Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайыстарға сәйгүліктер баптаған

Сайыстарға сәйгүліктер баптаған

Спортты басты бағытқа алып, абырой биігінен көрінген №17 олимпиа­далық резервтің мамандандырылған бала­лар-жасөспірімдер мектебі ұжымы бүгінгі күні даңқты додаларда топ жарып, көптеген чемпиондарды даярлап шығарды. Бағындырар асулары да аз емес.
Аудандағы жасөспірім балалар аталған мектепті бар ынтасымен жақсы көреді. Себебі олардың армандас достарының барлығы осында, бос уақыттарын жаттықтырумен, жаңа тәсілдерді үйренумен өткізеді. Мектеп әкімшілігі алыс елді мекендердегі спортқа ынтасы бар балалардың да орталыққа келмей-ақ үйірмелерге қатысуларына жағдай жасап қойған. Спорт мектебінің негізгі спорт кеше­нінен бөлек кент орталығында бокс бөлімшесі, Басықара мен Кәукейде грек-рим бөлімшесі, Жалаңтөс батыр ауылында грек-рим және дзюдо, Бекарыстан биде волейбол және Тасарықта қазақ күресі үйірмелері ашылып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда.
Қуанған Суханұлы басшылық ететін спорт мектебінде қазіргі таңда жас ерекшелігі мен спорт түріне байланысты бөлінген 89 топта 1000-нан астам шәкірт тәрбиеленуде. Ауыр атлетика, бокс, грек-рим, дзюдо, еркін күрес, қол добы, таэквандо, футбол, қазақ күресі, волейбол сияқты спорт түрлерінен кәсіби білімдері шыңдалған 28 жаттықтырушы дәріс береді. Оның ішінде жоғарғы санатты, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаевтың да бар екенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек І санатты төрт, ІІ санаттағы екі жаттықтырушы біліктіліктерімен бөлісіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге септіктерін тигізіп жүр. Ағымдағы жылы аталған бапкерлердің еңбегі ақталып, отызға жуық оқушы «ҚР спорт шеберіне» кандидаттық нормативін орындады. Тағы 2 спортшы «ҚР спорт шебері» атанды.
Көреген қазақ «Ұстаздан шәкірт озар жарысқанда» деген ұлағатты сөзді бекер айтпаса керек. Қазіргі күннің өзінде білгір ұстаздар даярлаған шәкірттерден әлемді аузына қаратқан таңдаулы спортшылар шығуда. Олар бағындырған белестерді бір деммен атап шығу мүмкін емес. Мәселен, 2017 жылы грек-рим күресінен кадеттер арасында өткен Азия чемпионатында осы спорт ордасының шәкірті Рахат Сағынбай жеңімпаз атанды. Осы жылы бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде Аида Оңдаш пен Дәметкен Келімбетова ІІІ орынды иемденді. Бұл аз десеңіз, Қарағанды қаласындағы өткен футбол ойынының байрақты бәсекесінде спорт мектебі құрамасы ІІІ орын тұғырынан көрінген. Биылғы жыл да жетістіксіз емес. Бокстан Астана қаласында өткен ел чемпионатында А.Бақытжан бірінші орынды иеленсе, А.Оңдаш екінші орынды місе тұтты. Екеуі де спорт шеберлігінің межесін орындап шықты. Мектеп спортшылары жақында футболдан спорт мектептері арасында өткен жарыста және Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Мекеме басшысы Қуанған Бәкеннің айтуынша ұйымшыл мектеп ұжымында жастарға аға буынды үлгі етіп, рухтарын көтеру мақсатында көптеген турнирлер өткізіледі. Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев пен Қазалы ауданының Құрметті азаматы, КСРО спорт шебері Қуандық Бәкеновты еске алуға арналған сайыстар ұйымдастыру жыл сайынғы үрдіске айналған. Жоспар бойынша болатын жарыстар өз алдына бір төбе.
«Еңбек ерді, ер елді танытады» деген аталы сөз текке айтылмаса керек. Спортшылар мерекесі қарсаңында біліктілігі мен жігерлілігі арқасында елді бүкіл әлемге танытып жүрген жаттықтырушы ұстаздардың еңбегі еленді. Спортты дамытудағы еселі еңбектері үшін бокс бөлімшесінің жаттықтырушысы Жеңіс Боранбай, ауыр атлеттерді даярлаушы Азиз Жақсылық, грек-рим күресінің білгірі Самат Оспанов пен іс қағаздарын жүргізуші Анар Ермағамбетова облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Олармен қатар дзюдо күресінің бапкері Аян Төлеуов пен грек-рим күресінің ұстазы Әмірбек Айнадиновке аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
17 тамыз 2018 ж. 2 290 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 96

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930