Әбдісаттар ОСПАНОВ: «1993 жылға дейін қара тізімде болдым»
Сәрсенбінің сәтінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде белгілі қаламгер, тарихшы, сазгер Әбдісаттар Оспановтың «Армысың, Атамекен!» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті. Сырдың мақтанышына айналған жазушымен сыр-сұхбатты Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов жүргізді.
Жиын барысында жазушының өмір жолы туралы видеоролик көрсетіліп, өлеңдері оқылды. Мұнымен қоса, Ұялыдан түлеп ұшқан жазушы жайлы ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбаев тебірене сөз сөйледі.
Қалың қазаққа «Өмір неткен тәтті едің...», «Жанқожа батыр», «Хан Сырлыбай» атты тарихи деректі романдарымен қатар «Наркескен» тарихи-көркем трилогиясын сыйлаған қаламгермен кеш барысында бізге де сұхбат құрудың сәті түскен болатын.
– Әбдісаттар аға, өзіңіздің өмір өзеніңіз қай жерден бастау алды?
– Мен 1941 жылы 10 қазанда Арал ауданына қарасты Ұялы деген шағын ауылда дүниеге келдім. Ата-бабамның, әке-шешемнің атамекені сол кездегі Қазалы уезіне қарасты Жанкент шаһарынан сәл алыстау жерде орналасқан Ақтөбе болысы деген орын. Біздің Женей бабамыздың ұрпақтары сол маңда өмір сүрген. 1940 жылы әкем Оспан Ұялы ауылдық кеңесінің төрағасы болып жүргенде «Жапон тыңшысы» деген желеумен сотталған. Оны кейін барып, мұрағаттарды ақтарған кезде білдік. Ешқандай сұрақ-жауапсыз осы Қазалының түрмесінде төрт жарым ай жатып, Ақтөбеге 10 жылға айдалып кеткен.
Менің шешемнің атынан Орынбор гимназиясының заң бөлімін бітірген Алмаш Шоқайып деген досы Сталиннің атына 8 рет хат жазып, аман-есен 4 жылдан кейін бостандыққа шықты. Әкем келген жылы жағдайымыз өте қиын болды. Ол заманда «халық жауы» атын алғандарды ешқайда жолатпайтын. Шешем, ағамыз екеумізді арқалап, әр ауылдағы жақын-жуығын аралап ішер ас алып қайтатын. 1943 жылдың қарашасында мен екі күн бойы қар астында қалып қойып, жамбасым зақымданып науқастанып қалдым. Осы сырқаттан сегіз жыл төсек тартып жаттым. Кейін белгілі Қосым әулиенің бір емші ұрпағы ем-дом жасап, аман алып қалды. Бастауыш мектепті төсекте жатып бітірдім. Соғыстан жараланып келген жас мұғалімдер үйге келіп оқытатын.
– Сол қиындыққа толы бала кезіңіздегі арманыңыз қандай еді?
– Бала кезімнен өнер саласын өте қатты жақсы көрдім. Өнер жолына түссем деген арманым болды. Мектеп кезінде 14 пән бойынша емтихан тапсыратынбыз. Соңғысы, Кеңес Одағының Конституциясы болатын. Баян тартып, домбыраны да үйренгенім бар. Абайдың да әндерін айтатынмын. Емтихандарымды тапсырып болғаннан кейін әкеме Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне түскім келетінін айттым. Бірақ, денсаулығыма байланысты ол жаққа жолым түспеді.
– Ең алғаш қолыңызға қалам ұстаған кезіңіз есіңізде ме?
– Негізі, 6 сыныптан бастап өлең жаза бастадым. Әдебиетші мұғалімнің айтуымен «Лениншіл жас» газетіне балауса жырларымды жібердім. Олардан: «Талабың бар екен, махаббат туралы жазуың керек» деген тұрпатта жауап алдым. Алтыншы сыныптың оқушысында махаббат қайдан болсын?! Сөйтіп, ең алғашқы қалам ұстағаным өлеңмен басталды.
Ал, шын жазушылыққа 16 жасымнан бастап ден қойдым. Бала жасымнан Жанқожа бабаның қару-жарақтарын, сауыт-саймандарын көріп өстім. Бабаның ұрпақтары бізбен Ұялыда бірге тұрды. Үлкендердің әңгімесін көп естідік. Ақмырза атамыздың шөбересі Иса деген кісі үйімізге жиі келетін. Үш-төрт ақсақал отырып, бабаның ерліктерін, ел аузындағы әңгімелерін айтатын. Осылайша ол туралы жазуға қызықтым. Сол кезден бастап есептеген 57 жылда «Наркескен» деген трилогиям жазылды.
– Жалпы, жазушыларға белгілі бір тарихи адамның протатипін ашу қиын болып келеді. Сізге Жанқожа батырдың жан-жақты бейнесін жазу қиындық келтірген жоқ па?
– Әрине, қиын болды. Оның қиындығы жазуда болған жоқ. 34-35 жасымда Қызылордадағы құрылыс саласындағы жұмысымды тастап, 4-5 баламды шұбыртып, Алматыға бардым. Сонымен қатар, КазГУ-дың тарих факультетінің кешкі бөліміне түстім. Сонда оқып жүргенімде Бекен Арынбаев деген ұстазыма барып, мұрағаттарға кіру жөнінде анықтама жазып беруін өтіндім. Оның алдында Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында Жанқожа баба туралы халық ақындары жазған 8 дастан бар екендігін білетінмін. Сол анықтамамен Кеңес үкіметі кезінде көп жерлерді араладым.
Өзіміздің мемлекеттік мұрағатта Рамазанова деген апайымыз төрайым болып отырған. Сол кісіге бір ай жалынып жүріп, жасырын жертөледегі көп материалдарды алдым. Оны дипломдық жұмысыма шығару керек болды. Айтқанымдай, Қазақ ССР кафедрасы жолатпады. Өйткені, оның алдында ғана Ермұхан Бекмаханов Кенесары туралы жазамын деп сотталып кетіп, келіп жатқан кезі. Бір күні археология-этнография кафедрасында нұсқаулықты қарап отырсам «Народный фольклор и эпос» деген тақырып тұр екен. Содан, «Жанқожа батырдың өмірі мен қызметі халық ауыз әдебиеті бойынша» деп тақырып қойып, этнография саласынан ерекше бағамен қорғадым.
– Тарихтағы ұлы тұлғалардың айрықша қасиеті болатыны белгілі. Сіз көп зерттеген Жанқожа бабамыздың қандай ерекшелігіне тоқталар едіңіз?
– Ол кісінің ерекше қасиеті – қанша адам әңгіме айтқанда соларды үнемі тыңдап отырады екен. «Осы мәселеге сіз не айтасыз?» дегенде ғана кесімін бір-ақ айтатын адам болған. Бұл бір. Екіншіден, өте әділ. Тіпті, Сыр бойындағы сарбаздары түйемен қаптап кеусең жібергенде «Менің оған бір тамшы терім сіңген жоқ. Мен бір кетпен топырақ шапқан емеспін. Сондықтан, мен оны жей алмаймын» деп, Қарақұмда өсетін құмаршақты қазып алатын көрінеді.
Өзім сонау түркі тектес тайпаларды зерттеу барысында қазақтың арғы-бергі тарихында үш адамның сексеннен асса да атқа мінгенін байқадым. Біріншісі – жұрт «Аттила» деп жүрген Еділ батыр. Екінші – кешегі Абылай хан, жоңғарға қарсы соғысқан уақытта үш жүздің әскерінің ішінде Қанжығалы Бөгенбай тоқсан жаста екен. Мұнан кейін, Арықбалық шайқасы болған кезде Жанқожа батыр 83 жасқа келіпті. Негізі, ол кезде бұлардың орыс отаршылдарын порттан қуып шығуға шамасы болған. Бірақ, қазақтың өз арасындағы сатқындық құртқан. Архивтен 31 адам Жанқожа батырға қарсы сатқындық жасағандығы жөнінде дерек кезіктірдім. Және олар сол қызметтері үшін шенділерден сыйлық алған.
– Өзіңіз жазушы ретінде адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
– Әкеміз «ешкімнің ала жібін аттама» деп тәрбиеледі. Дүниеде өтірік айтқанды, немесе қызмет бабына байланысты кеуде көтергенді, әділетсіздік жасағанды қатты жек көремін. Адамда тиянақтылық болу керек. Баяғыда мен «Жанқожа халық батыры» деген ғылыми көпшілікке арналған 14 баспа табақ кітабым Мәскеуде бекіп келіп, қолжазбасы баспаханада жартылай теріліп жатқан кезде ЦКА-да отырған бір нұсқаушы бөлім меңгерушісіне «Бір қазақтың 80-нен асқан жаман шалын насихаттап, ұлы орыс халқына қиянат жасап жатыр» деп айтып, 1981 жылдан 1993 жылға дейін қара тізімде болдым. Қызметтен қуылдым. Соның барлығы адамның жасаған қиянатынан, іштарлығынан дер едім.
– Сөз соңында елге айтарыңыз?
– Еліме айтарым, халқым аман болса екен. Жасаған ие осы бағытымызбен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізсін. Қазыналы Қазалы текті тұлғалар туған өңір. Ата-бабамның мекеніне тек ғана аманшылық тілеймін. Әрбірі ешқандай қайғы-қасірет көрмесін. Ұрпақтары өсіп, біз сияқты ақсақалдардың көкірегінде сайрап жатқан әңгімелерін алып қалса, соған ризамын!
– Рахмет!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ.