Исамадиннің бағы
Ол базбіреулер сияқты бармын деп аспайтын, жамандап біреуді сыртынан сатпайтын, қолынан келгенінше қайырым жасауға бейім болды. Оның әкесі Сәрсенбай марқұм көп сөйлемейтін, өсек-аяңмен ісі жоқ, тек шаруасын күйттеген атбегі адам еді. Қысы-жазы қорасында бағулы аттар тұратын. Мал қарауға көлік таппағандар осы кісіден алатын. Сұраушының бетін қайырған емес. Қолы боста 2-3 тазысын ертіп, қызылды шарлап кететін. Кәсібі қақпан салу. Талай қасқыр алғанын көргенбіз. Қыстың күні боранда адасып, ауыл жігіттерінің іздеп тауып алғаны да бар. Сондай аңқұмар еді.
Біздің білуімізше, балаларының ішіндегі әкесіне тартқаны Исамадин. Кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, жай сөйлейтіні, тұйықтығы, істеген ісі аумай қалған. Мен бұл жігітті жасынан білемін. Мектепте жақсы оқыды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Қабырға газетінің редакторы болды. Суретті жақсы салды. Кеңес Одағы кезінде мектеп ішіндегі ұзын залға ілінетін көрнекіліктер, түрлі жаңалықтар қолмен жазылатын. Солардың біразы осы Исамадиннің қолынан өтетін-ді.
1980 жылы Тасарық ауылындағы №238 сегіз жылдық мектебін жақсы бағамен аяқтап, орта мектепті Қызылорда қаласында бітірді. 1985-1987 жылдары әскери борышын Ресейдің Капустин Яр қаласында өтеді. 1990 жылы бір сынып төмен оқыған өскен ауылының төл перзенті Мәуегүлмен бас қосты. Еліміз нарықтық арнаға көшкен жылдары екі жас қол ұстасып қалаға келді. Не істеу керек? Исамадин алғашқы жылдары мектепте, бірсыпыра мекемелерде суретші боп жұмыс істеді. Ал Мәуегүл болса, базарда майда-шүйде заттар сатып, нәпақа тауып жүрді. Сөйтіп саудаға көзін бірте-бірте қанықтырды. Екі жас ойласа келе, біз де басқалар сияқты кәсіпкерлікті бастайық деген байламға келді.
Осылайша 2000 жылдары мемлекеттен несие алып, ойлаған мақсаттарына қадам басты. Алғашқы кездері қиындау болды. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» демекші, бірте-бірте жұмыстары алға баса бастады. Базар ішінен халықтың тұрмыстық қажетін өтейтін заттарға арналған дүкен ашып алды. Екеуі күн-түн демей жүріп, бұйымдар әкелуге Түркістанға, қала берді Бішкек, Алматы қалаларына дейін барды. Кәсіпкерлік Мәуегүлдің атында болса, жұбайы оның сенімді көмекшісі болды.
Құлқынның құлы болуға жаны жат Исамадин туған жеріне мүмкіндігінше қолдан келген жақсылығын жасады. Бірнеше жыл қатарынан өзі оқыған №238 орта мектептің бастауыш сынып оқушыларына бейнелеу сабағына қажетті құрал-жабдықтар алып беріп демеушілік жасауды дәстүрге айналдырды. Сонымен қатар, тұрмысы төмен төрт азаматтың аудандық «Қазалы» газетін жаздырып алуын қамтамасыз етті.
Тасарық ауылының жас жігіттері салт-дәстүрді жалғастыру мақсатында 22 Наурыз, 9 мамыр сияқты айтулы мерекелерде ат жарысын ұйымдастырады. Жарыс кезінде 3 бәйге беріледі. Кейбір қалталы азаматтар ата-бабаларының атына бәйге тігіп, демеушілік көрсетеді. Исамадин ауыл тұрғындарының игілігі үшін қалтасынан ақша шығарып, сол ат шабатын төбені жасақтады. Айналымы 3 шақырымдай жолды техникамен тегістетті. Ережеге сәйкес жиналмалы етіп жасалған айналым мен мәре-сөре белгілерін орнатты. Жағалай көрермендер тамашалауға ыңғайлы орындықтар қойды. Жарыс алаңының қақ ортасында комиссия мүшелеріне арналған шағын үйшік орналасқан, барлығы да қауіпсіздік ережесіне сәйкес деуге болады.
«Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» дегендей Исамадин бұдан 3-4 жыл бұрын қаладан саялы ағаш шыбықтарын жеткізіп, «Тасарықтан» 25-30 шақырымдайдағы «Қараөзек» деген жерге отырғызды. Мұны кейбіреулер айдалаға ағаш еккені несі деп сөз қылып жүрді. Мұның мәнісін ол: «Бұрын бұл жерде жыл сайын совхоздың малы қыстайтын. Қасында бұлағы бар. Совхоз тарағасын елсіз далаға айналды. Бірақ та тоғыз жолдың торабы. Жүргіншілер көп өтеді. Және де әкемнің аң аулап, көп жүрген жерлері. Басыма «дайын су, тал егіп тастасам не зияны бар» деген ой келді. Ертең мал қараған жолаушылар болса да ыстық аптапта көлеңкелеп отырады ғой», – деп түсіндіргені бар.
Қазір жерден нәр алған сол 50-60 түп жас шыбық жапан даланың көркін келтіріп, көкке бой созып келеді. Көрген адамдар мұны «Исамадиннің бағы» дейді. Бір өкініштісі, біз әңгімелеп отырған Исамадин Есбергенов 2017 жылдың қазан айында мезгілсіз дүние салды. Елі мен жұртын шын жүрегімен сүйіп өткен аяулы азаматты ауылдастары әрдайым сағынышпен еске алып отырады.
Әнуар ӘБДІМҰРАТ.