Сақтардан жеткен сарқыт
Той-думаны мен қызығы тарқамаған қазақ ұлтының салт-дәстүрінен сыр шертетін сәнді қолданбалы өнердің озық жемісі – сәукеле. Қазақ киімдерінің дәстүрлі көркемдік ерекшелігі – ақыл-ойы мен пайым-парасаты, биік талғамы бас киімдердегі әшекейлерімен бірге оны киінген адамның әлеуметтік жағдайынан сыр тартатынында жатса керек. Соңғы жылдары қыз балалар ұзатылар алдында жарасты қазақы киім, басына сәукеле кию үрдісі жаңғырып келеді. Алайда бұл ұлттық бас киімнің маңызы мен мағынасына бойлай алып жүрміз бе?
Бүгін біз осындай құнды этнографиялық бұйым туралы жазуды жөн санадық.
Сәукеле – қыз баласы ұзатылғанда киетін, өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сырты асыл тастармен көмкеріліп, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіліп, безендірілетін бағалы бас киім. Дәстүр бойынша бас киімнің бұл түрін тек ұзатылатын қыздар ғана киеді. Ол айырбасталмайды, басқаға киюге берілмейді.
Деректер сәукеленің биіктігі – 50-70 сантиметрге дейін баратынын жазады. Бір ғана мысал, «Бөкей Ордасы аймағындағы сәукеленің биіктігі бір кез болатын» деген мәліметті кездестіреміз. Бұл ауқатты отбасылар тіктірген сәукеленің 70 сантиметрден де асқанын байқатады.
Сәукеленің негізгі бөліктерін – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы құрайды. Төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Онда асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейленетін «тәж» айдары болады. Төбесіне үкі тағылады. Осындай ауыр тастармен көмкерілген бас киім бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін арнайы бау тағылады. Екі құлақ тұсынан омырауға дейін жететін құлақшаның қыз денесін тік ұстап жүруіне септігі мол. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желек тағылады. Ол қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұратындықтан, беташар айтылғанда қыздың дене пішімін өте нәзік, сымбатты етіп көрсеткен. Ақ бүркеншек жабудың мағынасы терең. Бірі, алғаш түскен келінді тіл мен көз сұғынан сақтайды десе, екіншіден, жолы ақ болсын деген ырымға саяды. Сәукеленің отау сынды болып келуі кездейсоқ емес. Мұнда да түтін түзу ұшсын, екі жас биіктерге самғасын деген тілек жатса керек.
Халқымыздың тілдік қорында сәукеле жайындағы атаулар көптеп кездеседі.
Сәукеленің әшекей бұйымдарының жалпы атауы «Басжақсы» деп аталған. Сәукеленің әшекей заттары көп әрі олар қымбатқа түсетіндіктен, күйеу жағы қалың малдан тыс бас киімнің құнын төлеген. Ал онда орналасқан шар сияқты металл әшекей қозаны «шытақ» дейді. Бергек – желекті ұстап тұратын әшекейлі қатырғы болса, жырға – моншағы, шұбыртпа, салпыншағы. Сәукелемен бірге ішіне киілетін арнайы бас киім болған. Ол «зере» аталады. Қазақта ұялу сөзін «бет моншағы үзіліп» деген тұрақты тіркеспен алмастыра айтатын сөз бар. Сол бетмоншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілмелі моншақ атауы. Жақмоншақ – әйелдер баскиімдерінің екі жақ самайлығына және маңдайының алдыңғы жиегіне қастарын жасырып, тізбелі шоқ жасап шілтерлеп тағылатын әшекей. Жақмоншақты зергерлер алтын, күміс қозаларын жібек жіптерге тізіп, асыл тастармен бұршақтап, үзбелеп жасайды. Жоғары жағына асыл таспен, төменгі жағын күміспен, бас киімге, бесікке тағатын әшекей «үскіаяқ» делінеді. Дәстүрлі ұғымымызда үкі киелі құс саналған. Оның аяғы, қауырсыны тұмар орнына тұтынған. Үкіаяқ сырға, шаштеңгелермен бірге сәукеленің де құрамдас бөлшегі ретінде қолданылады.
Ғалым, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінде төмендегідей дерек кездеседі.
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», – депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын», – деп кескен екен.
Қазақта сәукеле кигізу салты болған. Бұған құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукелелі келіншек ажарлы да, базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Жоғарыдағы жайлар туралы көпшілік хабардар. Дегенмен, сәукеле сөзінің мағынасына көбіміз ден қоя бермейміз.
Бұл туралы дау да, пікір де көп. Мақаланы әзірлеу барысында бірнеше әдебиетті салыстыруға тура келді. Солардың бірінде мынандай дерек көрсетілген.
Сәукеле – ұзатылған қыздың қайын жұртына жеткенше киіп баратын бас киімі. Бұл бас киімді қыз бір-ақ рет киетін болған. Жолдың ұзақтығына байланысты кейде одан да ұзақ уақыт киілген. Қыз әкесі бай болса бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнын береді екен. Сондықтан да бұл бас киімнің әдемілігі мен қымбаттығын қатар елестете беріңіз. Міне, осындай сәукелені қолға түсіру мақсатында жол торуылдайтын қарақшылар сол замандарда да бар еді. Ал, келінді күтіп отырған ауылдың балалары қозыкөш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп: (бұл жерде адам амандығы бірінші орында тұр, қарақшылар пышақ тіреп сәукелені ғана алып кетпеген. Шағын ғана күйеу һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездерде болған) «Сау келеді, сау келеді» десіп ауылға қарай шабатын болған деседі. Алайда мұны ауызекі этимологиядан шыққан мысал деуге ғана болады. Қазақ жаугершілік заманда өмір сүрсе де, қалыңдығы мен күйеуін тоналтпаған, салтын жоғалтпаған халық. Қозыкөш жерден келе жатқан қалыңдық тобының жолын кеспей, игі тілегін айтатын болған. Егер қалыңдықтың қарақшылар қолынан жиі тоналатын дерегі болса, бізге жеткен аңыз-әбсана, ертегі, батырлық дастандардан кездестірген болар едік.
Менің ойымша, сәукелеге ұқсас бас киімдер көршілер түркі халықтарына да ортақ. Тіпті, Абылай ханның басына киген бас киімі, көршілес қырғыз ағайынның айыр қалпағы да көз алдымызға сәукелені елестетеді. Бұл бас киімнің тарихы тым әріде екендігін байқатады. Тарихқа көз жүгіртсек, сақтардың бір тобы «тиграхаудтар» деп аталған. Қазақша баламасы «шошақ бөріктілер». Ал, осы шошақ бөрік қай бөрік? Дәйекті алыстан іздемей, Есік қорғанынан табылған алтын адам бейнесіне зер салсақ, бас киімі біздің сәукелеміздің бір нұсқасы. Осы орайда «тағ» сөзінің дыбыстық өзгеріске еніп, «тау» аталуы секілді, «сәукеле» сөзінің алғашқы буыны «сақ», «сағ» сөзінің «сау» өзгерісіне енуі мүмкін. Сөздің екінші буынындағы «келе» «кәллә» бас дегенді ұғындырса, сәукеле – сақтардың бас киімі дегенге саяды. Тілімізде «Әр кәлләда бір қиял» нақылы әлі де қолдынылады. Егер сөзіміздің тарихы осындай болса, сәукеле әйелге ғана тән емес, бір тайпаның бас киімі екендігі анықталады. Мен зерттеуші, этимология саласының маманы не тарихшы да емеспін. Алайда қарапайым тіл жанашыры ретінде «сәукеле» ұғымы да алдағы зерттеуді қажет ететін мәселе деп ойлаймын.
Тәуелсіздігіміз еншімізге тиіп, төл тіліміздің қадір-қасиетін арттырып, ондағы көмбедей көмілген жауһарларды жаңғыртамыз десек, ұлтымызға тән атаулардың сырына үңілер уақыт жетті.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА