Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үрпатша ЫҚЫЛАСҚЫЗЫ: «Көкеме Бас қолбасшының өзі алғыс айтқан»

Үрпатша ЫҚЫЛАСҚЫЗЫ: «Көкеме Бас қолбасшының өзі алғыс айтқан»

Ұлы Отан соғысы жылдарында бес бірдей азаматын майданға аттандырған Талқанбай Үркімбаевтың есімі Қазалы жұртына кеңінен таныс. Ақсақалдың тұңғышы Ықылас алмағайып ашаршылық заманда ауырып, дүние салған. Ал соғысқа аттанған бес ұлдың үшеуінің артынан қаралы қағаз келіп, қарияның қабырғасын қайыстырды. Алайда, елге аман-сау оралған Бақбергені мен Жайбергені Талқанбай атаның алаң көңіліне медеу болды.
Тағдырдың тауқыметін мейілінше тартқан ақсақал балаларынан қалған ұрпақтарын жетімсіретпей, жоқшылықтың дәмін татқызбай өсірді. Солардың бірі қарияның тұңғыш немересі – Ықыласқызы Үрпатша. Әйтеке би кентінде тұратын апаға сәлем бере бардық. 1932 жылы туған тұтас бір заманның тірі куәсімен әңгімелестік, өткеннің тарихы, өмір­дің өнегесі туралы сұраған едік.

– Үрпатша апа, ең әуелі әкеңіз жайлы естеліктерге тоқталсақ...
– 1932 жылы Қазалы ауданы 7-ші ауыл Сталин колхозында дүниеге келгенмін. Бір өкініштісі, мен әкемнің – Ықылас екенін, оның қандай кісі болғанын білмей өстім. Бір жасқа жетпей, яғни тоғыз айлығымда әкеден, үш жаста шешеден айырылдым. Көнекөздер әкемнің колхозда жұмысшылар кооперациясының бастығы болғанын айтады. Естуімше, Қазалыға жиналысқа барып келгеннен кейін көп ұзамай қайтыс болған. Сырқаты әбден ауырласа керек. Мені қайран қалдырғаны – марқұм әкемнің ақтық демі үзілер шақтағы соңғы сөзінде: «Үрпатшамды әкелші, қара табанын маңдайыма басайын», – деп күбір етіпті. Бір жасқа толмаған сәбиінің – мына менің табанымды маңдайына басып: «Айхай!..» – деп мейірленіп, бұйрықты тағдырға риза кейіппен күлімсіреген күйі жүре берген екен.
Жеңгелері әкемді «Барам бала» деп атаған екен. «Барам» сөзінің байыбына бара алмадым. Мәні не, мағынасы қандай түсіне алмадым. Әйтеуір, кемпірлер мені көргенде «жүріс-тұрысы, жауырыны «Барам балаға» тартқан» деп айтып отырушы еді. Соған қарағанда, «әкеме ұқсаған екенмін ғой» деп ойлаймын осы күні. Ал ауылдас ағамыз Өмірзақ Бисенов «әкеңмен құрдас едім» деп айтып қалғаны есімде. 18 жасқа дейін мен көкем (Талқанбай) мен апамнан (Ханым) туғанмын деп ойлап жүрдім, әке-шешемнің фәни дүниелік болғанын білмейтінмін. Үлкендердің ишарасынан менде сұрақ туды. Сөйтіп, дастарқан басында көкем мен апама: «Әке-шешем кім?» деп тосыннан сұрақ қойдым. Екеуі кінәлі адамдай тосылып қалды да көз жастарына ерік беріп, «бұрыннан айтамыз деп жүр едік» деп бәрін егжей-тегжейлі түсіндірді. Тыңдап болып: «Талқанбаева едім, бүгіннен бастап Ықыласова боламын. Ағаларым білмесін, көңіліне келер» дедім де шығып кеттім, төлқұжатымдағы тегімді өзгерттім.
– Әке-шешеден ерте айрылғаныңызбен ата-әжеңіздің арқасында жетімдік азабын көп тартпаған боларсыз?
– Дәл солай, айналайын. Талқанбай көкем мен Ханым әжемнің қолында өстім, тәрбиесін көрдім. Тұла бойы тұңғыштарынан қалған жалғыз тұяқ болғасын ба, әлде алғашқы немересі атанғанын ба, көңіліме көлеңке түсірмеді. Ауыл-аймақтағы ағайын да, жақын-жуық жамиғат та бетіме жел болып тимеді. Әкемнің бес інісі, яғни ағаларым – Жылқыбай, Бақберген, Жайберген, Айберген, Тайберген, мені алақандарына салып аялады. Дегенмен көңілге қаяу саларлығы, пәшистік жау Сәбеттік Одаққа шабуыл жасап, соғыс оты тұтанғанда сол бес ағам да армияға алынды.
– Балалық базарындағы өзіңіздей өренге соғыс қалай әсер етті?
– 1941 жылы соғыс басталғанда бірінші клас­та оқып жүрдім. Зұлымдықтан аман, қиянаттан ада, жүрегі таза бала емеспін пе, тыныштық пен соғыстың айырмасын әлі ажырата білмейтінмін. Айберген ағам армияға аттанғалы жатқанда: «Алақай-алақай, Айберген ағам әскерге кететін болды», – деп айқайлап, асыр салып қуанғаным есімде. Сонда Жылқыбай ағамның әйелі Дәметкен жеңгемнің: «Оның несіне қуанасың?» – деп кейіп тастағаны бар. Сәл кейінірек Жайберген ағам да әскерге кетті. Онда да соғыстың салмағын сезіне қоймадым. 1942 жыл болса керек, Бақберген ағам майданға аттанарда ғана соғыстың салдары сұмдық болатынын білдім. Үлкендердің «Барған адам қайтпайды» дегенін түсінгенде, төбе-құйқам шымырлап кетті. Ағам мінген арбаның артынан қалмай, жанарыма жас толып, ағыл-тегіл шыңғырып жылаған-тұғынмын және өксігім біразға дейін басылмады.
Соғыс басталмас бұрын үш ағам (Жылқыбай, Бақберген, Жайберген) отау тіккен. Қару асынып, жаумен жағаласуға кеткен олардың әйел, бала-шағасы бар. Балалардың ең үлкені мен едім. Сонда бір шаңырақ астында он төрт жан тұрыппыз. Ол заманда енші алу деген болмайтын. Барлығымыз – Талқанбай көкем мен Ханым әжемнің қамқорлы­ғына бөлендік. Тұмсық­тыға шоқ­тыр­майды, қанаттыға қақтыр­майды. Екеуі де таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайды. Еңбекқор, нағыз жер емген адамдар. Ақ жүгері, найман жүгері, тары екті. Бау-бақша өнімдерін де өсірді.
Дүрбелең соғыс кезі, ауылда қалғандар – шал-кемпір, қатын-қалаш және бала-шаға. Бәрі дамыл көрмей ертелі-кеш, кең далада еңбек етті. Мен де бірінші кластан бастап отақ отадым. Өзім қатарлы ойын баласының үйден шығып, жердің басына жеткенше көз жасы тыйылмаушы еді-ау... Адамдардың адалдығын қараңыз, тойып тамақ жемесе де, ашқұрсақ жүрсе де, бір түйір дән алмайтын һәм ұрламайтын. Астықты жиып, Қожабақы совхозына апарып өткізетін.
– Ел ауызындағы әңгімеге сенсек, соғыс жылдарында Талқанбай Үркімбаевқа еңбекқорлығы үшін Сталиннің өзі алғыс білдірген деседі. Осы рас па?
– Рас болғанда қандай! Талқанбай көкем өкіметке 104 пұт астық пен 17 бас мал берді. Ханым әжем майдангерлер үшін тері илеп, тон, қолғап, шұлық тігіп, тапсырды. Көкемнің 104 пұт астық бергені Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің құлағына шалынған. Сөйтіп, ол «Правда» газеті арқылы көкеме алғыс айтқан. Газет соғыста жүрген Бақберген ағамның қолына тиген, кейін оны елге жеткізген. Алайда, бертін келе, басылымның сақтаулы жүрген осы нөмірін жоғалтып алдық. Сталиннің алғысынан кейін іле-шала сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұңғышбай Сегізов те «Большевиктік колхоз үшін» газеті бетінде көкеме алғысын жариялады.
– Отан қорғау жолында кеудесін от пен оққа төсеген ағайынды Талқанбаевтар туралы тарқатып айтып берсеңіз...
– Бақберген мен Жайберген ағам соғыстан аман-есен ортамызға оралды да, қалған үшеуінен «қара қағаз» келді. Айберген мен Тайберген ағам отбасын құрмаған, бозбала шағында шейіт болды. Соғыста мерт болған үлкен ағам Жылқыбайдың да сүйегі бір сайдың саласында қалды-ау. Оның жары Дәметкен Өтеқожаева елге сыйлы болды. Оны совхоздың тұрғындары «Коммунист шешей» дейтін. Шүберектен тіккен қалтасын мойнына асып алып жүретін. Шыншыл, тік мінезді, қайратты және жұмыскер кісі. Ол Қонаевтың тұсында Қазақстан Компартиясының съезіне қатысқан.
Ал елге оралған Бақберген ағам совхоз директорының орынбасары, бригадир болды. Тіпті, сиыр да бақты. Оның өзі бір оқиға. Жайберген ағам гидротехник маман болып жұмыс істейтін. Бір жиналыста аудандық партия комитетінің аппаратында қызмет атқаратын Шамша Мәженов дейтін кісі Жайберген ағаммен сөзге келіп қалады да: «Сен жұмыстан шығасың, енді сиыр бағасың», – деп салқын кейіппен зілдене сөйлейді. Сонда бригадир Бақберген орнынан атып тұрып: «Оқуын жақында ғана бітірген, жұмысқа енді араласып жатыр еді. Оның орнына сиырды мен бағайын», – дейді. Міне сөйтіп, бір күнде бригадир бақташы болып шыға келеді.
Шындығында, соғыста бес рет жараланып, есін жиған Бақберген ағамның совхозда істемеген жұмысы қалмады. Қолынан келмейтіні жоқ. Сондықтан болар, оның кеудесі «Еңбек Қызыл Ту», «Еңбек ардагері» сияқты орден-медальдарға толы болатын.
Қамқоршы ағам маған «Singer» деген тігін машинасын сатып алып бергенде қатты қуандым. Сонымен шалбарларды қысқарттырып, киімдерді жаматтыратын. Оларды жарлы-жақыбайларға, жесір әйелдердің балаларына үлестіріп беретін. Жазда жайлауға, қыста қыстауға қоныс аударарда ең алдымен жетім-жесірлердің үйін жығысып, көшірісетін. Әрдайым айналасындағыларға көмек қолын созуға дайын тұратын.
Көкем мен ағаларымның арқасында туғаннан бері тарлық, кемдік көрмей жадырап жүрдім. Бірін айтып, біріне кетті дей көрме, сөзімнің басында «олар мені алақанына салып, аспандатты» дедім емес пе, шындығында солай. Бақберген ағам мен Жайберген ағамның сәйгүліктері – сұр жорғасы, қара қасқасы болатын. Он жылдықты Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №17 мектепте оқыдым. Сонда өзімен бірге атына мінгестіріп, оқуға апарып тастайтын. Сенбіде алып қайтады. Киімнің де тәуірін кидім.
Теңімді тауып, тұрмысқа шыққаннан кейін де қарындасына деген бауырмалдық жанашырлығын жалғастырып, қамқорлығын тоқтатпады.
– Үрпатша апа, өзіңіздің еңбек жолыңыз жайлы сыр шертсеңіз?
– 1941 жылдан, яғни соғыс басталғаннан аяқталғанша, оның бер жағында 10 сынып бітіргенше Сталин колхозында егіс шаруашылығында жұмыс істедім. Ол шақта балаларға дейін жұмыс­қа жегілетін. Мектептен кейін Ақтөбе педагоги­калық инс­титутында білім алдым. Орайы келгенде айта кетейін, оқуда жүргенде түс көрдім, Ханым әжем ауруханада «Үрпатшам қайда? Үрпатшам қайда?» деп аласұрып жатыр. «Әже, мұндамын ғой» дедім де, жанына жақындадым. «Келдің бе, қалқам? Енді өз қолың өз ауызыңа жетті, енді мен кетемін» деді... Оянып кеттім! Көп түстің бірі шығар деп жорымадым. Сөйтсем, түсім тегін емес екен. Оқуда жүргенде әжемнің демі таусылыпты. Дүниеден өтер алдында «Қыз бала болса да «оқимын» деп, ауылдан жыраққа кетіп еді. Айтпай-ақ қойыңдаршы ештеңе» деген тілегін жеткізген екен. Шеше орнына шеше болған қайран әжем-ай, үзіліп бара жатса да мені есінен шығармады ғой...
Ақтөбедегі оқуымды тәмәмдап, Әйтеке би кентіндегі №420 мектепке жұмысқа орналастым. Тарих пәнінен сабақ бердім. Кейін Бекарыстан би ауылында балабақша меңгерушісі болдым.
– Апа, бейнеттің зейнеті бар емес пе?
– Әлбетте! Зейнетке шыққанша №420 мектепте тарих пәні бойынша мұғалім болып жұмыс істедім. Бір оқушы екі алып қалса, уайым жейтін едік. Үлгерімі жақсарсын деп оны үйге әкеліп, үйрететінмін. Жұмысқа еңбегім сіңгені үшін кеудеме «Еңбек ардагері» медалін құрметпен тақты. Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегіме орай 1948 жылдың 5 сәуірінде СССР Жоғары Советі Президиумының Жарлығымен «Ерен Еңбегі» медалімен марапаттады. Еңбек демалысына шыққаннан кейін Ұлы Отан соғысының 50, 60 және 70 жылдығы медальдарын берді. Соғыс кезіндегі «Ерен Еңбегі» медальмен марапатталғаным үшін соғыс ардагерлері қатарына теңестірілдім. Шүкір! Марапат мақтан емес, еңбектің еленгені деп білемін. Әкім-қаралар мереке сайын құттықтап, сәлем беріп, келіп тұрады. Өркендері өссін!
Марқұм жұбайым Қаражан екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік.
Өміріме ризамын. Қазір халқымыз бейбіт күн кешіп жатыр, Тәуелсіздігі бар, елжанды Елбасы бар. Халық не киемін, не жеймін демейді, қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды. Ата-бабалардың, асыл әжелердің бейнетінің арқасында осындай күнге жетіп отырғанымыз көңілге шуақ ұялатады.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан,
Дәурен СЕЙТЖАНҰЛЫ

10 мамыр 2018 ж. 1 563 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930