Ұлттық спортты ұлықтағандар
Қазақша күрес әлемдегі тарихы терең спорт түрлерінің бірі. Онсыз ешбір ұлы тойы мен мерейлі мерекесі өтпеген. Сонау ықылым заманнан бері қазақ білекті азаматтарына қара күштің киесі дарыған жан деп қана қарамай, ұлт қуаттылығын, ел құдыретін танытар өнер иесі деп қадір тұтқан. Бүгінде Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды жауырыны жер иіскемеген, батыр балуандардың ізін жалғап келе жатқан жас-жеткіншектер аз емес. Солардың бірі – Нұртуған Өтегенов бастаған Қазалы спорт клубы, коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанынан құрылған «Қазақша күрес» үйірмесі, деп хабарлайды qazaly.kz.
Аталған үйірме 2014 жылы бастау алған. Содан бері спортсүйер қауым «Қазақша күрестен» аудан абыройын аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда жетістікке жеткізіп жүр.
Қазіргі таңда «Қазақша күрес» үйірмесіне жетекшілік етіп, сондағы жастарды тыңғылықты дайындап жүрген жас жаттықтырушы Жаңабек Нағашыбаев әртүрлі жастағы 30 балуанға ұлттық спортты үйретіп келеді.
– Ұлттық спортты дамытуда барымызды салып келеміз. Қазірдің өзінде үйірмеде екі ауысым бойынша отыз бала дайындап жатырмын. Яғни, аптан+ың 1, 3, 5 және 6 күндері.
Балаларда да бұл спорт түріне қызығушылық басым. Тиісінше, қызығушылық болған жерде жақсы нәтижелер де болады. Үйірмеге қатысушылар облыстық, республикалық турнирлерде белдесіп, бірнеше мәрте жүлдені қанжығалады. Тағы бір айта кететіні, осы уақытқа дейін 8 спортшы қазақ күресіне үміткер атанған және спортшыларымыз жыл сайын облыстық құрамаларданқұр қол қайтпады.
Алдағы уақытта қаншама төгілген тер мен еңбекті еселеу мақсатында бұданда зор жетістіктерге жетуді көздеп отырмыз, – дейді үйірме жетекшісі.
Жаңабайдай балуанның арқасында қазақ күресінің жанкүйерлері мен күш атасы Қажымұқандай білекті балуан болуды армандайтын жастардың қатары ауданда күннен-күнге көбейіп келеді. Өңірде жауырыны жер иіскемеген даңқты, алдыңғы буын балуан ағалардың жеңісті жолдарын бүгінгі таңда талантты жастар лайықты жалғастырып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Боз кілемде белдесіп, ұлттық спортты жандандырып жүрген спортшыларға сәттілік тілейміз.
С. ӘЛИҰЛЫ