Қазақ даласының өмірі
Бронислав Залесский (1820-1880) – ұлты поляк, Орынбор корпусында қатардағы солдат болған. 1865 жылы айдаудан Парижге қайтып оралғаннан кейін, ХІХ ғасырдың орта тұсындағы қазақтардың əлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін, этнографиясын, кең-байтақ үлкен жері мен табиғи ерекшелігі туралы альбом-кітап басып шығарған зерттеуші. Залесскийдің қазақ ұлты туралы айтқан пікірі, қазақ даласында жүргенде салған суреттері ешқашан маңызын жоймайтын құнды дүние болып қала береді.
Оқырман назарына ұсынылып отырған осынау дүние – тарихи зерттеу де, этнография жөніндегі еңбек те емес. Туристің жолжазбасы деп атауға да болмас еді. Бұл шалғайдағы өлкені мекен етуге дəм айдап келген соң, менің мұнда табаны күректей тоғыз жылымды өткізіп, шетсіз-шексіз даланың бір қиырынан бір қиырына дейін ерсілі-қарсылы, аттылы-жаяулы дегендей, неше дүркін жүріп өтуіме тура келіпті.
Жазира перзенттері өмірінің еріксіз куəгері ретінде олардың тіршілігін қалауымша бақыладым. Олардың аузынан жүйрік қиялдардың жемісіндей кейбір ертегілерін тыңдадым.
Қателеспесем, Батыстың бірде-бір адамы бұл ел туралы көркемдік тұрғыдағы шығарма жазбаған, осынау даланың пейзажын салмаған. Өз шығармамда ұсынып отырған дүниелердің бəрі де өмірдің өзінен ойып алынғандай. Сондықтан да əрбір деталь, тіпті қылаудай ғана жалғыз сызығымда кейбір кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ олардың дəлдігі мен шыншылдығында күмəн жоқ.
Желтоқсан. 1864. ПАРИЖ
Қазақ даласы Орталық Азияның көтеріңкі үстіртті аймағын алып жатыр. Ол батысында Жайық өзені жағасынан басталып, Арал мен Каспий теңізінің солтүстік жағын қамти, түркі тайпаларымен, Бұқар, Хиуа, Қоқан хандықтарымен шекараласса, солтүстігінде Ресейдің азиялық иелігіндегі жерлермен шектеседі. Орынбор губерниясына кіретін жердің бір бөлігінің өзі ғана Францияның, Испанияның, Португалияның жерін қосып есептегендегі территориямен тең екен. Бұл өлкеге көбірек қолданылатын «дала» деген сөздің өзі шегі-шеті жоқ жазықты елестетеді. Қазақ даласы шөлге көбірек ұқсайтындықтан Ресейдің оңтүстігіндегі немесе Америкадағы далалардан біраз өзгешелеу. Мұнда теңіз мүйістеріне ұқсас, ағаш өспейтін, үнсіз жатқан біркелкі қыраттар мол. Бұл даланы Азиядан Еуропаға лап қойған Орда жасақтарының атының тұяғы ертеден-ақ тоздырып баққан. Бір кезде Шыңғыс хан осы дала төсіндегі Отырарды өзінің уақытша астанасы етсе, бертінірек Русьті бағындырған Алтын Орда осы далада көшіп-қонып жүрді. Жабырқау жатқанына қарамай осынау өлкенің өз сұлулығы да бар. Құдай өзі жаратқан əр түкпірге əр түрлі əдемілікті еншілеп беруді əсте ұмытпайды. Еуропалық тіршілікті еске салар мұнда ештеңе болмаса да, тағдыр тəлкегі қуалап батыстан əкелген адамды осынау сұлулықтың өзі-ақ тəнті етер еді.
Арнайы салған жолы жоқ, құдықтары да сирек ұшырасар маң далада бағытыңнан жаңылсаң, бір тамшы су таппай күні бойы адасуың мүмкін, сондықтан жолбасшысыз жол жоқ. Қазақтар дала сыртына жетік, түн баласында жұлдыздарға қарап бағдар алады. Ал жатжерлік болса жергілікті жұрттың əдет-ғұрыптарымен танысу үшін де жолбастаушы жалдауға мəжбүр. Ауыз су табу, аттар мен түйелерге жайылым қарау, төте жол іздеу, көбіне қой етінен əзірленетін тағамды тауып, оны пісіру, міне мұның бəрі де – жолбасшының міндеті. Əдетте, ол керуеннен оқ бойы алда жүріп, жол нұсқап отырар еді. Əнеки, ол кеңістіктегі жалғыз ноқаттай болып алыста кетіп барады. Басқаларға қарағанда тезірек қимылдайтын жолбасшы демалар орынды тауып берген соң, шөп үстіне тыныстауға қисаяды. Керуен тоқтаған кезде ол тағы да атына мінеді. Əдетте, екі жолбасшы болады да, бірі керуеннің жанында қалғанда, екіншісі жан-жақты шарлай кезіп жүріп, небір құдық, небір іркінді су болса да іздеп табады. Содан соң жолбасшы атын ежелгі телеграфтардың белгілеріне ұқсас бір-біріне алыстан қол сермесіп, хабар берер еді. Алғашқы жолбасшы атын желе жорттырып, шығыстан батысқа қарай бірнеше шеңбер сыза немесе бірден бетін шығысқа беріп жүрер еді, кейде бағдар бағаны сияқты орнынан қозғалмай сіресіп тұрған оның тұлғасы көкжиектен көрінер еді. Болмаса ол айналаны шиырлап болған соң, бір биіктің басына шығып алып, атының жанында жайбарақат қисайып жатады. Бұл – əрбір қазақ жатқа білетін дала əліппесінің беташары ғана. Керуен жанында қалған екінші жолбасшы оның белгісі бойынша көшті керекті бағытқа қарай бұрып отырады.
Арал мен Каспийдің арасында жатқан кең алқапты бір тамшы суы, не бір қылтанағы жоқ шөл десе болар. Каспийдің шығыс жағын өңірлеп жатқан Маңғыстау маңы ертегі кейіпкерлеріндей ерен мүсіндерге толы. Мұнда да өсімдік атаулы тым тапшы, бірақ аспаны мөлдір-ау, шіркін.
Даланың өзінің өсімдіктер дүниесі, өзінің жануарлар əлемі бар. Қазақтар оның бəріне де жеке-жеке атау беріп қойған жəне дала қарияларының бəрін де білгір ботаниктер десе болғандай.
Əдетте, қазақтар мығым денелі, өте қарулы келеді, мұрын бітімі қыран тұмсығына ұқсастары, бет пішіні айтарлықтай түзу де ерекшеленіп тұрады, қарашығы сəл жақындау, қытай көзді, таза монғол тектестері де кездеседі, сақал-мұрттары сиректеу болады.
Қазақты ат үстінде тану қажет. Жер түбіне дейін шаршамай-шалдықпай ат үстінде жүре берер төзімділігін, ептілігін көргенде казақтар осы ер үстінде жаралғандай көрінеді.
Тағамға көбіне қой етін пайдаланылғанымен, жылқы етінің дəрежесі қашан да жоғары. Əрбір қазақ, малдың анатомиясын жақсы біледі, сойған малдың терісін іреп түсірісімен-ақ, етін оп-оңай мүшелеп тастайды. Қой етінің əр мүшесі əр түрлі пісіріледі: қайсыбіреуі қуырылса, біразын асып жегенді ұнатады, шоққа қақтап жейтін ет өз алдына. Бұл елде ең көп тараған тағам түрі – қасықсыз, шанышқысыз желінетін қазақша ет, былайша айтқанда, “бес-бармақ”. Бұл қазанға асылып, табаққа туралған соң үстіне тұздық құйылып, қолмен желінетін ас. Ең көбірек бағаланатын тағам – қазы.
Олардың (қазақтардың) киімдері, атқа мініп-түсуге кедергі жасамайтындай етіп қолайлы тігілген. Олар бірнеше шапанды бірінің сыртынан бірін қабаттап кигенді жақсы көреді, сол сияқты тамақ жеуге келгенде Кавказ тұрғындары сияқты өздерін көп тежемей еркіндеу ұстайды. Алайда, қажет болған кезде бірнеше күн нəр сызбай жүре береді, ал енді мол тамаққа кездескен кездерінде еуропалықтардың өңі түсіне кірмейтіндей мол асты дəс қойып кете береді.
Киіз үйдің ішіне кіргенде
Қазақтар қонақжай халық, сол сияқты өздері де жақсылап күтетін үйге қонаққа баруды жақсы көреді.
Қазақтар əңгімелескенді ұнатады. Қазақтар шешен келеді жəне өздері мұны тəлімді тəрбиенің немесе жақсы тектен шыққандығының дəлелі деп санайды. Жоғары мəртебелі кісі əңгімеге бел шешіп араласқан кезде шешендік сөздер мен əдемі теңеулер шегінен аса төгіледі дейсің, даусын көтере, қолдарын сермей отырып сөйлегенді жаны қалайды.
Мен Есет Көтібаров деген кісімен бір күн бірге болғаным бар. Дала төсіне есімі кеңінен мəлім, осы бір дəуірдегі əйгілі кісі. Өзіне барлық атақтардың ішінен батыр деген сөз каттырақ ұнайтындықтан оны ағайындары осылай атайтын. Есет өз руының салығын жинайтын, басшылық ететін көсемі əрі дау-дамайды шешетін əділ соты, яғни биі болған.
Ол серігіміз екеуімізді аға-бауырларымен жəне барлық ет жақын ағайындарымен бірге Шығыстың дарқан қонақжайлылығымен, ақ жарқын пейілімен қарсы алып, үйіне кіргізді де төрге отырғызды. Әңгімені өмір жайлы, адамдар жайлы кеңінен толғап бастады.
Оның айтқан бейнелі сөздерін былайша өрнектеуге болар: «Адам ішінде не бары беймəлім, сандық тəрізді. Онда қажеті аз көр-жер немесе асылдың қиығы, алтынның сынығы болуы да мүмкін. Сандықты ашып көрмей тұрып ішіндегісін білу қиын. Адамның басында қандай ой, қандай хикмет жатқанын да əңгімелескенше білу қиын, демек сөз деген – адам жанының кілті».
Ол достарын да бірнеше түрге бөліп отырды: біреулер сый-сияпат үшін жағымпаздануға даяр тұрса, енді біреулері өзгенің есебінен күн көруге бейім, біреулері басыңда бағың, астыңда тағың барда қасыңнан табылып, бағың тайса қалт берер болса, достардың енді бір түрі сен үшін жанын пида етуге даяр тұрар. Мұндай адал дос, ардақты азамат жер бетінде қалса, кəнеки! Алайда, ондай достан асқан байлық, қымбатты қазына болмас сірə!
Үйде отырғандарды анда-санда: “Апыр-ай, ə!” дегізіп, таңдай қақтырған оның философиялық ұзақ толғамдары əйелдер асқан етті аяқпен көтеріп əкелгенде бір-ақ тəмамдалған. Басқалары сияқты біз де аяқтан етті қолымызбен алып жеуіміз қажет болатын. Үй иесі аяқтан əлденені іздеген сияқты еді, ақыры ол бір кесек майды тауып алды да, ұсақтап турамай-ақ шетінен бір тістеп, қалғанын қонағының аузына асатты. Ғұрып бойынша, бұл мəртебелі қонағын сыйлаудың бір түрі. Егер қонағы тəрбиелі-тəлімді адам болса, мұндай сыйдан бас тартпауға тиісті.
Алайда, жұртшылықтың шын жақсы көріп, қарсы алар қадірлі қонағы – жыршы-жыраулар. Олар мұнда көп-ақ, дала əдебиеті солардың көкірегіне қатталып қойылғандай.
Əнге деп өлең шығару сирек кездеседі. Сондықтан да əн шығаратын адамның қадірі қашан да биік. Той кездерінде мұндай дала өнерпаздарына тамақ пен қымыз тойғанынша беріледі. Егер ол жиналғандардың көңілінен шығатын болса, бірнеше қойды сыйлық ретінде ала алады. Ондай кезде сахарада кездесетін музыкалық аспаптың жалғыз ғана түрі қос ішекті домбыраға қосылып, тойға қатысқан сұлтан мен батырларды жырлайды немесе əн шығарады. Əсіресе, бұрынғы аңыздарды жұрт жақсы тыңдайды. Бұл шын мəніндегі дала тұрғындарының өз жан дүниелерін нақты көрсететін шығармалар, тіпті суреттеп, ұзақ əңгімелесуден де осылайша жеткізу тиімді болуы мүмкін. Қазақтар бұл аңыздарды ертегі деп атайды.
Қазақтардың ат бəйгесінде жүйріктер ұзаққа айдалады, көбіне 40 шақырымнан қайтарып, алғашқы он шақырымды аяңмен келесі онды – желіс, үшіншісін – текірек, ең соңғысын шабыспен жарыстыратын үрдіс бар. Шексіз дала жұрты үшін жүйрік ат – нағыз қазына. Қазақы жылқының тұқымы негізінен ұзаққа сілтейтін жүйрік келеді.
* * *
...қазақтар жаратылысынан ботқадан гөрі ет пен сүт тағамдарын жақсы көретіндіктен, олар жер тырнағаннан мал баққанды артығырақ санайды. Сондықтан да олардың қайсыбіреулері ғана егістікпен айналысқан болады. Бұл тіршілік қандарында болмағандықтан, сəті келсе-ақ оны тастап кете беруге даяр тұрады. Оларды отырықшылыққа көндіру үшін осынау жердің топырағының құнарлы болуы аз, олардың мінез-құлықтарына төңкеріс жасау қажет. Орыстардың келуі ол кереметті жасай алмайды. Олар бекіністер санын молайтар, сауда-саттық жанданар, теңіз жағаларындағы стансалар санын көбейтер, бірақ жалпақ жазира пенделер азғана пұшпақтарында паналайтын құмы мен көгалы аралас кеңістіктің мұхиты болып қала берер. Қазақтар болса өздерінің ұрпақтарына көшпелі өмірдің тізгінін ұстатып кете берер.
Дайындаған
Сәрсенқұл НАЗАР.