Аяжан Әлімжан: "Заманың түлкі болса, тазы болып шал"
Жаһандық дамудан қалыс қалмаған қазақ жерінде де онлайн сауда дамып, оның ішінде Қытай елінен тікелей тауар алу әрбір азаматқа қол жетімді болып тұр. Бұл өз кезегінде талғамы таудай жандардың қалтасына жеңіл әрі тиімді. Бүгінде алпауыт елмен аталмыш кәсіпті бастап, оның игілігін көріп отырған жандардың бірі – Аяжан Әлімжан. Барша қазалылықтың тапсырысын Қытай елінің ірі кәсіпорын, зауыттарынан тікелей тасып, алғысын алып жүрген кәсіпкермен сұхбаттасудың орайы түскен еді.
– Аяжан, білуімізше арнайы орын ашып, қазалылық тұтынушыларға Қытай елінен түрлі тауарлар алдырып, кәсіп қылып отырсыз. Жалпы бизнестің бұл түріне қалай келдіңіз?
– 2022 жылы декреттік демалысқы шығып, екіншім дүниеге келгенде уақытымның көбі үйде өтті. Бұған дейін қызу жұмысқа үйреніп қалған мен бос отыруымды дұрыс санамадым. Сол уақытта елде Қытаймен бизнес енді аяқ алып келе жатты. Сөйтіп, шетелмен кәсіп қылудың жолдарын, тіпті тиісті мамандардан арнайы курсын да оқыдым. Сондағы мақсат – басқаларға да осы сайтты оқытып, ақша табу болатын. Менің мұғалімдігім, өзгелерге оқып-тоқығанымды түсіндіре алу тәжірибемде болғандықтан қиынға соқпады. Өте көп адамдардан сұраныс болып, 2000-ға жуық жанды оқыттым.
Қытай елінен тауар тасу – белгілі бір сайттан тауарға тапсырыс берген жандардың затын өз қаласына дейін жеткізіп беретін логистикалық компания. Мұны жалпақ жұрт "карго" деп атайды. Бұл бизнеске жолдасым екеуміз келдік. Ал берекелі істі бастауымыздың басты себебі менің шәкірттерімнің заттары қатты кешіге бастады. Бірінікі тіпті елге өтпестен жоғалды. Өзге карголардың олқылықтарын көріп, істі өзіміз қолға алуды жөн санадық. Оның үстіне жұбайым Қытай тілін өте жақсы, еркін меңгерген. Міне, аталмыш кәсіпке осылай келдік.
– Ел аузында Қытай тауарлары "бір реттік, сапасыз" деген сынды сөз көп айтылады. Алынған тауарлар тұрғындар талғамынан толықтай шығады ма?
– Бұған дейін менде солай ойлаушылардан болдым. Себебі бізде арзан Қытайдың сапасыз тауары өте көп. Неге десеңіз, халықтың қалтасы көтермеген соң тиімдісі сол болып тұр. Қытай – өте дамыған, алпауыт ел. Аталмыш елдің тауарының сапасы үшке бөлінеді. Ең төмен сапа, ортаңғы сапа және жоғарғы сапа. Бағасы да соған сәйкес әрине. Сіздің сауалдағы сапасыз тауар осы ең төменгі талғамнан алынған заттар. Халықтың 80 пайызы төмен бағадағы затты іздейді. Бір ескеретін жәйт, мынау базарларда сатылып тұрған Италия, Түрік елінен әкелінген деп жүрген заттың бәрі сол Қытайдан өндіріледі. Яғни, ол өзіңіз түсінгендей жоғарғы сападағы киім-кешек. Қытайда әркім өзіне керек логотипті, бренд аттарын қойып сата береді. Бірақ оның да соған сай бағасы қымбат болады.
– Бұған дейін, басқа да кәсіп түрлерінде тәжірибеңіз болды ма?
– Неге екені белгісіз, бірақ бұған дейін де осы секілді тауарларды сату қолымнан қанша келсе де, мұны жолға қоймаппын. Кәсіпте ерте бастау не кеш бастау деген түсінік жоқ деп білемін. Себебі барлығы сізге берілген несібе-берекеңізге, одан кейін әрине бұл салаға ептілігіңізге қарай болады.
– Онлайн сауданың игілігін көріп жүрген жанның бірісіз. Сіз секілді кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіріп жүргендер қаншама. Бүгін де бизнес-дәрістер жүргізесіз бе?
– Иә, жүргіземін. Қытай сайттарынан тапсырыс беруді ғана емес, сол елдің Иу деген тек қана зауыт фабрикалары бар қалаға барып, ауқымды, ірі саудаға аяқ басу жолдарын да үйретсек деген жоспар бар.
Иу қаласын шағын аудан десек, оның әрбір ауылын фабрикаларға бөліп тастаған. Мәселен, Қазалының өзінде тек шұлық зауыты болса, Абай ауылында ойыншықтар зауыты деген секілді мұнда Иудың әр бұрышында, әртүрлі зауыт көп. Сол зауытты кәсіп бастағысы келіп жүргендер болса, Қытайға барып, келісім шартқа өз қолыңызбен қол қойып, тіпті тереңірек үйреніп, аталмыш зауытты Қазақстаннан ашсаңыз да болады.
Кәсіпкерлікке бет бұрғысы келіп жүрген жандарға айтарым, жоғарыда айтқанымдай жақында жолдасым Қытайға барып, нарықты зерттеп келді. Тіпті Қытайдың қақ төрінен өзіміздің жеке қоймамызды аштық.
Жалпы Қытайға барып, көтерме сауданың дәмін татқысы келетіндерде "Қытайға қалай барамын?", "тіл білмеймін" немесе "зауыттарға қалай шығамын?" деген сынды сан сауал туады. Біле білсеңіз, қытайлық кәсіпкерлер кез келген адамды зауытқа кіргізіп не заттарын оңайлықпен сатпайды. Осы орайда осындай кәсіппен айналысқысы келгендерге жол көрсетіп, басынан аяғына дейін жанында жүріп, зауытқа апарып, жол көрсетіп үйрету жоғарыда айтқандай біздің жоспарда бар.
– Кәнігі сауда мен онлайн кәсіптің айырмашылығы неде деп ойлайсыз? Кәсіпкерлікке бет бұру үшін не істеу керек? Сіздің кеңесіңіз...
– Қазір онлайн сауданың дамыған заманы. "Заманың түлкі болса, тазы болып шал" демей ме қазақ атам, сол заманға сай болмасаң, көптің көлеңкесінде қалып кетесің. Жалпы бұл онлайн сауда шетелде бұрыннан дамып кеткен. Ал бізге сол карантиннің кезінде келді. Қазір жасы да, кәрісі де телефонда отырады. Соның салдарынан сыртқа барып, базар аралап, аяқ талып, уақыт құртқысы келмейді. Оған уақыттары да жоқ. Сондықтан егер сіз саудагер болсаңыз, онлайн түріне де шыққаныңыз дұрыс.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА