Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Эрхард Граф: Германияда бәрі теледидардағыдай емес

Эрхард Граф: Германияда бәрі теледидардағыдай емес

Аудан көлемінде кәсіпкерлердің өз ісін бастауына, кәсібін кеңейтуіне жан-жақты жағдай жасалып жатқанын бұрыннан айтып жүрміз. Қазіргі таңда Эрхард Граф Германияның Франкфурт қаласынан жергілікті кәсіпкер Алтын Құрақбаеваның "Алтын Орда" қонақүйіне келіп, кафе аспаздарына тренинг өткізіп жүргені де мемлекеттің өзге елдермен тиімді келіссөздерінің нәтижесі екені анық. Шетелдік аспаз халықаралық "SES" компаниясының қызметкері. Басты мақсат аталған саланың елде кең етек жаюына жағдай жасау мен әлемдік стандартқа ұмтылу екенін айтпасақ та болады. Қазалылық кәсіпкер аталған компания өкілдерін 8 наурыз мерекесі қарсаңында өткен кәсіпкер әйелдер форумында кездестірген. Осы сәтте шет тілін жетік білетін Алтын Құрақбаева осында тәжірибелі аспаз алдырып, 40 адамға арналған кафе бизнесін дамытуды ойлайды. "SES"-тің елдегі өкілдеріне сұраныс беріп, осы азаматты жақында ұшақтан күтіп алған. Ал ол бір апта уақытын сорпа, екінші тағам жасауды үйретуге арнаса, сондай-ақ мамандарға кондитерлік өнімдер мен балмұздақ даярлаудың қыр-сырын меңгертпек. Бүгінде тұтынушыларды қабылдауды бастап кеткен кафеге арнайы барып, шетелдік аспазбен әңгіме өрбіткен едік.
– Эрхард Граф мырза, Қазалыға қош келдіңіз! Елге сапарыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Мен – зейнеткер аспазбын. 3 жылдан бері "SES" компаниясында жұмыс істеймін. Бұл ұйым белгілі бір салада орасан тәжірибемен зейнетке шыққан азаматтардың басқа елдерге сапарлауына жағдай жасайды. Сонымен қатар бар білгенімізді кәсібін жаңа бастап жатқан тұлғаларға үйретеміз. Компания 12 мың қарттың зейнеттегі демалысын тиімді өткізуге жағдай жасап отыр. Осы уақытқа дейін Батыс Африка, Больгария, Мадагаскар сияқты бірнеше елде болдым. Өзім ағылшын, италиян және французша сөйлей алсам да сапар барысында жергілікті халықпен тіл жағынан түсінісе алмау көп қиындық тудырады. Алайда бұрын көрмеген елдердің тілі, діні, мәдениетімен танысу рухани тұрғыда байытатындықтан кедергілерді еңсеруге тырысамын.
– Қазақ еліне, Қазалыға саяхатыңыз сізге қандай әсер берді?
– Қандай мемлекетке барсам да әрқайсысының өзіне тән ерекшелегі барын оңай байқаймын. Бірақ жақсы немесе жаман деп пікір білдіру қиынға соғады. Дей тұрғанмен мұндағы жастардың шет тілін білмеуі мені таң қалдырғаны рас. Қонақүйдің алдына шығып, жүргіншілерден бір нәрсе сұрасам көпшілігі түк түсінбей тұрады. Күлкілі болса да айтайын, Германияда кез келген ғимараттан немесе дүкен маңдайшасынан ағылшын тіліндегі атауды оқи аласыз. Бұл туристер үшін де, жергілікті тұрғындардың шет тілін меңгеруіне де айтарлықтай көмегін тигізеді. Өз елімде жүріп, Қазақстанда ағылшын тілін бәрі біледі деп ойлаушы едім. Мүмкін Қазалы кішкентай қалашық болғасын мұнда қажеттілік жоқ шығар. Жалпы айтқанда, бұл жерде маған ұнамайтын дүниелер орын алған жоқ.
– Герман мемлекеті басқа елдерге қарағанда даму жағынан көші ілгері екенін білеміз. Өз Отаныңыз туралы не айтасыз?
– 5 мәрте Мадагаскарға жолым түсті. Ондағы тұрғындардың жағдайы адам аярлықтай. Балалардың жалаң аяқ жүргенін көріп, жүрегің ауырады. Бұндайды өмірімде бірінші рет көрдім. Кедейшілікпен тағдыры таңбаланған өскіндерге қолдан келген көмегімді бердім. Бірақ олардың барлығына бірдей қуаныш сыйлау мүмкін болмады. Бұдан кейін өз өмірімнің адам қызығарлықтай екенін түсіндім.
Ал Германия жайында керісінше ойлауларыңыз мүмкін. Бірақ сіздер күнделікті теледидардан көріп жүргендей Германияда бәрі керемет емес. Ең басты мәселе – қымбатшылық. Ішіп-жемегеннің өзінде тұрғын үйге төленетін ақы мен коммуналдық төлемдерге бір адамның айлығы жетпейді. Сондықтан онда жұмыс істемейтін адам жоқ деуге болады. Әйелі мен ері бірлесіп, бірнеше жерде жұмыс істейді. Бұл германдықтардың өмір салтына айналып кетті десем қате айтқандық болмас.
– Кафе аспаздарына не үйрететін ойыңыз бар?
– Ең бірінші – аспаздық өнердің қыр-сырына қызығушыларды қанағаттандыру. Алайда герман асханасының тағамдарын үйретпейтінім анық. Себебі Германияда нан өнімінің 500-600 түрі бар. Бұдан бөлек немістердің 80 проценті шошқа етін тұтынады. Мұнда білуімше, доңыз етіне деген сұраныс жоқтың қасы. Сондықтан сіздің жерлестеріңізге континенталды, яғни еуропалық тағамдарды даярлау жолын меңгертсем деймін. Онда да элиталық тағамдар емес, тез даярланатын, жеңіл қортылатын ас мәзірін жоғарғы деңгейде пісіруді көрсетемін. Бұл сапардың кемшіл тұсы да бар. Өзге елдерге барғанда 5-6 апта курс жүргізетін болсам, мұнда 3 апта ғана уақытым бар екен. Демек осы уақыт аралығында үйренушілер менің қалай ас даярлайтынымды ғана көре алады. Ал мен өз еліме кеткеннен кейін тәжірибе жүзінде өздері жасап көрмегендіктен істі әрі қарай алып кете ала ма деген алаңдаушылық бар.
– Қазақтың ұлттық тағамынан дәм таттыңыз ба?
– Ия, бұрындары қазақ елінің қонақжайлығы жайында көп еститінмін. Ұшақтан түскеннен кейін күтіп алушылардың бірінің баласының туған күніне бардым. Дастарқанға ет пен қамырдан жасалған тағам қойды. Дәмі тіл үйіреді. Маған ұнады. Бірақ немістерде ұлттық тағам бар деп айта алмаймын. Әңгіме барысында айтқанымдай бізде тағам түрі көп болғандықтан сіздердің бешбармақтарыңыздай бірегей тамақ белгіленбеген.
– Жергілікті мейрамханаларда болғаныңыз туралы естідік. Қызмет көрсету сапасы мен тағамдар жайында қандай пікірдесіз? Айтар кеңесіңіз бар ма?
– Әр ұлттың менталитетіне байланысты бір-біріне деген қарым-қатынасы да бөлек болады. Мен оны анық аңғардым. Көзге оғаш көрінетін жайттарды көрдім деп айта алмаймын. Немістер доңыз етін көп тұтынатындықтан асқазанға ауыр тиеді. Сол сияқты мұнда да ет өнімін көп тұтынатынын екі ұлттың ұқсастығына жатқызуға болады.
Германияда мамандық бойынша оқытатын мектептерге деген сұраныс жоғары. Мәселен бала аспаз болғысы келсе алғашқы оқу жылдарында пияз, картоп қабыршағын аршуды үйретеді. Аптаның 5 күнінде асхана құралдарын қолдануды, қалған 2 күнінде теориялық оқыту жүргізеді. Нәтижесінде мектеп бітірген оқушы үздік аспаз болып шығады. Бұндай кәсіптік мектептер көп болса, белгілі бір саланың шыңын бағындыратын азаматтар саны да артады.
– Тәжірибелі маман ретінде өскелең ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?
– Мен үшін өмірдегі мансаптың соңы алыс емес. Ал сіздерде барлық мүмкіндік бар. Әлемдік ақпаратқа оңай қол жеткізуге болатынын айтпағанның өзінде білім алу үшін ешкім кедергі жасамайды. Неге бір чемоданға нағыз керек заттарды салып алып, әлемді араламасқа? Өз мамандығыңызда зор жетістікке жетуге болатын елдерге барып, ілім жинамайсыз? Біреу "қой" деп айта ма? Мысалы менің жасым 69-да. Кәсіби аспаздықтың қыр-сырын білетіндіктен, шыңына жеткесін әлі күнге дейін менің біліміме сұраныс бар. Әлемнің кез келген түкпірінде оңай жұмыс таба алатын дәрежеге жету керек. Сондықтан өз мақсатын айқындаған адамға сол істің майталмандарымен араласуға, есепсіз сұрақтар қоюға кеңес берер едім. Сонда ғана сізге әлемнің келесі бұрышынан қоңырау соғып, қызмет ұсынуы мүмкін. Тек алға жылжу керек.
Осы тұста көптеген кедергілермен кезігуіңіз мүмкін. Мен 14 жасымда аспаз боламын деп шештім. Сонда әкем: "Сен – ақымақсың", – деді. Бірақ уақыт өте келе мен өз таңдауымның дұрыс екендігіне көз жеткіздім. Қазір де солай.
– Ашық әңгіме үшін рақмет.
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

19 қазан 2019 ж. 1 221 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930