Салық жүйесі цифрлануда
Цифрландыру уақыт талабы. Осы ретте, салық салу саласындағы цифрландыру жұмыстарының жүзеге асырылуы жөнінде Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қожаназаров Темірлан Нұрланұлымен брифинг өтті.
«Цифрлық технологиялардың бизнес процестерге интеграциялануы Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуі үшін және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды. Бұл ретте, Мемлекеттік кірістер комитеті көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында электронды түрде көрсетуге шешуші қадамдар жасауда.
Ол «Салық төлеуші кабинеті» ақпараттық жүйесі арқылы салық есептілігін тапсыру, уақытын ұзарту, қызметті уақытша тоқтату, кәсіпкерлікті жабу, жеке шоттардан үзінді алу, қаржы қайтару, тағы басқалай бірқатар қызметтерді интернет желісіне қолжетімді кез келген нүктеден алу мүмкіндігін ұсынумен қатар, тұтынушыға қашықтықтан қызмет алуды тұрақты насихаттап келеді.
Мәселен, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында басқармамен 13 274 қызмет көрсетілсе, оның 98-і ғана жеткізгіш немесе пошта желісі арқылы көрсетілген. Қалған 13 176 қызмет немесе 99,3 пайызы электронды түрде көрсетілген», - деді Темірлан Нұрланұлы.
"ҚАЗАЛЫ"ақпарат