Қазалылық қақпаншы қария
– Сонда қалай анаңыз аңшылықпен айналысты ма? – дедім бұған таңданған кейіп танытып.
– Иә шырағым, әкем марқұм бес жасымда өмірден озды. Оның бейнесі есімде еміс-еміс қалыпты. Сол бір қиын қыстау заманда анамыз бізді асырау үшін қақпан да құрды. Оны көзіммен көрдім. Кейде ізіне еріп баратынмын. Қақпан қапқан киіктерді екеулеп жүріп, үйге әкелетінбіз. Анамнан көргендігім бе, қайдам, әйтеуір қақпан құруға құмартып өстім, – деген сөзі одан әрі қызықтырып, сұрақтың астына алдым.
– Аға, қақпанға қандай жануарлар жиі түсуші еді?
– Әр кезде әр қалай қызым. Ол заманда киік көп болушы еді. Қақпанға түскен қоянды да жиі көрдім. Әке-шешеден үш ағайындымыз. Ағаларым мал өсірумен айналысты. Мал баға жүріп, кем дегенде бес-алты қақпан құрып кететінбіз.
– Қақпан құруға қай мезгіл қолайлы?
– Есіңде болсын қақпан топырақ тоңдамай тұрғанда, көбіне жаз айларында құрылады. Оны жерді қазып көмеді. Жасырын жатып, аңды ауыздықтайтын құралды кезінде біршама пайдаланып, күнкөріс көзіне айналдырдық.
Қазір Қазалы қаласында тұратын Сәдірбек Қаниев теңіз жағалауындағы «Ұялы» ауылында туып, өскен. Бұдан кейін Қызылқұм совхозында да тұрған. Уақытындағы белгілі байдың бірі – Тұрымның қызы Дәмеш анасынан қақпан жасаудың және оны құрудың әдіс-тәсілін үйренген Сәдірбек бала кезден қақпан құруға құмартқан. Ержете келе ағаларымен киік аулауды әдетке айналдырыпты.
«Бірде жылқы бағатын ағам: «Сәдірбек «Шешенбаздың» бойында киік көп екен. Қақпаныңды сайла» деді. Өзіміз «Әлибаз» деген жерде тұрып жатқанбыз. Айтқан күннің ертесіне-ақ жолға шықтым. Он сегіз жерге қақпан құрып кеттім.
Таңертеңгісін інімді жаныма алып, тазы итті жетектеп, қақпандарды қарауға бет алдық. Келсек, он сегіздің біреуі майысып құлап жатыр. Қалған он жетісі орнында жоқ. Киік түсіп, іліп әкетсе керек. Содан ит жүгіртіп он алтысын ауладық. Енді біреуіне түскен аң да қақпан сүйретпесінің ізі де көрінбейді. Аң-таң болып отырғанымыз сол еді. Жанымызға байлап қойған ит үре жөнелді. Анықтап қарасам анадайдағы бір киік көзіме шалынды. Атыма мініп, итімді ертіп шаба жөнелдім. Қақпан жарықтықтың мүйізіне ілініп қапты. Бізді көре салысымен қаша жөнелген жануарға ит жетіп алып, тістеп жықты. Сол жолы он сегіз қақпанның он жетісіне аң түсіп, үйге олжалы оралдық» деп қарт аңшы өткен күннің оқиғасын еске алды.
Бүгінде жұбайы Сәнімкүлмен бірге өмірге әкелген ұл-қызынан тараған немерелердің қызығын көріп отырған ақылшы ата.
«Қақпан салу қанымызда бар. Шешем Дәмештің көзіндей көрінетін қақпандарды қайда көшсем де, өзіммен бірге қалдырмай алып жүремін. Бұл құрал қиын қыстау заманда әр отбасын асырады. Бүгінде қақпан салып жатқан жандар аз. Дегенмен ата-бабадан қалған сайманның жастарға жайы таныс болса», – дейді ол.
Сәдірбек ағаның айтуынша, қақпанның бірнеше түрі бар көрінеді. Мәселен Сыр бойындағылар «шошқақақпанды» пайдаланған. Жүгері, бидай еккен дихан егістікті сақтап қалу үшін шошқаға қақпан құрған. Оның тісі ағаш кесетін ара секілді өткір әрі мықты келеді. Ондатр аулайтын қақпан өте кішкентай. Оны су ішіне немесе ондатрдың ұясының алдына қояды. Ал, киікке салатын қақпан бөлек. Бұл туралы қақпаншы былай дейді:
– Киікке құратын қақпанның серіппесі мықты болады. Оны ұсталар болаттан жасаған. Серіппесі шапқан кезде киіктің жіліншігін сындырып жібереді. Қандыауызы жабысып қалмайды. Егер ол жабысса сіңірді қиып жібереді. Қақпанды жасау да құру да оңай дүние емес. Оған киізден түндік жасалады, қоян сүйектен тиек істелінеді. Түндікке капрон жіптен жасалған берік бау тағылуы керек. Оның астын қазып көмеді. Ұқыпты етіп құрылмаса қақпанға аң түспейді, – деген Сәдірбек ағаның қазір қолында бірнеше қақпан сақтаулы.
«Құс салу, тазы жүгірту секілді қақпан құруда қазаққа жат емес. Ұрпаққа өткенді таныстыру біздің міндетіміз. Қарыштап дамыған заманда өткенімізді өшіріп алмасақ деймін» деген Сәдірбек Қаниев ата-бабамыз кәсіп еткен құралды кейінгі ұрпаққа таныстыруды қолға аламын деушілер болса қолдауға дайын.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА