Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нұртуған ӨТЕГЕНОВ: Аудан спортын асқақтату – басты миссиямыз

Нұртуған ӨТЕГЕНОВ: Аудан спортын асқақтату – басты миссиямыз

«Қазалы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы бүгінгі күні даңқты додаларда топ жарып, талай саңлақ спортшыларды даярлап шығаруда еселі еңбек етіп келеді. Ертеңіне үлкен үмітпен қарайтын берекелі спорт шаңырағының директоры Нұртуған Өтегеновпен жолығып, жұмыс барысын, алға қойған мақсат-жоспарларын білісіп, сұхбат құрған едік.
– Нұртуған Сәдірханұлы, «Қазалы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің міндеті, мақсаты не? Осы жайында айтып өтсеңіз...
– Ең бірінші Қазалы спорт клубының негізгі мәні мен мақсаты – жас буынды салауатты өмір салтына баулу және дене шынықтыру мен спортты тұрғындар арасында кеңінен тарату, насихаттау болып табылады. Әрине онан соң басты міндетті миссиямыз – аудан спортын асқақтату.
– Қазір спорт клубында қанша жаттықтырушы бар және олар жастарды қандай спорт түріне баулуда?
– Бүгінде Қазалы спорт клубында спорт шебері Пайзулла Набиев, Сәбит Шүленбаев, Жаңабек Нағашыбаев, Рамазан Оразбай, Айдын Серікұлы, Құдайберген Медетов, Дархан Искаков пен Жандосбек Набиев және Мирамбек Қарабалаев сынды білікті тоғыз жаттықтырушы жұмыс жасап жатыр. Олардың әрқайсысы өз спорт түрлеріне орай екі ауысым бойынша барлығы 818 жасөспірім дайындауда.
Үйірме атауларына толыққанды тоқталар болсақ, футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі, дзюдо, таквондо, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ және шахмат түрлері қамтылған.
– Өзіңіз жоғарыда айтқандай негізгі мақсатыңыз аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын ұстанушы жандар қатарын көбейту дедіңіз. Бұл істе қаншалықты нәтиже бар?
– Шыны керек, қазіргі жастар мүлдем бөлек. Ескі, 90-шы жылдары екінің бірі шылым шегіп, шайтансудың жетегінде жүретін. Өйткені ол сол уақыттың өзіндік менталитеті, сәні десек болады. Ал қазір бәрі басқаша. Жастар арасында керісінше, салауатты өмір салтын ұстану, белгілі бір спорт түрімен ұдайы шұғылдану трендке, сәнге айналған. Бұл өз кезегінде қатты қуантады.
Осындай жастарды қолдай отырып, Қазалы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің күнтізбелік жоспарына сәйкес, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жыл басынан бері 45 спорттық іс-шара өткізілді. Тұрғындар арасында түрлі спорттық сайыс, шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Ұлттық спорттың жайы қалай?
– Ұлттық спорт ойындары руханиятымыздың бір тіні тәрізді. Көкпар, аударыспақ, ат бәйгесі десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Өйткені тегімізден тартқан талант – біздің қанымызға сіңген қасиет.
Ауданда ат спорты бойынша соңғы екі жыл ішінде көкпар, аударыспақ және теңге алу жарыстары жие ұйымдастырылып келеді. Алдағы жоспарымызда осы ұлттық құндылығымызды одан әрі дамытуды қолға алу жоспарланып, кезеңдер бойынша жарыстар ұйымдастыруды көздеп отырмыз.
Кентте дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға, оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытушы жасөспірімдер қарасы қалың.
Тіпті спортшыларымыз асық ату, тоғызқұмалақ, қазақша күрес сынды тағы басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиадаларда топ жарып, Халықаралық және Республикалық жарыстарға жолдама алып жүр.
– Өзіңіз басқарып отырған спорт шаңырағының алдағы жоспарымен бөліссеңіз...
– Биыл өткен жылдағыдай, алға қойған мақсат-міндет, жоспарымыз көп. Соның ішінде дене шынықтыру және спортты тұрғындар арасында насихаттауға, болашақ буынды салауатты өмір салтын ұстануға, аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау мен нығайтуға, оларды дене шынықтыру және спортпен белсенді айналысуына қолдау көрсетуге басымдылық берудеміз.
Тағы спорт резервтерін дайындау олардың оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру және споршылардың шеберлігін арттыру мақсатында тұрақты түрде түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізсек дейміз.
Бұдан бөлек, бұқаралық спорттық-салауаттылық және кәсіби-спорттық іс-шараларын ұйымдастырумен қатар спорт саласында ақпараттық, жарнамалық және баспасөз ісін ұйымдастыру жұмыстары бар. Осы жоспарларды өз дәрежесінде, сәтті орындап, аудан тұрғындарын спортқа баулу ісін әлде де шыңдап, қызығушылығын арттырамыз деп сенемін.
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Алақандай ғана ауылдың алатаудай намысын қорғар спортшыларымызға алдағы жаңа белестерді бағындыру жолында сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
26 тамыз 2023 ж. 400 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 70

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930