Туған топырақ қасиеті
– Қазалы қаласының 150 жылдығы жақсы өтті. Көп адам жиналды. Бұл қала маған ерекше ыстық. Еңбек жолымды осы жерде бастадым. №17 мектепте қарапайым мұғалімдіктен мектеп директорының орынбасарлығына дейін көтерілдім. Қаланың өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше үлес қостық, – деген ол ары қарай негізгі шаруа жайына көшті.
Ағамыз Алматыда тұрып жатқанымен өзінің кіндік қаны тамған Қазалы өңірінен байланысын үзген емес. Ауданда өтетін іргелі іс-шараларға қалай да уақыт тауып, бой көрсетуге тырысады. Кезінде Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Қарасақал Ерімбет, Ғани Мұратбаев сынды біртуар тұлғалардың, сонымен қатар «Асан көтерілісі» құрбандарын еске алу шараларына қатысып, қаржылай көмегін де көрсетті. Ат жарысына бәйге тікті.
– Адам үлкейген сайын туған жерге көңілі бұрады да тұрады екен. Сол себепті де елден шақыру келіп жатса жолға шығуға тырысамын, – дейді Тілекең ішкі сырын ақтарып.
Құдайға шүкір дейік, жақсы мен жайсаңнан кенде емеспіз. Сөз жоқ, жақсылар жайлы сөз болғанда төңірегіндегілердің шапағатына бөле¬ніп жүрген Тілеулес Мәшенбаев ағаны айрықша атар едік. Бұл кісі бұрыннан қызметке, лауазымға қызыққан емес. Тиісті орындар сенім арта ма, сол сенімді ақтауға тырысады. Міндет жүктеле ме, ықтиятты орындайды. Тілекеңнің өз ұстанымы бар. Ол – ең бастысы, арлы азамат болу, дүние-байлыққа қызықпау.
Ағамыз Қызылорда мемлекеттік педагогика институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын өзі туып-өскен Қазалы ауданында, онда да мектептен бастады. Қарапайым мұғалім болды. Жас та болса мектеп директорының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Ары қарайғы қызмет комсомол, партия орындарында жалғасты.
Осыдан ширек ғасыр бұрын Алматыға түпкілікті көшіп келді. Он жыл Алматы теміржол институтында, Көлік және коммуникация академиясында түрлі лауазымды қызмет атқарды. 2001 жылдан – Қазақ мемлекеттік кыздар педагогика университетінде доцент.
Бүкіл ғұмырын тәрбие саласына арнап келе жатқан ұстаз, тәлімгер, педагогика ғылымдарының кандидаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Халықаралық Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі. Омырауын¬да «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі жарқырайды. Педагогика саласы бойынша сегіз әдістемелік құрал, төрт оқулық, 45 ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрді.
Тілекеңнің туып-өскен өңірдің шаруаларына белсене араласатынын жоғарыда атап өттік. Соның тағы бір дәлелі – биыл тұңғыш рет «Қазалы ауданы» энциклопедиясы жарық көрді. Міне, осы құнды еңбектің алқа мүшесі болып, кітаптың сапалы шығуына ақыл-кеңесін берді, ғылыми мақалалар дайындады. Реті келгенде сонау жылдары ауылдық, Қазалы қалалық кеңесіне депутат болғанын да айта кеткеніміз жөн.
Қазақ тарихында XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысының алар орны ерекше. Осы кезде Ресей отаршылдығы мен Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарының озбырлықтарына қарсы көтерілістер болды. Осы көтерілісте атақты Жанқожа батырдың қарулас серігі Ақтан батыр да асқан ерлігімен көзге түсті. Батыр есімі бүкіл қазақ жұртына беймәлімдеу болғанымен, Арал, Қазалы, Шалқар өңірлеріндегі тұрғындар оның есімімен етене таныс. Арал ауданында 2010 жыл «Ақтан батыр жылы» деп белгіленді. Осыған орай аудан көлемінде бабаның ерлігі жыл бойы ұлықталды. Осы жылдың үлкен табыстарының бірі – «Ақша бұлтты Ақтан батыр» атты кітаптың өмірге келуі. Кітап бұрыннан мәлім мәліметтермен шектеліп қалмай, жаңа деректермен толықтырылды. Шығарманың көпшілік қолына тиюіне ұйытқы болған азаматтардың бірі, кітапқа демеушілік көрсеткен Тілеулес Бермаханұлы болатын.
Жүрген ортасында сыйлы, мерейлі екенін жоталы жетпіс жастың белесіне көтерілгенде жүрекжарды лебізін білдірген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, бүгінде ҚР Парламентінің депутаты Динар Нүкетаеваның мына сөзінен де аңғаруға болар еді:
«Ұзақ жылдар білім беру жүйесінде еңбек еткен Сіздің педагогикалық қызметтегі жас мамандарды кәсіби қызметке баулудағы ісіңіз басқаларға үлгі. Ағалық жанашырлықпен, адами ізгілікпен жан-жағына жылуын шашып жүретін өзіңізді ұжымның құрметтісі деп санаймыз. Сонымен қатар жастардың бойында ұлтжандылық, Отанға деген сүйіспеншілік, имандылық пен жауапкершілік сезімдерін қалыптастырып, олардың еңбекқор азамат болып жетілуіне бар күш-жігеріңізді жұмсап жүргендігіңізді білеміз.
Сыр бойына танымал, ел ағасы атанған ұлағатты әкеден үлгі алған перзент ретінде, Сіздің туған жердегі игі шараларға қолдау көрсетуіңіз, ел тұлғалары, батырлар жайлы кітаптарыңыз – кейінгі жас буынға ғана емес, әріптестерге де өнеге. Кәсіби қызметтегі ғылыми, әдістемелік еңбектеріңіз – болашақ мамандар мен мұғалімдер үшін баға жетпес көмекші, білімге жол сілтер ақылшы».
Азаматты жанындағы үлкен-кішінің, дос-жарандардың сүйіс¬пеншілігіне, ыстық ықыласына бөлеп отырған не қасиет, не құдірет? Ең бастысы, ел үшін еңіреп өткен ерлерді санадан өшірмейтіндігі. «Біз өткенді ұмытпауымыз керек. Әсіресе, елдің азаттығы, келешек ұрпақ үшін өмірлерін қиған ардақтыларымызды жастарға үлгі етіп отыру парызымыз», – дейді ардагер аға. Сексен жастың сүрлеуіне беттеп бара жатса да әлі күнге ата-анасын естен шығармай, оларды көпшіліктің қатысуымен еске алып, перзенттік парызын өтеп отыратындығы да бір ғибарат.
Ата-ана дегеннен шығады, Тілеулес ағамыздың әкесі Бермахан Мәшенбаевтың есімі Қазалы төңірегіне жақсы таныс. Ол кісі кезінде Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевпен кездесіп, пікірлес, сыйлас болған. Бермахан әкеміз өз тілегімен Чапаев дивизиясының құрамында болып, ақ гвардияшыларға қарсы күрескен санаулы қазақтардың бірі. І932 жылы Қазалыда ояз тарап, жеке аудан шаңырақ көтергенде аудандық мал шаруашылығы кооперациясын басқарды. «Жаңаталап», Амангелді атындағы колхоздардың басқарма төрағасы болып, колхоз экономикасын нығайтуға көп еңбек сіңірді. Колхоз басқарған жылдары шаң басып жатқан өңірге бұрын-соңды қолға алынбаған жеміс-жидек бағын өсіріп, қала мен ауылды бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етті.
Бермахан Мәшенбаевтың соғыс жылдарындағы бастамалары да көпке үлгі болды. Өзінің жеке табысынан 100 мың сом бөліп, танк жасатады. Кейін Мәшенбаев атында танк жасалғандығы жөнінде Бас қолбасшы И.В.Сталиннен жеделхат келеді. 1943 жылы Қазалыға келген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев көпшілік қатысқан жиын үстінде колхоз төрағасына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын тапсырады. Бұл наградадан басқа Б.Мәшенбаевтың еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталады. Сөйтіп, облыстық деңгейдегі зейнеткерлікке шығып, кейін 1984 жылы дүние салды. Көзінің тірісінде өзі қызмет еткен ауылда көше аты берілді. Туған елі үшін тер төгіп, еңбек еткен мұндай әкені елеусіз қалдыруға бола ма екен? Әкенің мерейтойлары назардан тыс қалған емес. Ауылда арнайы ас беріліп, онда жиналғандар елге қызмет етудің үлгісі ретінде Бермахан әкенің өнегелі өмір жолдары жөнінде әңгіме қозғайды. «Әкем жайлы жылы лебіздерді ес білгеннен естіп келемін. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Мақсатым – әке атына кір келтірмей, адал өмір сүру», – дейді әкені ардақ тұтқан перзент. Осыдан бес жыл бұрын «Асқар тауым. Әке жайлы үзік сыр» деген кітап та шығарды.
Тілеулес ағаның өзін тәрбиелеп, өсірген ата-анасына деген ықылас-пейілі қандай болса, түтін түтетіп отырған шаңырағына деген сүйіспеншілігі де сырт көз сүйсінерлік. Ол – зайыбы пір тұтқан адал жар, балалары, немерелері ардақтап, құрметтеген асқар таудай әке, сүйікті ата. Жұбайы Зылиха – ұстаз, ана. Көп уақыт Қазақ көлік және коммуникация академиясында оқытушылық қызмет жасады. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Зылиха апамыз да ұлағатты ұядан тәрбиеленіп шыққан өнегелі жандардың бірі. Әкесі Оңлыбай Оңғарбаев бар ғұмырын теміржол саласына арнады. Сөйтіп, қажырлы еңбегінің арқасында елімізге танымал, құрметті теміржолшы атанды. Бұл күнде кезінде өзі тұрып, еңбек еткен «Матай» стансасында О.Оңғарбаевтың атымен аталатын көше бар.
Тілеулес аға бір қарағанда қарапайым, кең көрінгенімен, ретті жерінде мінез де таныта біледі. Әділетсіздікке, кеудемсоқтарға жаны қас. Жағымпаздықты, көлгірсуді ұнатпайды. Әлдекім ерсі, ұнамсыз қылық танытса, бет-жүзіне қарамай айтып салады. «Адамның бәрі бірдей. Біреуді біреудің басынуға қақысы жоқ. Өз басым кішіпейілділікті, қарапайымдылықты қадір тұтамын», – дейді ол.
Тілекеңді көреміз де, «адам атты ардақты есімді кір жұқтырмай арқалап жүрген азаматтар аман болғай» дейміз ішімізден.
Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ.