Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Салық саласындағы серпіліс

Салық саласындағы серпіліс

– Темірлан Нұрланұлы, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және салық саласының құрылғанына 30-жыл мерей тойы қатар келді. Сөз басында жалпы салық саласы, аудандағы мемлекеттік кіріс органының құрылу тарихы, өткені мен бүгіні туралы айтып өтсеңіз?
– Ең біріншіден, аудан тұрғындарын келген Жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт-несібесін, ырысы мен берекесін ала келсін деп тілеймін!
Тақырыпқа ойысатын болсақ, Кеңес Одағы тұсында, дәлірек айтсақ, 1988 жылы жергілікті қаржы басқармалары мен бөлімдерінің құрамында 3 адамнан кем емес салық инспекциясын құру жайлы КСРО Қаржы министрлігінің бұйрығы шығып, бас салық-ревизоры деген лауазым енгізілген. Беріректе, яғни 1991 жылдың 9 шілдесінде Қазақ КСР-і Президентінің №380 Жарлығымен дербес Мемлекеттік Салық қызметі құрылды. Міне осы кезеңнен бастап Қазалы аудандық салық инспекциясы қызметі бастау алды. Сол кезеңде аудандық салық инспекциясының басшысы қызметін Б.Ақжігіт атқарды.
Алғаш құрылған уақытта басқарманың штаттық саны 14 адамды құраса, кейін 36 адамға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда штат саны оңтайландырылған негізде 12 адамнан тұрады.
Егемендік алып, дербес салық органдары құрылған жылы ауданда заңды тұлғалар саны 255, ал кәсіпкерлер саны 171-ге жетті. Ал 2000 жылдың басында 290-ға жуық мекеме, 900 жеке кәсіпкер болса, қазіргі таңға 603 заңды тұлға, 5137 жеке кәсіпкер тіркелген.
Қазалы ауданы облыстағы басқа аудандардан ерекшелігі жер астынан өндіретін пайдалы қазбалардың, табиғи ресурстардың жоқ болуында. Есесіне қызмет көрсетуші кәсіп түрлеріне бейім болуымен ерекшеленеді. Кей кездері Қазалыны «...екінші Түркістан» деп те атап жатады. Ол сөздің де жаны бар сияқты. Тұрғындарымыз сауда жасау, түрлі қызмет көрсету орындарын ашуда облыста жетекшілік етіп келеді.
– Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі қызметі қазынаны толықтырумен тікелей байланысты. Өткен жылы жұмыс жемісті болды деп айталасыз ба?
– Мемлекеттік кірістер органдарының құзырына жататын бюджеттік түсімдердің барлық деңгейлері бойынша жоспар толық орындалды. Ауданның салық салу базасын ұлғайту, көлеңкелі экономикамен күрес, жасырын бизнес жасаушыларды және салықтандырылмай тұрған салық салу объектілерін әкімшілендіру бойынша салық базасын ұлғайту топтары құрылған еді. Оған жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау органдары жұмылдырылды. Аталған іс-шаралардың да бюджет жоспарын орындауға айтарлықтай көмегі тиді. Жалпы 2021 жылы мемлекеттік бюджет жоспары 102,4 процентке орындалса аудандық бюджет жоспары 106,6-ға жетті. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда аудандық бюджетке 115,8 млн. теңге артық түсім түсірдік.

– Өз сөзіңізде көлеңкелі экономикамен күрес туралы айтып кеттіңіз? Осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік кірістер органына тіркелместен, рұқсатсыз, хабарлама жіберместен кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу – Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің талаптарына сәйкес кәсіпкерлік қызмет көрсету құралы немесе заттары тәркілене отырып немесе онсыз 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы орайда, тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы Президент Жарлығының талаптарын сақтай отырып, тиісті жұмыстар жүргізілген болатын. Тексеру барысында 2021 жыл көлемінде 20 азамат анықталып, әкімшілік хаттама рәсімделіп, тиісті іс-құжаттары сотқа жолданды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Қоғамдық бақылау – түбіртек талап ет» пилоттық жобасы жұмыс жасап тұр. Жоба бойынша тұтынушылар кез келген қызметті немесе тауарды сатып алу кезінде түбіртек талап етіп, қызмет көрсетуші түбіртек бермесе, бейнеайғағы болса, «Wipon Cashback» мобильді қосымшасына жүктеу арқылы электронды шағым қалдыра алады. Шағым мемлекеттік кірістер органымен расталған жағдайда қызмет берушіні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің талаптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соғады. Тиісінше әрбір расталған шағым бойынша шағымданушыға 1000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Барлық ақпарат анонимді түрде жүргізіліп, салық құпиясы ретінде сақталады. Аудан тұрғындары аталған акцияға қатысуда белсенділік танытты. Себебі, дәл осы жағдаймен жыл көлемінде 95 шағым түсіп, қызмет берушілердің әкімшілік жауапкершілігі қаралды.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша және мемлекеттік кірістер органдарындағы цифрландыру бағытында атқарылған істер туралы не айтасыз?
– Басқарманың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеу, сапалы әрі мерзімінде орындау. Сонымен қатар, басқарма қызметті электронды түрде көрсетіп, салық төлеушілермен қашықтан байланыс орнатуға бейімделген.Өткен жылдың 12 айында басқарма 33 234 қызмет көрсетсе, оның 88-і ғана қағаз жүзінде жүзеге асырылды. Яғни, қызметтің 99,7 пайызы электронды форматта көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына, стандарттары мен регламенттерінің сақталуына қатысты бірнеше рет тиісті орган тарапынан және қоғамдық ұйымдардан, мониторингтік топтар тарапынан бақылау шаралары өткізіліп, ешқандай ауытқушылықтар анықталған жоқ.
Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан салықтық әкімшілендіруді цифрландыру шеңберінде бірқатар пилоттық жоба енгізілді. Атап айтар болсақ, «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің «Виртуалды қойма» модулі арқылы дәрілік заттарды өткізу, алкоголь өнімін өткізушілермен есепке алу-бақылау маркаларының сканерден өткізілуі және темекі өнімдерін таңбалаудың markirovka.kz сайты арқылы жүргізілуі деген секілді жұмыстарды енгізуде Басқарма жаңашылдықтар мен өзгерістерге тез бейімделгіштігін көрсете білді. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдарындағы цифрландырудың ең үлкен жетістігі ретінде «e-Salyq Azamat», «e-Salyq Business» мобильді қосымшаларының іске қосылуын айтқым келеді. Аталған мобилді қосымшалар салық төлеушілер үшін тиімді және  кез келген азамат үшін қолжетімді. Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер салық міндеттемелерін үйден шықпай-ақ, кез-келген алыс ауылда тұратын азамат аудан орталығына бармай-ақ жеке ұялы телефонындағы «App Store» немесе «Play Market»-тен жүктеу арқылы оңай және жылдам мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.
Кәсіпкерлерден бөлек жеке тұлғалар да міндетті салық төлейді. Қазалылықтардың бұған көзқарасы қалай?
Өткен жылдармен салыстырғанда бұл салада көптеген жетістікке қол жеткіздік. Барлық кент, қала және ауылдық округтерде бюджеттің 4-ші деңгейі бойынша жеке тұлғалар төлейтін мүлік, жер және көлік салықтарының жоспары толық орындалды. Көлік салығынан жалтару фактілерінің алдын-алу жұмыстары да қарқынды жүргізілді деуге негіз бар. Өткен жылдардан қалған берешекті өндіру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен рейд жүрді. Нәтижесінде 2021 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда қордаланған берешек көлемі 2,6 есеге қысқарды. Жеке тұлғалардың мүлік, жер салықтары бойынша бүгінгі күнге берешек жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қандай шара қабылдап жатсыздар?
–Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Осыған байланысты Басқармада жыл көлемінде атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол бойынша бірқатар жұмыстар жасалды. Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарынан түсіндірме жүргізгеннен бөлек, өткен жылдың 12 айында «Qogam TV» телеарнасында бейнероликтер көрермен назарына ұсындық. Сонымен қатар, 15 дөңгелек үстел, 5 брифинг, 7 семинар-кеңес өткіздік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары апта сайын аппарат мәжілісінде күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде қаралып, қызметкерлермен бірге талқылануда. Бұдан бөлек, айына кемінде бір рет қызметкерлермен осы бағытта жиналыс өткіземін. Жиналыс соңында әрбір қызметкермен жеке-жеке әңгімелесуді жолға қойдым. Бұл шаруа мұнымен тоқтамайды. Керісінше сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерін жетілдіріліп, әрі қарай дамуына күш салатын боламыз.
– Өткен жыл Басқарма үшін жемісті жыл болды деуге болатын шығар. Оған негіз жақында Басқарманың бірқатар қызметкері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30-жыл мерекелік медалімен, оған қоса Қаржы саласының құрылғанына 100-жыл мерекелік медалімен марапатталған сәтінің куәсі болдық. Осы жетістіктер жайында бірер сөз...
Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Дегенмен, тек менің немесе жекелеген қызметкерлердің жетістігі деуден аулақпын. Бұл кірістер басқармасы ұжымы мен жалпы ауданымыздағы қаржы саласының жетістігі деп  айтуға болады. Себебі, ауданның қаржы саласында қажырлы еңбек етіп, қазынаны толтыруға, оның жүйелі игерілуіне жалпы фискалды жүйедегі атқарылып жатқан жұмыстарға берілген оң баға деп білемін. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қыруар шаруа атқарылып жатыр. Осының барлығы жұмыла жасалған жұмыстардың жемісі екені анық.
 
Әңгімелескен
Р.ӘБДІҚАЛЫҚ
13 қаңтар 2022 ж. 837 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930