Қызылордада республикалық жас ақындар айтысы өтті
Қызылорда қаласында өткен «Ұлттың айбыны - рух байлығы» атты республикалық ақындар айтысында еліміздің әр өңірінен жиналған жас ақындар айтыс көрігін қыздырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Республикалық жастар айтысын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Аталмыш шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов ашты. «Айтыс - атадан аманат болған қасиетті өнер. Бүгінгі сөз бәсекесінде жастар тақырыпқа байланысты орамды ой, ұтымды ұсыныс, орынды пікірімен көпшілікті ризашылыққа бөлейді деген сенімдемін. Шараның мақсаты - жастардың бәсекеге қабілетін арттыру, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жастарды ұлттық өнерге баулу. Сананың ашықтығын қалыптастыруды мақсат еткен бұл айтыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттайды. Қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттырады. Сөз додасында бақ сынайтын жастарға сәттілік тілеймін», - деді Қ.Жанұзақов. Жастар айтысын белгілі айтыскер-ақын, республикалық «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізді. Оған Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалалары мен Түркістан, Қызылорда облыстарынан жас ақындар қатысты. Республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан басшылық еткен әділ қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға қызылордалық Сырым Әділбек лайық деп танылды. Ақтөбелік Нартай Тілеуқұл мен қарағандылық Нұрмұхаммед Байсүгіров екінші орын биігінен көрінді. Алматылық Жібек Шахмардан үздік үштікті түйіндеді.
inform.kz