Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – балық шаруашылығын дамыту

Басты мақсат – балық шаруашылығын дамыту

Айдынды Арал ауданында жақсы дамыған кәсіптің бір түрі – балық шаруашылығы десек қателеспейміз. Бұл кәсіппен ертеден айналысатын ағайындар балықты аулап қана қоймай, оларды көбейту жолын да ұмытпаған. Бұл сөзімізге «Қамыстыбас балық питомнигі» анық дәлел бола алады.
Мереке қарсаңында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев көршілес Арал ауданында арнайы іссапармен барып, балық шабақтарын өсіру шаруашылығымен айналысатын мекемелердің жұмысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Қосжар ауылындағы «Қамыстыбас балық питомнигіне» барды. Ол жерде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев көршілес аудандағы балық шаруашылығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Ал, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК директорының орынбасары Айдос Есепбаев 1966 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекемеде балықтың 3 түрі өсірілетін жеткізді.
Қазіргі таңда мұнда ақ амур, дөңмаңдай және сазанның (карп) 15 млнға жуық шабағы өсірілуде. Аталмыш питомник Қызылорда облысы аймағындағы мемлекеттік тапсырыспен Арал өңірінің, Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерді балықтандыру мәселесімен айналысып келе жатқан мекеме.
Аудан басшысы келесі кезекте ат басын тіреген нысан Ақшатау ауылындағы балық өсіретін инкубациялық цех болды. Өткен жылы пайдалануға берілген цехты қазалылық кәсіпкер Төребек Игіліков Арал ауданындағы серіктестерімен бірігіп ашқан.
Төребек Игіліковтың айтуынша, жалпы құны 40 млн теңге болатын цех ғаламдық экологиялық қордың қаржылай қолдауымен салынған. Жобаны жүзеге асыру үшін 11 млн қайтарымсыз грантқа да қол жеткізген.
Бүгінде балық өсіретін инкубациялық цехта көксерке, сазан, дөңмаңдай және ақ амур шабақтары өсіріліп жатыр. Заманауи құрал-жабдықтар Ресейден сатып алынған Балық уылдырығынан алынған дернәсілдер теңіздің Арал және Қазалы аумағындағы айдындарына жіберілетін болады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
09 мамыр 2021 ж. 6 547 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031