Еңбегі ерен, ойы терең қайраткер
Аудандық орталық кітапхананың оқу залында Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасына сәйкес Қазалы ауданының төл перзенті, қоғам қайраткері, ел ағасы Қуанышбай Төлебайұлымен кездесу кеші өткізілді.
Кештің мақсаты: ағамыздың жалынды өмір жолын жастарға үлгі ете отырып, жас өркендерді адамгершілікке, еңбекқорлыққа, парасаттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, замандастарының өнегелі өмірін дәріптеу, «Өнеге» атты кітабын оқырман қауымға таныстыру. Қоғам қайраткерімен кездесуді Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Шарафадин Алтынбайұлы жүргізді.
Шараға аудандық архивтің бір топ қызметкерлері, аудан кітапханашылары мен жалынды жастар қатысып, қатысушылар тарапынан сұрақтар жолданып, жауаптар берілді. Мәдени шара аясында аға буынның сенімін ақтау, жастардың егемен еліміздің бүгіні мен ертеңіне қосар үлес-салмағы туралы жан-жақты әңгіме қозғалып, пайымды пікірлер тыңдалды.
Кездесу барысында ел ағасы жастарды қатарластарынан біліммен озуға ынталандырды, бүгінгі жастардың бақытты дәуірде өмір сүруде екенін сөз етіп, білімсіздіктен, еңбексіздіктен, рухани байлық таяздығынан алшақ болуға шақырды.
Мәдени- рухани шараға байланысты «Еңбегі ерен, ойы терең қайраткер» атты тақырыптағы ашық кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.