Судағы балық қырылмауы тиіс
Балық шаруашылығы дүние жүзінде халықты азық-түліктің құнды өнімдерімен қамтамасыз ететін, шаруашылықтың белгілі бір маңызды саласы болып саналады.
Облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары және ондағы балық қорлары табиғаттың бізге берген үлкен сыйы деп толық айтуға болады.
Сондықтан да, табиғат заңдарын игеріп, экологиялық тәртіпті және табиғи тепе-теңдікті сақтап отыру басты міндетіміз.
Қоршаған ортадағы кез келген өзгеріс жануарлар дүниесінің әр түрлілігі мен жиынтығының өзгеруіне әкеп соқтырады. Сондай-ақ, жануарлар дүниесін тиімсіз пайдалану және заңсыз балық аулаумен антропогендік іс-әрекет салдарынан балықтардың кейбір түрлерінің азаюы немесе мүлдем жойылып кетуіне алып келеді.
Сонымен бірге, қолайсыз қыс мезгілінде балық шаруашылығы су айдындарында мұз қалың қатып, оттегі жетіспеуі салдарынан балықтардың жаппай қырылу жағдайлары орын алады.
Бұндай жағдайда судағы оттегіні тұрақты ұстап тұруы үшін су айдындарында мұз шұңқырларын бұрғылау және мұз ойықтарын ою жұмыстарын атқаруды қажет етеді.
2021 жылдың алғашқы қыс айларында облыс көлемінде балықтар мен басқа су жануарларының жаппай қырылуының алдын алу шарасы ретінде581 дана мұзойықтар ою мен 354 дана қамыс салу жұмыстары су айдындарында жүргізілген.
Айта кеткен жөн, осы аталған жұмыстар бекітілген су айдындарының табиғат пайдаланушылары және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен атқарылды.
Қорыта айтқанда, бұл шараны су айдындарындағы мұз еріген кезеңге дейін тұрақты жүргізіп отыру, онда тіршілік ететін балық қорын сақтау үшін атқарылуға тиісті жұмыстар деп санаймыз.