Жалғас Сүйеубаев, аудан әкімінің орынбасары: “Сын сағатта сақ болуға шақырамын”
Індет өршіген сәтте билік тізгінін ұстағандардың арқалаған жүгі ауырлағаны сөзсіз. Былтыр коронавирус инфекциясы ауданға жеткенде оған қарсы іс-қимыл тәжірибесінің жоқтығы анық байқалды. Сонда да жұдырықтай жұмыла білген аудан атқамінерлері жағдайды бақылауға алып үлгерді. Індеттің биылғы толқыны да селқостықты көтермейтіні белгілі. Көңілге демеуі – былтырғы адам шығынымен қымбатқа түскен тәжірибе ғана. Соның арқасында күн санап өршіген аурудың беті қайтады деген үміт басым. Жақында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевқа жолығып, осы бағыттағы жұмыс қарқынынан хабар алған едік.
– Жалғас Оңғарұлы, қазіргі таңда жиын мен тойға, ас беруге шектеу шаралары енгізілгенін жақсы білесіз. Дей тұрғанмен тәртіпке бағынбай, жүз адамның басын қосып, індеттің өршуін арттырғандар да жоқ емес. Жалпы рейдтік тексерудің барысы қалай?
– Аудандағы эпидемиялық ахуалға байланысты наурыз айынан бастап сақтық шаралары күшейді. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың өкімімен төрт мониторингтік топ құрылып, қазір тексерушілер тобы жиырма төртке жетті. Бұлар он тоғыз ауылдық округ пен қала, кенттегі жұртшылықтың қауіпсіздігі үшін уақытпен санаспай, түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Әзірге той-томалақты тыю мүмкін болмай отыр. Мұның бәрін түсінуге болады. Қанымыз қазақ болған соң той – қазынамыз дейміз. Ата-ана баласының отау тіккен маңызды сәтіне туған-туыс, дос-жаран куә болып, тілектес болғанын қалайды. Есте қаларлық той өткізгісі келеді. Басқа жағдайда тағдыр жазуымен жақындары дүние салып жатыр. Оған көңіл айтып баратын ағайынның да қарасы қалың болады. Ақтық сапарға шығарып салу да ұлтымыздың үлгілі істерінің бірі. Дегенмен дәл қазіргі сәтте, мүмкіндік болса, мұның бәрін кейінге шегеріп, елдегі ахуалды бақылауда ұстағанымыз жөн. Тойға барып, індет жұқтырғанды немесе аста ауырып қайтқанды кім қалайды дейсіз? Бірақ вирус біздің қалауымызға қарап тұрған жоқ.
Мониторингтік топпен осындай орындарға барып, тоқтатуды сұрасақ, түсіністік танытудың орнына ренжіп жатады. Бізбен бірге полиция бөлімінің қызметкерлері барып, айыппұл қағазын толтырып жүр. Жасыратыны жоқ, соңғы он күннің ішінде жұмыс қарқынын күшейттік. Түске жақын және кешкілік мейрамхана мен кафелерді аралаймыз. Қоғамдық көліктердегі сақтық шараларын қадағалаймыз. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері жиын көбейетіні белгілі. Мәселен, сәуірдің 13 мен 16 аралығында 39 нысанды араладық. Карантин талаптарын бұзған мейрамхана мен екі бірдей азаматқа акт толтырып, тиісті салаға жолдадық. Кәсіп иесі 300 мың теңгеден астам айыппұл төлейтін болса, жеке тұлғалар 44 мың теңгеге жазаланды. Ал жыл басынан бері 21 адамға 2 миллион 494 мың теңгеге акт толтырылды.
– Ас беруге байланысты көпшілік арасында екіұдай түсінік қалыптасты. Бірі адам санын шектеумен рұқсат етілгенін алға тартса, екінші бөлігі мүлдем тыйым салынғанын айтады. Мұндай шараға рұқсат бар ма?
– Өткен аптада облыстық мемлекеттік Бас санитардың қаулысы шыққаны белгілі. Онда 50 адамға дейін үй жағдайында ас беруге кеңшілік жасалды. Бірақ дәл қазіргі жағдайды есепке алып, ас беруден басқа спорттық шараларды ұйымдастыру, концерт пен кинотеатр сияқты көпшілік жиындарға толықтай тыйым салынды. Сол сияқты Рамазан айында ауызашар беруге, жамағаттың мешітке жиналуына жол берілмейді. Мұны жұрт естен шығармағаны дұрыс.
– Әлеуметтік желіде сізді халық арасында, базар мен қоғамдық көлікте жүрген суреттеріңізді байқап жүрміз. Бұл иммидждік жұмыс па?
– Соңғы екі аптада Қазалыдағы эпидахуал тіптен күрделеніп кетті. Күн санап ауру жұқтырғандар саны артуда. Бұған қоғамдық көліктердегі, базар ішіндегі сақтық шараларының сақталмауы да әсер етіп отырғаны анық. Оларға індеттің салғырттықты көтермейтінін, соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін екенін түсіндіру мақсатында қоғамдық көліктерге жиі мініп тұратыным рас. Мәселен, бірер күн бұрын Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті арасына қатынайтын маршрутқа отырдым. Өкініштісі, көпшілік «маған бәрібір» деген көзқарастан алыстамаған. Бетперде тағу мәселесіне де бейжай қарайтындар бар. Маска тағуды сұрасақ, үйде ұмытқанын, ауа жұту қиындайтынын айтады. Бірақ қазалылықтардың басым бөлігі бір-бірімен жақын қарым-қатынастың қауіпті екенін ұққанын байқадым.
– Көпшілік қоғамдық көліктердің кешігуіне реніш білдіріп жатады. Бұған не айтасыз?
– Негізі қала ішіндегі маршруттардың уақыт интервалы болады. Олардың арасындағы алшақтық шегін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі кәсіпкерлермен бірлесе бекітетінін білеміз. Тұрғындар тарапынан да осы мәселе жиі көтерілетінінен хабардармын. Аялдамада қоғамдық көлік келгенше жиырма минут күттім. Менің ойымша бұл тым ұзақ. Сол себепті тиісті сала үйлестірушісіне хабарласып, уақыт интервалын ретке келтіріп, жағдайды бақылауына алуын тапсырдым. Алдағы уақытта аталған мәселе жайындағы сұрақтар шешім табуы тиіс.
– Ауданда коронавирусқа қарсы вакцина егу ісі қалай жүріп жатыр? Залалсыздандыру жұмыстары ше?
– Бұған дейін ауданаралық аурухана қызметкерлері, яғни ақхалаттылар ең алдымен екпе алды. Жақында індеттің алдын алудағы игі істе ұстаздар төбе көрсеткені белгілі. Олармен бірге полицейлер де екпеге ерікті түрде барды. Қазір аталған сала мамандарымен қатар мемлекеттік қызметкерлер де вакцина салдыра бастады. Дегенмен бүгінде осында жеткізілген 900 доза тауысылып, келесі тапсырысты күтіп отырмыз. Ол жеткізілген бойда, алдымен мұғалімдердің сұранысын қанағаттандыру көзделген. Неге десеңіз, өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған ұстаздар балалармен ең көп қатынасқа түсетін маман иесі. Ал олар індеттің таралуын барынша тоқтатуға біркісідей атсалысудан бас тартпайды деп сенемін.
Қазалы қаласындағы балабақшадан ауру жұқтырған балақайлар анықталған бойда бюджеттен қаржы бөлдіріп, дезинфекция жасадық. Жалпы 2021 жылға төтенше жағдайлардың алдын алуға 46 миллион 975 мың теңге бағытталған еді. Оның 1 миллион 300 мың теңгесіне залалсыздандыруды жүргізетін мекемелермен келісімшартқа отырдық. Олар аталған шараларды жүйелі жүргізіп келеді. Жоспарға кент пен қаладағы сегіз нысан кіріктірілген. Өткен жылы көшелер мен мекемелерді залалсыздандыру ковидтің таралуын айтарлықтай тежегенін көрдіңіздер. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар да жалғасын табады.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде мекеме қызметкерлері 80 проценттік онлайн форматқа ауысты. Бұл айналып келіп, арақашықтықты сақтау, көпшілік орындарға бармау мәселесіне келіп тіреледі. Тұрғындардың амандығы, олардың отбасы мүшелерін індеттен қолдан келгенше қашықтату бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Сондықтан барша Қазалы жұртын сын сағатта сақ болуға, мақсатты істе жұдырықтай жұмылуға шақырамын.
– Сүбелі сұқбат үшін ришалығымды білдіремін!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ