Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әрқайсысы – сыннан өткен нағыз ер

Әрқайсысы – сыннан өткен нағыз ер

Қазақтың ерлігін, баһадүр бабаларымыздың батырлығын кім тамсанып жазбады десеңізші?! Орта ғасырдағы атақты парсы ғалымы, сөз зергері Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани (1457-1530) да біздер туралы тұшынып, таңқала жазды. Ғалымның «Бұхар қонағының жазбалары» атты тарихи еңбегін оқығанда кеудеңді мақтаныш кернеп, «Міне, біз осындай болғанбыз!» дейсіз еріксіз. Ендеше туындының үзіндісіне зер салыңыз.
Түркістан қалалары мен қазақ елінің орналасқан жері туралы әңгіме

Жоғарыда қазақ хандары Шыңғыс­ханның ұлы Жошы хан əулетінен тарайтындығы айтылды. Олардың санының көптігі сондай – жазсақ қағазға сыймайды. Қазір олардың аға ханы Өзбек ұрпағынан тараған, олардың бір бөлігі “қазақ” деп аталады. Хандары – Бұрындық хан. Жоғарыда айтылғандай жəне естілген əңгімелер бойынша, Бұрындық хан қазақ ұлыстарына «Жорыққа шығу үшін атқа қоныңдар» деген бұйрық таратқан кезде, сол сəтте төрт жүз мың əскер жиналды, олардың əрқайсысы қарсыластың онына тең келеді. Олардың құралы мен қару-жарақтарының көптігі сондай – қазақтардың үлкен бөлігі Хатым тайды өз ішіндегі ең кедейі деп санайды.

Даңқты Дешті Қыпшақ

Олардың қару-жарақтары көп болған, құдіреті күшті Құдай оларға жазғы жəне қысқы тұрақтар, малдарын асырау жəне суғару үшін бірде-бір тасы жоқ тегіс жер берген. Бұл беткей өзендер, гүлдер жəне қызғалдақтармен көмкерілген жəне оны Дешті Қыпшақ деп атайды. Мұның бəрі – өзбектердің (қыпшақ-қазақтардың) иелігінде. Бұл Дешті Қыпшақ дегеніміз – нағыз жұмақтың өзі. Оның далалары мен шалғындары Иран бағынан да асып түседі. Біз Сейхун жағасындағы Отырардың қарсыласындағы Самарқан даласына орналасқан кезде, мен ханның қызықты əңгімелерін естідім. Ол былай деді: «Дешті Қыпшақ – алты жүз фарсақ жерге тең. Оның көп бөлігін өзендер алып жатыр. Осы жердің гүлдерінің əдемілігінен бұлбұлдардың өзі ақылынан адасады. Оның əрбір ағашы биіктігі бойынша гүл тəрізді немесе жетінші аспанға дейінгі күн сəулесі іспеттес. Бұл елдің ағаштарының көбі – аққайың, ол ағаш қатты болғандықтан жақсы арбалар, арбаның берік дөңгелектерін жасайды. Бұл ағаштардың басына əртүрлі құстар: лашын, ақбас бүркіт, қырғи ұя салады. Өмірдің мəні Дешті Қыпшақтың жағымды табиғатында сияқты, мұнда көктем кезінде əрбір күнің самал желдің өтінде өтеді, ал тыныш түндері нағыз жұмаққа ұқсайды. Оның барлық гүлдері мен қызғалдақтары үлкендігі жағынан дүниенің басқа бақтарындағы гүлдер мен қызғалдақтардан əлдеқайда асып кетеді. Осы жерді мекендеушілердің тыныштық өмірі мен бос уақыты барлық адамзаттан көбірек-ау деймін».
Бір сөзбен айтқанда, Дешті Қыпшақтың гүлденген даласын сөзбен суреттеп, қағаз бетіне түсіру мүмкін емес. Бұл кең дала қазақтардың жаздық жайылымы. Тамыздың аптап ыстығы кезінде қазақ халқы даланың шет жағасын мекен етеді. Малдың көптігі жəне жайылым керектігі себебінен олар осы кең даланы мекендейді жəне олардың сұлтандарының əрқайсысы өз иелігінде осы аймақтың белгілі орындарын басқарады. Олардың қойы мен сиырының көптігі, үйір-үйір жылқыларының саны бір Құдайдың өзіне ғана белгілі. Есепті бес саусағындай білетін қандай да есепші, бірде-бір сан тізімдеуші олардың малының санына жете алмайды.
Күз келгенде бұл елде ауа-райы суық болып, көп қар жауады, қазақтар қыстау үшін даладан қысқы қыстауға көшеді.
Сөзі сенімді білгірлердің айтуынша – олардың үйлері арба формасында жасалған, үлкен аспан тəрізді үйлер, арбаларға қойылған, ал түйелер мен жылқылар оларды бір тұрақтан екінші тұраққа керуен сияқты тартып жеткізеді. Егер олар бірінің артынан бірі үздіксіз жүрсе, онда олар жүз моңғол фарсах ұзындығына дейін созылады. Ал олардың арақашықтығы бір адымнан аспайды. Əрбір осындай үй арбада бір жанұя тұрады, себебі қазақтардың кедейінің өзінде мыңдаған жылқы, түйе, қой бар. Жəне олардың əрқайсысы сыннан өткен ержүрек, олардың бірі ғана шайқас күні жаудың əскерінің онын жоя­­ды жəне олар өз жауынгерлері ішіндегі он ержүректіні таңдап алып, қамшысын ер-тұрманымен алып қонған кезде басқадай пендешіліктің бəрін ұмытады.
Сөйтіп, олардың көшу əдісі туралы айтылды, олар өздері Еділ деп атайтын Еділ өзенінен бастап Қыпшақ даласының шетінен күн сайын осындай байлығымен көшіп жүреді. Қар тисе тиін терісінен тігілген жəне басқа тон, ішік, жібек киім киіп, түрлі сəн-салтанатымен екі айдан кейін қыстауға келіп жетеді. Олардың қыстауы Сыр өзені деп аталатын Сейхун өзені жағалауы. Жоғарыда біз түсіндіргендей, Сейхун өзені бойында, олардың өз тілінде нар, түрікше қамыс деп деп аталатын бұта өскен. Жері мал азығы жəне қора-қонысқа бай. Олардың қойларының саны ағаштың санына тең, бұл жердің шөбі аз ғана өңдесең, нағыз өмірге айналады. Өмірі лезде тіріліп шыға келеді. Солтүстіктің ерекшеліктерінің бірі – күрделі қосындылардың бір түрден басқа түрге тез айналуында. Себебі, шөбі малына жан бітіреді, жануарлары адамына жан береді, ал топырағы мен суы – жанып тұрған өмір.
Қазақтар Сейхун өзенінің бойын қыстайды. Сейхун жағалауының ұзындығы үш жүз фарсақтан асады. Олар Сейхун жеткенде, Түркістан аймағына жақындайды, өйткені Түркістан да Сейхун жағасына дейін созылып жатыр.

Қымыздың қызығы

Сенімге ие адамдардан естігенімдей, қазақтарда мынадай салт-дəстүр бар. Көктемде олардың биелері құлындаған кезде жылқы сүті көбейеді. Қымыз – жұмақ өзенінің хош иісті сусынына ұқсас. «Оларға Құдай таза сусын сыйлады», мəңгілік жұмаққа кірушілерге нағыз лəззат беретін сусын. Шебер Алла малдың желінінен малдың асқазанындағы қи мен қанынан адамның жанына жағымды таза сүт бұлағын жасады. Оның түсінің аппақтығы оның дəмін татушыларын жүрегінің қайғысын жуып-шайып кетеді. Оның бір тамшысынан адамның көкірек сарайы ашылады. Егер оны семіздік ауруынан зардап шегетін адам ішсе, қымыз оның ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартып, денесі аштықтан мазасыздануын қояды. Ал, егер қарны тоқ адам тамақтану үшін бір кесе қымыз ішсе, онда оның тойып тұрған денесінің ас қорытуы кеңейе бастап, жұғымды сусын жанға тыныштық береді. Ол аштық жарасыннан айықтырады. Адамның барлық ауруы қымыздан ем алады. Денедегі қымыз – əрі тамақ, əрі дəріні алмастырушы. Бұл қасиетті сусын өмірде күш-қайрат беріп, науқас денені сауықтырады. Ол асқазаннан бас сүйекке көтеріліп, ми ішіне жəне бастың құраушы бөліктеріне барады. Ал, баста бұл отты судан мастық пайда болады жəне ол жүрекке көңілді жəне риза болу қақпасын ашады жəне мейірімділік, қуаныш шақырады жəне қайғы жұтқан жүректен тынымсыздықты айықтырып жібереді. Оның көңілдендіретін масаңдатуы есінен айырылуға дейін жеткізбейді, сондықтан оған шарап тəрізді тыйым салынбаған. Керісінше, қымыз ми жұмысын арттырады, ми қараңғылығына қуаныш жəне шаттық сəулесін түсіреді.

Салтанатты – Сығанақ

Сығанақ – (Сығанақ қаласы – қыпшақ хандығының шығыс астанасы, қазақтың алғашқы мемлекеті Ақ орданың астанасы болды) иелігі Дешті облысы солтүстік жағының қолайлы жері. Ертеректе ол өте үлкен, гүлденген қала болған. Осы облыстың барлық жері қолайлы, сонымен бірге тыныштық, байлық орнаған өлке. Бұл қала, шындығында, Дешті Қыпшақтың шекарасы болып табылады жəне бүкіл əлемге жер көлемінің кеңдігімен, сыртқы қауіптің жоқтығымен жəне тыныштығымен аты шыққан қала. Сол елдің сенімді адамдарынан белгілі болғандай, бұрынғы кезде бұл мекенде тұрғындардың көптігі сондай, күн сайын базарларда бес жүз түйенің етін қуырып, кешке қарай базарларда сол еттен бір тілім де қалмайды екен. Шындығында, бұл – керемет өлке. Оның өңделген далаларын суаратын каналдары Сейхун өзенінен тартылған. Сол елдің далалары суға, шөпке жəне тақ деп аталатын отын бұталарына өте бай. Осы қожалықтың далаларында жайылымдағы қой отары тəрізді, жабайы құландар, дала қойлары жəне басқа жануарлар жайылып жүреді. Осы иеліктерде тұратын барлық адамдар қыстан басқа күндері аңға шығып, қысқа азық қорларын даярлайды. Аңшылық кезінде ауланған аң еті осы иелікте арзан тұрады. Бұл елге Дештіден, Қажы-Тарханнан семіз қой, түйелер жəне басқа бағалы тауарлар: бұлғын жəне тиін терісінен жасалған тондар, қатты серпілетін садақтар, ақ қайыңнан жонылған жебелер, жібек маталар жəне басқа асыл бұйымдар əкелінеді. Сығанақ сол иеліктің Дешті тұрғындарына қатынасы бойынша, барлық жағдайлар жасалған нағыз орталық болып саналатындықтан, Дешті Қыпшақтан Еділ өзеніне дейінгі қожалықтардың көпестері Сығанақ қаласында өздерінің қоймасын жасап, осында сауда-саттық тауарларын əкеледі. Түркістан, Мау­­реннахр облыстарының жəне Шығыс­тан Қашқарға, Хорасанға дейінгі ай­мақ­­тардың көпестері Сығанаққа осы елдердің тауарларын əкеледі. Дешті адамдарынан тауарлық айналым жəне айырбас жасайды. Бұл тауарлық қатынас Сығанақта жасалғандықтан, бұл иелік үнемі əр елдерден көпестердің жиналатын орны. Барлық елдердің тауарлары мұнда ағыл-тегіл келеді. Сығанақ тұрғындарының барлығы дерлік батыр, қайратты адамдар.
Дайындаған
Сәрсенқұл НАЗАР
12 қыркүйек 2018 ж. 2 174 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930