Ақындық өнер санаулыларға бұйырған
Әдебиет әлемге ортақ. Қабат-қабат тірлігіне қарамастан өлеңге адалдығын – өмірге адалдық деп түсінген қаламгер қыздардың еңбегі айрықша айтылса артықтық етпейді. Шәмшия Жұбатова да қазақ поэзиясында өз аты, өзіндік қолтаңбасы бар ақындардың бірі. Ол Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі. Жерлесіміз Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Ана тілі» газетінде, «Жалын» альманахында қызмет атқарған. Шығармалары «Бастау», «Балауса», «Жетіген», «Жалын» ұжымдық жинақтарына енген. Осыған дейін онға жуық кітабы жарық көрген. Сыр елінің тумасы, Қазыналы Қазалының төл перзенті, жыр жорғасы Шәмшия Жұбатовамен тілдесудің сәті түсті.
«Ана тілі» газетінде, «Жалын» альманахында қызмет атқарған. Шығармалары «Бастау», «Балауса», «Жетіген», «Жалын» ұжымдық жинақтарына енген. Осыған дейін онға жуық кітабы жарық көрген. Сыр елінің тумасы, Қазыналы Қазалының төл перзенті, жыр жорғасы Шәмшия Жұбатовамен тілдесудің сәті түсті.
– Елге танымал жазушы Шерхан Мұртаза “Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын” дегені бар. Жалпы қаламгер болу бала кезгі арманыңыз ба, журналисттік жолды қалай таңдадыңыз?
– Дәл айттың, журналист болу бала күнгі қиялым. Сол кезде бұл факультетке түсу үшін ерекше іріктеуден өтесің. Журналистика саласы бүкіл Қазақстан бойынша тек КазГу-де ғана бар еді. Өзгелердей мектептен соң журналистикаға түссем деп армандадым. Мектеп қабырғасында жүріп мақала жаздым. Өлең шығардым. Солардың барлығын жинақтап, 1975 жылы аңсаған оқу орныма түстім. Абитуриент кезде белгілі ақын Есенғали Раушановпен таныстым. Марқұммен кешегі күнге дейін бірге аралас-құралас болдық. Сонымен қатар қатарласым Қасымхан Бегмановтармен өлеңді бірге бастадық. Анам айтатын: “Саған журналист болу неге керек? Ол қиынға соғады. Оданда 2 курстық бухгалтерияға түссейші. Өзіңе оңай болады, таза жерде конторда істейсің” деп.
Бірақ тыңдамадым. Қазалыда мектепте жүргенімде Қалжан Нұрмаханов атындағы әдебиет үйірмесі болды. Сол жерде үлкен әдеби мектептен өттік. Ол кезде Молдахмет Қаназ, Рүстем Жанаев, Балтабай Тәжімбетов деген кіл мықтылар арамызда жүрді. Негізі ерте бастан қаламгер ретінде ауылыма танымал болдым. Әкем Нұрсұлтан Жұбатұлының ақындығын көп адам білетін және анама “сенің қызың ақын болады” деп айтатын. Төбесі көкке бір елі жетпей, ол осыны мақтанышпен жеткізу үшін үйге қуанып келетін. Университетке барғаннан кейін әдеби өмірге бет бұрдым. 2-ші курста Фариза апаймен таныстым. Ол маған “Жалын” журналына алғы сөз жазып берген. Менің ақындар арасында танылуым осы алғы сөзден кейін еселеп артты. Осыдан соң күнде әдеби жиын өткізіледі. Онда ортаға шығып өлеңдер оқимыз. Түрлі газет-журналдарға мақала жариялаймыз. Оқу орнын бітіргенше осындай тәжірибеден өттік. Журналист болу адамды білімпаздыққа машықтайды. Бір кішкентай мақала жазу үшін оны жан-жақты зерттеуің керек. Себебі байқаусызда қате шықпау қажет. Шағын болса да мақала әзірлеу үшін көп ақпаратты ақтарып оқитынмын. Ұсынған еңбегіңнен қате кетпес үшін ол материалыма ат үсті қарамай, жауапкершілікпен мән бердім. Бұл болашақта журналист ретінде қалыптасуыма игі әсерін тигізді. Қаламгерлер көп оқып, ізденген жөн. Олар кез келген тақырыпты қаузау қажет. Қазір мұны жастардан байқамаймын. Ылғи асығыс жүреді.
Жалпы кәсіби саламда маңызды мәселерді көтердім. М.Мағауин жайлы зерттедім. Дегенмен журналистикаға қатысы бар кітап жазбадым. Бірақ өлеңдерім басылып, прозалық кітабым шығарылды. Оған өкінішім де жоқ. Өйткені журналист кез келген адам бола алады. Ал ақындық өнер санаулыларға қонады.
– Оқу орнын бітірген кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл кезде әрбір адам жұмыс орнын таңдайды. Өмірден өзіңнің орныңды тапсам деген ой мазалайды. Сол кезде Жұбан Молдағалиев Жастар Одағының төрағасы еді. Мені Алматыға алып қаламын дегенімен ол ойы жүзеге аспады. Себебі талап бойынша бізді алыс аймақтарға қазақ тілінде жазатын мамандар тапшы газеттерге жіберетін. Дегенмен Жұбан ағамыз көп талпынды. Әуелгіде жан-жаққа хабарласты, орталық комитетке де қоңырау шалды. Бірақ одан нәтиже болмады. Бөлініс жасалып қойғандықтан аудандық басылымға баруға тура келді. Сөйтіп журналисттік қадамым аудандық газеттен басталды. Дегенмен әдеби ортаға ерте келгеніммен өте кеш танылдым.
– Кез келгеннің қолы жете бермейтін арман қалада өзіңізді қалыптастырдыңыз. Бірақ неліктен Атырау облысын таңдадыңыз? Білуімше, Новобогат ауданындағы «Нарын таңы» газетінде жұмыс істедіңіз. Бұл қалай өрбіді?
– Ол кезде таңдау берілмейді. Жолдама арқылы шеткейдегі аудан, ауылдарға жіберу қатаң бақыланатын. Орталық комитеттің ықпалымен осы жақ маған бұйырды. Атырау облысына келгеніме өкінбеймін. Мұнда нағыз шынайы достарды кезіктірдім. Өзімді журналист ретінде дамыттым. Күні бүгінге дейін “Нарын таңы” газетінен қол үзген жоқпын. Еңбек жолымдағы алғашқы қадамым құтты болды. Мұнда өнер адамына айрықша құрметпен қарады.
– Орындалмаған арманыңыз бар ма? Алдыңызға қойған түпкілікті мақсатыңыз қандай?
– Пенде болған соң арман таусылмайды, тірлікте қажетті дүниелер көп қой. Мақсаттың барлығы бірден орындалса өмірдің қызығы қалмайтындай, ойда жүрген түпкілікті мүддем бар. Осы 2-3 жылда соны қолға алуды көздеп жүрмін. Тек оны алдын ала айта алмаймын.
– Өмірдегі басты ұстанымыңыз...
– Өмірде де, өнерде де басты ұстанымым – шынайылық. Шыншыл әрі әділетті болу адамдыққа жатады. Өтірік жазылған дүниеңді оқырман түсініп қояды. Кез келген туындыны жүрекпен жеткізу керек. Сондықтан болар шынайылығым үшін мені қай жерде болмасын бірден қабылдайды. Шындықты сүйген адам еш уақытта қапы қалмайды. Барлық мақсатына жетіп, мерейі үстем болады деген пікірдемін.
– Қиындықтар кездесті ме? Қиналған қажыған кезде демеу болған не?
– Қиындықтар өте көп кезікті. Мұндай қиыншылықтан шығармашылығым алып шықты. Достарымды көбейтті. Індет кезінде көптеген жақын адамдарымнан айрылдым. Осы қайғылар қатты қажытқан кезде еңсемді көтерген де осы әдеби кездесу кештер мен жиындар болатын. Сондай басқосулардан қалмай барып келсем көңілім рахаттанып, өзгеріп шыға келетінмін. Өмірге үмітімді арттырған шығармашылықтың сондай құдіреті бар.
– Бүгінгі өнерге деген көзқарасыңыз...
– Өз басым жеке пікір білдірер болсам, өнерге көзқарасым түзу. Бізде дарындылар өте көп. Бірақ қазіргі өнер бір ізге түскен жоқ. Оңы мен солын ажырата алмай әбігерге түскен күйде жолайрықта тұр. Отыз жылға созылған мұздақты өмірден соң қайта бастап кету, қайта өз оқырманын табу шамалы абдыратып тастады. Дегенмен қазір әрқайсысы өзінше қамшы басуда. Үкімет тарапынан қолдау болған сайын ешқайсысы құр қалмауда. Күні кеше Алматыда Әдеби күні өтті. Сонда поэзия жөнінде баяндама жасадым. Әдеби өмірге келген Қасымханның, Зайда Елғондинованың, Есенғали туралы естелік Бауыржан Жақыптың кітапарына пікір айттым. Біздің руханият өміріне қосылған асыл мұра. Кәдімгі қоржын толы қазына екендігін жеткіздім. Жастардың өзіндік орнын айқындап бергендей күй кештім. Қырыққа толған Толқын Қабылша, Ғазиза Әбілда олар жастарға жатпайды. Аға буын өкілінің жаңадан басталған шоғыры деп айттым. Осы жасартып айту дұрыс емес. Тек ғана 20 мен 30 жас аралығындағыларды жастар деуге әбден келеді. Алғашқы кітабы шыққандарды жастарға жатқызамыз. Ал бір-екі кітап жарияланғандарды орта буын өкіліне енген жаңа бір шоғыр деп қабылдау қажет.
Қазіргі өнердің жасайтын істері әлі де көп. Біздің қазақ әдебиеті мен мәдениеті автолитарлық жүйенің әсерінен көп көштен артта қалдық. Жоғалтқан мүмкіндікті бүгінгі білім мен ілімнің арқасында қарыштап дамыған заманауи технология және интернет арқылы қысқа мерзім ішінде орнын толтырамыз ба деген тілеуім бар.
– Жүрек түкпірін өзгеше тербеп шыққан жаныңызға жақын әрі ыстық өлеңіңіз бар ма?
– Ана атанғанда бүкіл адамзатқа ана жүрегімен қарайсың. «Ана жүрек» деген поэмам екі сағатта ұшақпен ұшып бара жатқанымда жазылды. Қызымды ұзатып болған соң достарым шығарып салды. Сол кезде қалай ұшаққа отырдым, солай өлең шыға бастады. Қағаз қаламым ылғи қолымда жүреді. Алматыға жеткен соң компьютермен теріп, Атыраудағы достарыма жібердім. Сөйтсем оны олар аэропортқа іліп қойыпты. Сонда Атыраудан бір топ адамдар келіп мейрамханада атап өткеніміз есімде. Осы құбылыстан кейін бұл туындым өзіме ерекше ыстық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА