Капитан жазбалары
Осыдан 230 жыл бұрын жазылған капитан Николай Рычковтың “Капитан жазбаларын” оқи отырып, ер жүрек қазақ халқының кешегі күніне еніп кеткендей боласыз. Көз алдымызға аузын ашса, көмейі көрінетін ақ көңіл, бірақ сырға берік, уәдеге тастай, адал, нағыз ерлер елестейді. Сағынасың. Өйткені олар біздің аталарымыз еді...
...Бізге көмекке келген қазақтардың қарулары – найза, қылыш, садақ және мылтық екен. Мылтықтарын олар шегіршіннің қабығынан жасаған білтелерімен тұтатады. Мұның әдісі былай екен: атуға ыңғайланған жағдайда шегіршін білтенің бір ұшына оқ-дәрі жағып, оған шақпақ шағып, от қояды, оқ-дәрі жаққан білте қас қаққанша лап ете түседі. Олардың мылтығында құндақ та, шүріппе де жоқ. Мұның орнына мылтықтың ұңғысында шағын тесік қуыс бар, жанған білте оған тиген бойда оқ атылады. Қазақтардың мылтық асынғандары шеттерінен мерген, бұған мылтықтың ортасынан орнатылған екі тіремесі де ыңғайлы, мұндай мылтықтар Ресей казак-орыстарында да бар. Ат үстінде келе жатып мұндай мылтықпен ату қиын, сондықтан да олар бұл мылтықпен ату үшін аттарынан түсіп, мылтығын тіреуіштеріне жайғастырып алып барып атады; сол уақытта бұлардың атқаны қауіпті деседі. Қазақтардың өз жауларына қарсы қолданатын қаруы осындай. Мылтықты олар көбіне Ташкенттен сатып алады. Ал, оқ-дәріні бірсыпыра қазақ өз ұлыстарында өздері жасап алады. Менің аңғаруымша, олар оқ-дәрінің қара және ақ түрін біледі; алайда ол өнерін жұрттан жасырып, ешкімге айтпайды. Бұл қазақтарға сый-сыяпат жасап, іш тартып көргеніммен, олар менің білмекке құмарлығымды тыншытпақ ниет сездірген жоқ. Олардан естігенім: «Сіздің жақтағыдай әдіспен жасаймыз, асып түсіп жатқан ештеңе жоқ, ал бұған қажет керекті өз жерімізден аламыз», – деген сырғытпа ғана болды.
Жауларына қарсы жорыққа шыққан әрбір қазақ үш-төрт атпен аттанады. Соғыс күні мініп шығатын ең тәуіріне тақым салмай, құр ұстайды да, басқаларына кезек мінеді, жол азығын да соларға артады. Осынша атпен шығатын олар күніне 60 шақырымнан 80 шақырымға дейінгі аралыққа жетуде еш қиыншылық көрмейді.
Білікті кісілерінің де, сондай-ақ қарапайым адамдардың көпшілігінің де жорықтағы киім-кешегінің әдеттегіден айырмасы – олар сырт киімнің желкелігіне шұғадан не былғарыдан тігілген тұмар іліп жүреді. Бұлардың біреуінде оларды ауру-сырқаудан, жаудың қару-жарағынан сақтайтын аят жазылған қағаз тігіледі; екіншісінде шайқас күнінде тайсалмас жаужүректік дарытатын дұға-аят болады.
Қазақта халықтың дау-дамайын қазылайтын сот та, құқық та жоқ; алайда кісі өлімі мен ұрлыққа қатысты олардың арғы бабалары қолданып, құптап кеткен таңданарлықтай жөн-жоба бар.
Оларда кісі өлтірген адам сол әрекеті үшін өлтірілмейді, мұның орнына ол өлген адамның ең жақын туысына 100 жылқы, бір тұтқын (жесір мағынасында), екі түйе, шапан, қара түлкі терісін, қаршыға не бүркіт, сауыт-сайман құн төлейді. Кісі өлтірушінің мұны өтерліктей өз дәулеті болмаса, онда жақын-жуықтары төлейді, олардың халықтық жөн-жобаға қарсы тұруға қақысы жоқ. Осынау қажетті құқықты кім-кім де сақтауға тиісті. Бұл жарғыны казақ құн деп атайды.
Адамды жарақаттап, кемтар етушілік оларда жарты өлім деп саналады, сондықтан бұл үшін кісі өлтіргенде төленетін құнның жартысы өтеледі. Қазір ел басқарып отырған Нұралы ханның өзі бұдан бірнеше жыл бұрын осындай жөн-жобаға бойсұнып, бір қазақтың майып болғаны үшін құн төлеуге тура келген.
Ұрлыққа қарсы қолданылатын жарғыны қазақ айбана деп атайды. Оның күші мынадай: ұрлық қылған адам жылқы не қой ұрлап қолға түсіп, ұлыс басшысының алдына әкелінсе, ұрланған бір жылқы үшін үш тоғыз есебімен 27 жылқы, бір қой үшін 27 қой төлейді.
Мұндай жазаға бұйырылатындар оларда онша көп емес.
Көне замандардың табиғатына тән қарапайымдылығын сипаттау үшін әлгіндей (үйлену және жерлеу) салт-дәстүрлерді баяндай кетейік.
Қазақ зираттарын сипаттаған тұстан біз олардың өлген адаммен бірге оның қару-жарағын да көметінін көрдік, қабірлердің үстіне тас не топырақ үйеді, кейде ағаштан не тастан мазар тұрғызады. Өлген адамды кілемге салып алып келеді. Осы жерде марқұмның туған-туысқандары мен жақындары айнала қоршап, өздерінің қайғы-қасіретін білдіреді, молданың оқыған аят-дұғасын ұйып тыңдайды. Аят-дұғамен қоса, марқұмның бұл дүниеде жасаған жақсылықтары, дәулет-байлығы, соғыс-жорықтардағы ерлігі мадақталады. Жерленгеніне бірнеше күн өткен соң өлген адамның мұрагерлері жұртты жинап, ас береді.
Қазақтардың үйлендіру, қыз ұзату тойларындағы ғұрып-салттар олардың ерекшеліктерін көрсетеді, Азия халықтарының бәрі әйелді қалың беріп алатыны белгілі. Қалыңдық үшін берілетін ең орташа деген шама – бір тұтқын, 30 не 40 жылқы және жорық қару-жарағы. Тойдан бір күн бұрын қалыңдықтың әкесі өз үйінен біршама қашықтау жерге ақ отау тіктіреді, күйеу мен қалыңдық арасындағы неке ғұрыптары осы отауда өтуге тиіс. Отаудың алдына әсем ер-тұрманымен күйеудің аты байланады, оның ең жақсы киімі де сол жерге қойылады.
Егер қалыңдық бұған дейін өз абыройын сақтаған болса, той ұлан-асыр қызық-думанмен өтеді; бұлай болмаған жағдайда құдалар жағы күйеудің ер-тұрманы ерттелген атты бауыздап, пәтуаның бұзылғанын білдіріп, киімдерін паршалап тастайды. Мұндайда қалыңдықтың әкесі жиналған жұрттың сөгісіне қалып, қызы үшін алған қалыңнан айрылады. Қазақта мұндай оғаштық ілеуде бір ғана кездеседі, өйткені қыз балаға тіпті жастайынан құда түсіп, атастырып қояды. Некелесетін күні таңертең қалыңдықты төрт қыз қалы кілемге отырғызып көтеріп, барлық құрбыларымен қоштастырады. Бұл қоштасу – оны қыз санатынан шығарудың белгісі; бұған дейін қайын атасының алдын көрмеген күйеудің осы күннен былай оның көзіне көрінуіне болады деп есептеледі...
Өздері секілді басқа халықтарға қарағанда қазақтардың жаратылысынан ақыл-парасаты артық. Табиғи қарапайымдылық пен мейірімділік қазақ әйелдерінде анағұрлым артық.
...Олардың әйелдері еңбекқор келеді. Малды қарап күту, үйдің бүкіл шаруасы, өздерінің жерлеріндегі барша қолөнер істері қашанда әйелдің міндетінде.
***
Қазақ – өте-мөте күшті және саны көп халық, бірақ қазақ дегенде әрқайсысын әр бөлек хандар мен сұлтандар билейтін үш халық айтылады. Барлық үш жүз қазақтың жері Алтай тауларынан батысқа қарай Каспий теңізіне дейін, оңтүстікке қарай Жайық пен Ертістен Әмудария өзеніне дейін жалғасады. Бұл жердің сыртында, қазақтардың айтуынша, хиуалықтардың, ташкендіктердің және ол жақты мекендейтін басқа да халықтардың иеліктері басталады.
***
Таңнан аттанып, шығысқа беттеген жолымызда осынау шөл далада толып жатқан тұзды көлдерден басқа ештеңе кездескен жоқ. Қазақ зираттары, құм жоталар мен қыраттар ғана көлденеңдейді. Бұл күні 30 шақырым ілгеріледік. Одан суы болмаса да, аттарымызға оты мол жерге жетіп шатыр құрдық (шекарадан 450 шақырым қашықтықтағы лагерь).
Осы арадан Өлкейек өзеніне қарай жүрдік. Таңертең аттанған жерден 20 шақырым ілгерілеген тұста айтулы бір үлкен қазақ зиратына жеттік. Онда қазіргі билеп тұрған ханның әкесі – қазақтың өте атақты ханы Әбілқайыр жерленген екен. Осы жерде оны қазақтың Орта жүзінің бір сұлтаны, халық арасындағы күш-қуаттылығын көре алмай, өз төңірегінде тұратын қазақтарды ханды өлтірмек ниетіне қаратып алып, қапыда тап беріп өлтірген. Ханның зираты – күйдірілмеген кірпіштен қаланып, ақ балшықпен сыланған, төрт бұрышты кесене. Бұл ғимараттың батыс қабырғасында кең ашық кірме қалдырылған, мұның өзі салынған жайдың қақпасы іспетті. Ішіне кіргенде балшықтан соғылған табыттың іргесі көрінеді, одан әріде шұңқырда қылыш, найза және жебелер секілді қайсыбір қару-жарағымен, әдеттегі киімімен марқұмның мәйіті қойылған.
Қазақтар бұл өлген ханды әулие деп біледі, оның мәнісі мынадай: марқұмның аяқ жағында ғимараттың бүкіл шығыс жағына сая болып тұрған үлкен боз ағаш өсіп шыққан. Осы өсіп тұрған ағаштың өзі-ақ оның әулиелігі туралы қорытынды жасауға жетіп жатыр еді. Қазақтың бәрі оның зиратын қасиетті санап, оның алуан түрлі киесі бар деп біледі. Жыл толған күндері қазақтар бұл жерге топ-топ болып жиналып, мал сойып, бата жасайды...
Хан зиратының айналасында басына тұрғызылған ғимараттары ханның мазарынан кем түспейтін, тіпті, одан да еңселі басқа мазарлар көп. Біз келгеннен екі күн бұрын бұл жерге қазақ ханы Нұралы өзінің қолымен келіп, әкесіне бата жасаған екен, батаға семіз бие сойылған.
Николай Рычковтың
“Капитан жазбаларынан” дайындаған
Сәрсенқұл НАЗАР