Жастар кәсібінің әлеуеті зор
Қазалы ауданы бойынша кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны жыл сайын артуда. Бүгінде бес мыңнан аса түрлі кәсіпті игеріп отырған іскер жан нақты тіркеуде бар. Олар заман талабына сай қай саланы болса да, ұршықша иіріп отыр. Соның арқасында халықтың жағдайы жақсарып, жаңа нысандар ашылуда.
Елмен қатар сондай істің көзін тапқан Серік Нұрлыбекұлы “Лаура” атты фотостудия ашып халыққа қызмет көрсетуге дайын. Ол мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жанның бірі. Нәтижелі еңбек жобасымен 583400 теңге алды. Үкімет қолдауымен берілген қайтарымсыз қаражатқа фотоаппарат, компьютер, принтер мен арнайы қағаз сатып алған. Еңбекке құштар жастың жоспарында шақыру билеті мен түрлі форматтағы дизайн түрін және той табақ әзірлеу қарастырылған. Сонымен қатар фотоға түсіріп, суретті әсемдеп, арнайы қаріппен жазу мен қуанышты отырысты безендіру және тойға арналған құттықтау тақталарын дайындайды.
– “Қазақстан – 2050” стратегиясында кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті қойылған. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық құқықтық нормалардың күшін жою әрі шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс екендігі айтылды. Осыған орай өзіме ыңғайлы істі қолға алуды жөн көрдім. Мұндай шаруаны жалғыз алып жүру әрине қиындық тудырады. Қасыңда көмекші болғаны абзал. Сондықтан отбасылық бизнеске айналдырып, апаммен бірге кәсіппен айналысуға бел будым. Әзірге орталықтан фотостудия жабдықтап, тиісті құжаттарды түгендеудемін. Бұйыртса, жақында қызметімді бастап кетемін, – дейді Серік Нұрлыбекұлы.
Іскер жастың мәлімдеуінше, “Бастау бизнес” оқу курсына онлайн қатысып, біраз қажетті мәліметке қаныққан. Инновациялық технологияларды пайдалану мен іске қосу жолдары, цифрландыру бағдарламасының игілігі жайлы ақпараттармен танысты. Кәсіп ашуда құжаттарды дұрыс рәсімдеп, ұсыну ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар халыққа қызметті өткізу мен тұрақты тұтынушы санын көбейту тәсілдеріне айрықша мән берілген. Осыған орай әлеуметтік желінің тиімділігі көрсетіліп, жарнаманы жүйелі тарату ісі үйретілген. Осы кеңестермен қаруланған жас жігіт алдағы уақытта ісін дамытып, ұлғайтуға құлықты. Мұндай мүмкіндікті ұсынған мемлекетке алғысы шексіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА