінің бір сұхбатынан естіп қалдым, «менің режиссерлық қабілетім бар екен» деп сайрап тұр. Әрине, киноны әркімнің түсіруге құқы бар. Бірақ олар сапасыз һәм мән-мағынасыз, «косметикамен» әрленген фильмдерімен режиссерлық мамандықтың мәртебесіне нұқсан келтіріп жатқанын түсінбейді. Танымалдығымен, жарнамасымен елді алдауда. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қағида бар. Режиссерлық әлгі әншілер ойлайтындай арзанқол мамандық емес. Оның оқуы бар, тоқуы бар. Мен 1990 жылдары Мәскеуде режиссерлық өнерін меңгеріп қана қоймай, осы уақытқа дейін терең ізденіп келемін. Біз интеллектуал, рухани кемел болуға ұмтыламыз. Тек қана кино емес, сонымен қатар, музыка, әдебиет, тарих және қазақтың салт-дәстүрін де қал-қадірімізше білеміз. Сондықтан, айтары бар терең туындыларды дүниеге әкелуге тырысамыз.
«Дүниежарық», «Аққыз» көркем фильм¬дерін түсіргенмін. Бірнеше елге барып, фестивальдерден олжалы оралдық. «Аққыз» фильмін өз қаражатыммен түсіріп шықтым. Киноны көрген шетелдіктер сюжетіне қызығып жатты. Адамзат, қазақ қалай пайда болды? Жер – адам – теңіз: үшеуінің үйлесімі қандай? Аққудың киесін білеміз бе? Кейіпкер қыздың жұдырықтай жүрегінен тазалықты сезінеміз бе? Міне, осы сұрақтарға әр көрермен өзінше жауап тапты.
– Қайбір жылдары Алматыдағы Кино үйі жын-ойнақтың ордасына айналды деп дабыл қағып едіңіздер...
– Иә, Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко Кино үйін былайша айтқанда, түнгі клуб қылып жіберген. Айналасына жеңілтек, ұлтқа жаны ашымайтын космополиттер топтасқан. Қызтекелер киелі шаңырақта ойларына келгенін істеп, сахнада сайран салған. Смағұл Елубай, Сатыпалды Нарымбетов, Ардақ Әмірқұлов, Дәмір Манабай сынды азаматтар болып, бассыздыққа қарсы шыққанымыз рас. Көз жұмып отыра алмадық. 90 жылдары қиын-қыстау кезеңде актерлер, режиссерлер өнерден алыстап, санасын тұрмыс билеп, саудаға, басқа салаға ойысып кетті. Киім сатты, шемішке май сатты. Ал біз болсақ, Қытайдан арзан тауар әкеп, қымбатқа сатып, қыран-топан пайдаға кенелеміз деп, саудаға шақырғанда да киномызды түсіріп жүре бердік. Ресейде әріптестеріміз Қазақстанда қаржы жоқ, режиссерлықты қайтесің дегенде де бұл өнерді тастаған жоқпыз. Ал кезінде түрлі себеппен қашып кеткендер қайта келіп, дым болмағандай жүр. Жай жүрмей, азғындықтың туын көтеріп жүр. Өйткені, саудадан келген серкелер киноны да саудаға салды. Рухани жаңғыру миларына кіріп шықпады. Кино үйін принципсіз адамдардың айналшықтағаны содан. Кино – ұлттың айнасы, идеологиясы. Ал оның төңірегінде сондайлардың жүргеніне қатты қынжылдық. Ақырында Вовнянко кетті, оның орнына бір қазақ азаматы келді. Бірақ одан да қазақ кино өнеріне деген жанашырлықты көріп тұрғанымыз шамалы. Қайта-қайта олармен алыса беруге уақыт жоқ, жұмыс бастан асып жатыр.
– Елімізде деректі фильм жанрына «жан бітті» деп айта аламыз ба?
– Шынын айтсақ, Қазақстанда бұл сала ақсап жатыр, деңгейі тіпті төмен. Бүгінде деректі фильмнің не екенін білмейтіндер осы жанрға «ауыз салып», кеудесін керіп жүр. Шамамен 1995 жылдан бері телеарналар деректі фильм түсіруді үрдіске айналдырды. Аты деректі фильм дегенмен, заты оған мүлдем сәйкес келмейді. Өздері баяндап тұрған құбылысқа, не оқиғаға қатысы жоқ көріністерді көз алдыңнан өткізеді. Сондықтан, сұрықсыз, сапасыз туындылар жарық көруде. Керек десеңіз, тұлғалардың образын суреттеуде жасандылық пен әсіресілтеушілікке жол беріп жатыр. Расын айтсақ, бұл жанр еріккеннің ермегіне айналды. Деректі фильм түсіруді арзан әрі оңай жұмыс көретіндей, сөйтіп, дилетанттар ұпай жинап жүр. Деректі деп аты айтып тұрғандай, мұнда дерек пен дәйек болуы керек. Шынайы құжаттарды сөйлету қажет. Бұдан бөлек, режиссердің негізгі мақсаты – кейіпкердің сыртқы бейнесін сомдап қана қоймай, ішкі жан дүниесін ашу. Біз кәсіби маман ретінде деректі фильмді түсіруге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Тіпті, кейіпкерді немесе оқиғаны зерттеуге жылдар жұмсауымыз мүмкін. Ал қазақы болмысынан алыстап кеткен бәзбіреулер Төле, Қазыбек билер жайлы фильм түсіргісі келеді. Олар кейіпкерінің ішкі руханиятын сезінбейді, содан кейін «жансыз» дүние жасайды. Кинотуындының жаны болмаса, көрерменнің танымдық көкжиегі кеңеймейді, санасына серпіліс әкелмейді. Мінекей, сондай жасандылық адамды рухани күйзеліске ұшыратады. Суицид сияқты індеттерге осындай рухани аш адамдар ғана барады. Ол аз болғандай, қазір халық қайсысы нағыз деректі фильм екенін ажырата алмайтын хәлге жетті. Жасандысы қайсы, шынайы туындысы қайсы, білмейді, тек берілген баянды бойына сіңіріп жатыр. Сондықтан, шын өнерге Алланың аманаты деп қарап, адал болуымыз қажет. Әрбір фильмнің артында халықтың тағдыры тұр.
– Журналистерге берген бір сұхбатыңызда Корея елі қазақтың жыраулық өнеріне қызығушылық таныт¬қанын айтқан едіңіз...
– Корея жақтан ұсыныс болғаны рас. Олар бізбен бірлесіп, жыраулар жайлы фильм түсіргісі келген. Сайып келгенде, әр бастаманы іске асыру қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан, жоба аяқсыз қалды. Сапалы дүние шығару үшін әлбетте қаражат қажет. Тапсырыс бойынша жұмыс істеп келемін.
– Туған жермен байланысты тақырып¬тарды зерттеп-зерделеп, экрандау ойыңызда бар ма?
– Кванттық физиканың заңы бойынша ойыңда іс бар, бірақ онымен айналыспасаң тұралап қалады. Орысша айтқанда, «зависать» етеді. Мен үшін ауыл тақырыбы да сондай. Ойымда жүрген жоспар жетерлік, бірақ... туған жерге бармағаныма жиырма жылдай болыпты, бір-екі күнге келіп-кеткенді есепке алмағанда. Десек те, жерлесім, философ-ғалым Мұстафа Матаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ұстаздық еткен жалықпас» атты деректі фильм түсірдім. «Ұстаздық еткен жалықпас» атты деректі фильмде ғалымның адамдық, ұстаздық болмысы жан-жақты көрсетіледі. Одан кейін Қорқыт ата туралы фильмнің сценариын жаздым. Алайда, қаржылық қиындықтарға байланысты түсірілмей қалды. Сонымен қатар, бұрынғы Әнұранымыздың авторларының бірі ретінде есімі елге таныс тереңөзектік ақын Жадыра Дәрібаеваның балалық шағы, өткені туралы өзі жазған «Мейірімге құштар жүрекпен» кітабы негізінде фильм түсірмекпіз.
Жалпы, дәстүрлі ислам дінін ұстанған, сол сара жолда жанкешті еңбек сіңірген, ұлтты ұйыстырған, руханияты терең әулие, ишан, ахун ата-бабаларымыз жайында фильм түсіргім келеді. Мысалы, менің атам Жетіру әйгілі әулие Ақмырза ишанның шәкірті болған және оның мешіті атама аманат болған. Негізі, адамның ойлағаны түбінде іске асады. Сол уақытты Құдайым көп ұзатпаса екен деймін.
Соңғы кездері Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағытында Елбасының бастамасын іліп әкетіп, қыруар шаруа атқарып жатқанына сыртта жүрген жерлестеріңіз – мына біз қуанамыз. Бәлкім, ол кісінің ойында туған жермен байланысты тақырыпта деректі фильм түсіру жос¬пары бар шығар. Кім біледі, дәм-тұз бұйырса, туған жерге ат ізін салуымыз да мүмкін.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейін киноиндустрия саласына оң өзгерістер енеді деп үміттенесіз бе?
– Шынында, мақала жарияланғанда қуан¬ғандардың бірі мен. Мемлекеттік бағдарлама қабылданған соң, оны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлінетіндігі де белгілі. Соған патриоттық фильмдер түсірілсе, ұлттық идеологияны танытатын, елге рух беретін дүниелер жарыққа шықса нұр үстіне нұр болады. Елбасының тарихи тақырыптарға бойлаңдар дегеніне де біраз жыл өтті емес пе?! Оның үстіне, кино туралы заң да қабылданды. «Астанафильм» құрылады дегенді құлағымыз шалып қалды. Салада соны серпіліс болады деп сенеміз.
Негізінде, рухани жаңғыруды әр ата-ана өз балаларынан бастауы керек. Бұрындары біз жыр-термелерді қызығып, ұйып тың¬дайтынбыз. Қазір интернет шықты да, балалар әлеуметтік желілерге желімдей жабыс¬ты. Таңның атысы, күннің батысы телефонына телміріп отырады да қояды. Онда үйренетін де, үлгі алатын дәнеңе жоқ, керісінше санасын улап жатыр. Желілердегі түрлі бейнелерді көріп, миы мен жүрегін жағымсыз ой билейді. Одан да жырауларды тыңдасын, термелерде айтылған насихат, өнеге сөзді естісін. Әрине, қазір өздігінен жыр-терме тыңдай қоятын бала аз. Бірақ соны тыңдауға мәжбүрлеу керек. Бала жас шыбық сықылды, қалай исең солай өседі. Сыр елі – жыр елі емес пе, айталық, Қазалыға қармақшылық жыршыларды апарып өнерін тамашалатсын. Қазалылық өнерпаздардың өнерін Қармақшы еліне таныстырсын. Әр аудан арасында рухани, мәдени тығыз қарым-қатынас орнауы керек деп ойлаймын.
Рухани жаңғыру демекші, әлемді билеген Македонский Аристотельден, Шыңғысхан Сейтхожадан, Американы тығырықтан шы¬ғарған Рузвельт Джон Кейнстің социалистік идеяларын пайдаланған. II Екатерина Вольтер мен Дидро сияқты француз ағарту өкілдерімен достасып, Ресейді көтерді. Ал бізде рухани құндылық та, кемел тұлғалар да бар. Мұралар молынан сақталған, тарихи сабақтастық үзілмеген. Мәселен, Франция халқы тарихи тамырынан ажырап қалған. Үкіметі болса, жауһар мәдениетін жаңғырту мақсатында жыл сайын қыруар қаржы бөледі екен. Ал біздің елдің өрелі өткені өшкен жоқ, жаңғырып жатыр, жанданып жатыр.
– Жаңабек Ибайраханұлы, «Қазалы» газетінің оқырмандарына және өзіңіздің жерлестеріңізге жаңа жылда қандай тілегіңіз бар?
– Туған жердің түтіні де ыстық. Мен де туған топырағымды сағынамын, әрдайым ондағы халықтың амандығын тілеймін. Елді көркейтемін, өрге сүйреймін деген әрбір азамат аман болсын. Барша шаңыраққа шаттық, қуаныш, бақыт келсін. Ауру-сырқаудан аман болсын. Ал редакция ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Халықты жағымды жаңалық¬тармен қуантуда, ұлттық идеологияны жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз зор. Қаламдарыңыз мұқалмасын, оқырмандарыңыз ортаймасын. Елдің көзі, құлағы һәм тілі болып жүре беріңіздер.
– Мәнді әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.

01 қаңтар 2018 ж. 1 786 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930