Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қалдырған ізі мәңгілік

Қалдырған ізі мәңгілік

Желтоқсан айының 31 күні Сыр бойында туған, Сыр суына кіндік қанын жуған, Сыр самалын жұтып, алыс арманға белін буған, жиырмасында атқа мінген, отызында топқа кірген, арғы аталары Жақайымның жауһар сөздерін, Сыр сүлейлерінің сырлы жырларын жатқа білген, қырық жасынан бастап таққа мінген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың туғанына биыл 90 жыл толады. Осыған орай жұма күні аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қалдырған ізі мәңгілік» атты еске алу кеші өткізілді.
Кеш Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, зейнеткер Шамша Айтуғановтың алғысөзінен бастау алды. Одан бөлек еске алу кешіне еңбек ардагері Кеңес Бабанаев, Тасболат Ерғараев, Зоя Төлегенова, Марияш Таласбаева, Мұңсызбай Әбубәкір мен қаржы саласының үздігі Кемал Көпжасар қоғам қайраткерінің қызметі жайында сыр шертті. Сондай-ақ, Жосалы кентінде тұратын қарындасы, сауда саласының үздігі Үржамал Әлиқызы Тыныбаева, інісі Омар Тыйыштықбай, Әбубек Тыныбаев пен Айткүл Тыныбаева заңғар тұлға жайында естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің кітапханашысы Ақзия Қожахметова Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Рүстем Жанайдың «Текті ұл» атты арнауын оқып берді. Одан әрі, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері Кемал Нұрхан, Аян Иманәлиев пен Сүйеніш Каренов арнау өлеңдеріне кезек беріліп, кітапханашы Жанар Сейталиева «Еңбегі ерен, ойы терең қайраткер» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Танымал қоғам қайраткерімен қатар өмір сүрген дәуірі бір замандастарының елеулі естеліктері де айтусыз қалған жоқ. «Қазалы» газетінің тілшісі Ринат Қайратұлы, №266 және №249 мектеп-лицейдің оқушылары Данияр Әбілқасым мен Зият Нұраят, №170 мектептің 11 сынып оқушылары Дулат Ізбасар мен Өмірзақ Қанат жадынамадан үзінді оқыды.
Еске алу кешін аудандық орталық кітапхана директоры Индира Назарова қорытындылады. «Жақсының аты өлмейді. “Ердің даңқын ел, елдің даңқын ер шығарады” деген осы болса керек. Өрісі кең, өресі биік азаматтарымыздың абыройы асқақтай берсін»,– деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар, кеш қонақтарына естелік кітаптар үлестіріліп, белсенділік танытқан аудан жастары алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, Әбубәкір Әбиұлы Тыныбаев Ұлы Отан соғысынан кейін ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға, соның негізінде халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, ауылды гүлдендіруге қажырлы қызмет атқарған Сырдария өлкесінен шыққан тұңғыш министр. Жергілікті халыққа жылдар бойы арман болған Басықара су торабын салуға бастамашы болған ел ағаларының бірі. Киелі Қазалы топырағында аунап өскен халқының сүйікті перзенті Әбубәкір Әбиұлының еліне қылған қажырлы еңбегі ел есінде мәңгі сақталып, келер ұрпаққа өнеге бола бермек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 желтоқсан 2017 ж. 1 734 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 48

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031