Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кимешекті кім киген?

Кимешекті кім киген?

Қазір Ұлыстың ұлы күні не арнаулы көрініс қойғанда ғана кимешек киінген әжелердің образын көзіміз шалады. Қайсыбір жылдары тұмшаланып киініп, жат ағым жетегіне ерген қандасымыздың біріне кезігіп, неге олай етіп жүргенін сұрағанымда, «ислами талап» деп жауап қатқан. Оған мен де: «Жабық жүргіңіз келсе, кимешек, қос етекті көйлек, кең камзол киіп алсаңшы. Қазақы киімінің ешқандай әбестігі жоқ. Ол сәнге де, тұрмысқа да лайықталып жасалған», – дегенім бар еді. Артынша кимешекті қыз-келіншек кие алар ма екен? Оны қай жастан бастап, қай мезгілде қолданған деген ой зердемде қылаң берді.Шынында қазақ кие тұтқан кимешек кейуана киімі ме? Оны кім, қайда киген? Осы төңірегіндегі сауалды ортаға салдық.
Құралай Бекжанова,
Бекарыстан би ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы:
– Кимешек төбеден иық, белге дейін түгел жауып тұратын тұтастығымен дараланады. Киімнің бұл түрін тұтыну салты келіншектің балалы болған күннен кейін жасалған. Жас келін перзентті болып, ол қырқынан шыққанда енесі: «Сен енді санатқа қосылдың. Бұрын бала едің, енді ана болдың. Енді осы үйге толық мүшесің», – деп маңдайынан сүйіп, батасын береді. Келіншек ене, абысын-ажынның көмегімен кимешекті пішіп, әшекей кестелерін өзі тіккен. Кимешек кигізген адам келіннің енесінен сый алады.
Киімнің бұл түрі ана мен баланың тазалығы үшін де маңызды. Жас ана бала емізген кезде денесін төңірегіндегі кісілерге көрсетпеуі керек. Кимешек сондай кезде кеудені көлегейлеп тұрады.
Бибіш есімді әжем 96 жасында дүниеден озды. Сол кісі арнаулы күндер мен жиындарға кимешек киіп баратын. Әжемнің кимешек киінген түрі әлі күнге дейін көз алдымда. Аппақ шатырдай болып отырған нағыз қазақ анасы бейнесімен үйлескен ұлттық киімдеріміз қандай әдемі.
Соңғы жылдардағы ұлттық киімге деген оң көзқарас мені қуантады. Қазір барлық жерге зерлі жеңсіз, камзолдарды киіп баратындар жиі кездеседі. Жастар арасында да бұл үрдіске айналып келеді.
Үлкендерден естігенім, кимешекті үлкен аналар жақсы көретін келініне не немерелеріне мұраға қалдырған. Кимешектерін ырымдап сұрайтын жайлар да болған. Менің үйімде де ұрпақтан-ұрпаққа жеткен кимешек бар. Оларды қастерлеп, қасиетін кейінгілерге шама-шарқымша жеткізіп келемін.
Мәрия Жібекәлі, ардагер ұстаз:
– «Кимешек – Пайғамбардың ноқтасы» деген де сөз бар. Бұл жерде «ноқта» сөзі тыйым, тәртіп, белгілі бір өлшем деген ұғымға саяды. Кимешектің өзге мұсылман әйелдер бас киімінен ерекшелігі – тек бас бүркеншектігі ғана емес, салтанатты да сәнді әшекейі, ыңғайлы. Орынша деген үлкен әжем болды. Оны кимешегімен көргенде бейне бір аққуға кезіккендей күйге енетінмін. «Үлкен әжем» бізге: «Жақсы үйдің қыздары шашбаулары сылдырап есік ашар, Жаман үйдің қыздары кісі келсе, шаштары жалбырап, төрге қашар», – дегенді үнемі айтып отыратын. Кимешек те шашты көрсетпей, жинақы жүруге ыңғайлайтын орамалдың жетілген түрі.
Қазақта екінші баласын туғаннан кейін, келін кимешегінің үстінен шылауыш байлайды. Ғұрыпқа сай кейбір өңірде рудың, елдің атақты адамдары қайтыс болғанда ауыл-аймақтың әйелдері желектерін сыпырып тастап, бәйбішелері «жақ» салмаған ақ кимешек киетін болған. Мұны «ақ жақ болды» деп те атайды екен. Осылайша бүркеншік бөз басы қаралы, жүрегі жаралы елдің аза белгісін айтқызбай ұғындырған. Ол әйелдің басы бос, тірі жесір, қарасы түсірілмеген т.б. белгілерін айқындайтын анықтамасына айналған. Ел арасында «жақ бұзу» деген ұғым кездеседі. Ондайда жесір қалған келіншек кимешегінен қызылды-жасылды өрнектерді алып тастаған. Мұндай әйелдердің кимешектерін жыл толғанша теріс кигізіп, жыл толғаннан кейін оң кигізетін салт болған.
Гүлбағида Мейірханқызы, тарихшы:
– Кимешек – дамыған рухани қазына үлгісі. Тамыры тым тереңнен тартылатын кимешек сақтар дәуіріне тиісті жауһарларымыздың бірегейі, жоғалмай жеткен этноқұндылық. Бүгінде кимешектің түптөркіні қазақтардан шыққандығын дәлелдейтін дәйекті деректер жеткілікті. Тарихта оның кең көлемде таралуына әйгілі Шыңғыс ханның жорығы мен Ұлы Жібек жолы бойында салтанат құрған сауда керуендері әсері ерекше болған.
Жиырмасыншы ғасырдағы қандастардың атажұрттан көшуі де өзге елдерге біздің киімдер мен мәдениеттің жетуіне айтарлықтай үлес қосқан. Халық арасында аталған бұйымның «бұрама жаулық», «иекше» секілді атаулары да кездеседі. Жалпы, ежелгі жұрт бас киімді ерекше қастерлеп, ешкімге бермеген. Олай етсе, бағым кетеді деген ұғым да болған.
Бекзада Ибраш, тігінші:
– Қашан да баскиімін қадірлеген ұлттың әйелі де құрметті. Кимешек – «төбелдірік», «шықшыт», «желке», «маңдай», «алқым», «иін» деп аталатын бедер қиындылардан құралатын әйел бас киімі. Ұзындығына қарай – арқа жабар, бел жабар (түйе кимешек), қылта шалғай, өкше қағар болып төрт өлшемге бөлінеді.
Киімді кию мен оның сыртынан шылауыш тартуы әр өңірде әртүрлі келеді. Бірі кес­темен әдіптелсе, бірі моншақ, түрлі тастармен көмкерілген. Оның алдын «жақ», белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшын «құйрықша» дейді. Жас келіншектерге арналған кимешектің бет жағы кеңдеу келеді. Ол қызыл, күлгін түсті жіптермен кес­теленсе, орта жастағылар кимешегінің бет бедері тарлау, әдемі кестеленгенімен, оқаланбайды. Ал қарттар мен күйеуі қайтыс болған әйел кимешегіне кесте салынбайды.
Ұзақ жылдардан бері тігіншілік кәсіппен айналысып келемін. Бұрын Кеңес дәуірі тұсында кимешек деген ескі мұражай затындай көрінетін. Ел егемендік алғаннан кейін кимешекті түрлі талғаммен тіктірушілер қатары күн санап артып келеді. Алғашында Нау­рыз мерекесіне, сахнаға арналып тігілсе, қазір әжелер тұсау кесер, ас-тойларға да арнап тапсырыс беріп жатады.
P.S. Қазақтың төл киімдері ғасырлар бойы толысқан тәжірибе арқылы келген. Олардың бірегейі кимешек – киелі ұғым. Аналардың оны киюіне сайын сахараның өзгеріске бейім жерінің ауа райы әсер еткенін деректер алға тартады.
Орналасқан зерлі әшекейі де әйелдердің жас ерекшеліктері мен әлеуметтік жайынан хабардар еткен. Көшпелі тұрмыс салтын кешкен жұрттың киілуге оңай, жинақы да шымыр келісті кимешегі бүгінгі таңда әлемнің озық сәнгерлерін тамсандырып отыр.
Қазақ қолөнер бұйымдарының құнды қазынасын қолданысқа ендірсек, ұлттығымыз ұлықталып, ұтарымыз көп болар еді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


14 мамыр 2019 ж. 6 596 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930