Баба рухына бағышталған бәйге
Ата-баба рухына тәу ету қазақ халқының ертеден қалыптасқан көрегенді салты десек болады. Ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығы үшін тер төккен ұлыларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған аудандық мәдениет орталығының қызметкерлері Әйтеке Байбекұлының туылғанына 375 жылдығы аясында «Бабадан қалған аманат» атты аудандық ақындар айтысын өткізді. Оған тоғыз айтыскер қатысты.
Алдымен жеребе тастау арқылы ақындардың жұптары анықталды. Бұдан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев сөз жүйріктеріне сәттілік тіледі. Айтыс бәйгесіне қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жұмабек Табынбаев, айтыскер ақын, сазгер Әбілқасым Романов, Қазақстан Республикасының Жас ақындар одағының мүшесі Нұрболат Төлеш төрелік етті.
Дода шарты бойынша белгіленген жұптар бірінші кезеңде тақырыпқа сай айтысты. Екінші кезеңде топтан оқ бойы озық шыққан төрт бірдей сөз дүлдүлі ақтық сында бақ сынасты. Нәтижесінде аламанның бас жүлдесі Қожабақы ауылы №25 мектептің оқушысы Аманкелді Тоқтарбекке бұйырды. Майдакөл ауылы №98 мектептің оқушысы Серік Бекзат бірінші, Кәукей ауылы №225 мектептің оқушысы Жанерке Жайлаубай екінші орынды місе тұтты. Майдакөлдік Өміртай Есебаев үздік үштікті қорытындылады.
Бұдан бөлек Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің студенті Аян Иманалиев қазылардың шешімі бойынша «Айтыс аламаны» номинациясымен, Майдакөл ауылы №98 мектептің оқушысы Жанұзақ Серіков «Жас талант» атағымен, Майдакөл ауылы №98 мектептің оқушысы Сұлтан Бектұрған «Айтыстың ұлы баласы» номинациясымен марапатталды.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, диплом берілді.
Индира АҒЛЕПЕСОВА