Отбасында – әйел, қоғамда – іскер
Ауданда жыл сайын әйел кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін арттыру, олардың кәсіпкерлікке араласуына қолдау және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында іскер әйелдер форумы өтеді. Дәстүрге айналған шара биыл да ұйымдастырылды.
Форумға қатысушылар мен кәсіпкер ханымдарды көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған аудан әкімі М.Ергешбаев: «Қазақта «Әйел – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тамаша сөз бар. Жұмыс пен отбасын қатар ұстап, берекесін кіргізіп жүрген сіздердің есімдеріңіз қашанда құрмет төрінде. Бұл күн – халқымыз үшін ерекше мереке. Асыл анасын сыйлайтын, қамқор әпкесін құрметтейтін, тілеулес қарындасын қадірлейтін қазақ халқы әйел-ана бақытын бәрінен биік қойған.
Қазір қоғамда «әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қайраткер» деген ұғымдар пайда болды. Қазақстандық әйелдер билік пен бизнесте, ғылым мен мәдениетте ерекше қабілеттерімен танылуда. Тіпті бүгінде қоғам өмірін нәзікжандылардың еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Ең бастысы, әйелдер қай салада қызмет етпесін, сол саланы дамытып, нығайтуға ерекше үлес қосып, көпшілік құрметіне бөленуде», – дей келе қыз-келіншектер қауымына мықты денсаулық, отбасына табыс, еңбектеріне жеміс тіледі.
Форумда айтылғандай, бүгінгі таңда аудан экономикасының дамуына оң ықпал етіп отырған шағын және орта кәсіпкерлікті дамытушы саны 4 мыңнан асса, оның 2 мыңға жуығы әйел азамат. Яғни, ауданда кәсіпкерлікпен айналысушылардың 45 процентін қыз-келіншектер құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 12 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 4 кәсіпкер әйел 100 млн теңгеге жуық несие алып, өз істерін одан әрі өркендетуде. Бұдан бөлек 15 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған 11 нәзікжанды кәсіпкер бар. Сонымен қатар, «Бастау бизнес» жобасы аясында оқу курсынан өткен қатысушылардың 40 процентін әйел азаматтар құрайтындығын айта кеткен жөн. Аудан әкімі алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін ашып, қосымша мамандық аламын деушілерге қолдау көрсетуге әрдайым әзір екендіктерін жеткізді.
Форумда Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының бизнесті дамыту мен қолдау бөлімінің басшысы Мәуе Сейдалиева, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС-нің директоры Ләззат Алдоңғарова, «Консалтингтік компания ПРЭКО Кызылорда» серіктестігінің директоры Мадина Төлепова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының бас маманы Индира Сүлейменова, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС-нің бөлім басшысы Мұрат Нұғманов баяндама жасады.
Шара аясында ауданда кәсіпкер әйелдер бизнесін дамыту мақсатында іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға кәсіпкерлерді кеңінен тарту, қолға алған жоба мен алдағы атқарылар міндеттер талқыланды. Қазалылық кәсіпкер Гүлзат Билсариеваның сәнді киімдерінің көрсетілімі өткізіліп, аудан экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА