Лақалыдағы лайықты қарекет
Қазіргі Лақалы ауылының орнына ең алғаш 1934 жылы бірнеше балықшы үйі көшіп келген. Олар Ескермес, оның баласы Досан, Мақаш және тағы басқа 5-6 үй болатын. Алғаш ауыл «Жаңа тұрмыс» деп аталған. Уақыт өте келе балықшылар көптеп жиналып, ауыл үлкейе түседі. Алғаш колхоз болып 1936-1937 жылдары құрылған. Оның алғашқы басқармасы өзі қатал, талапшыл Алгелді деген кісі болған. Колхоз негізінен балық аулаумен айналысатындықтан ловаз салынады. Онда балықшылардың әйелдері мен балалары еңбек етті. Соғыс уақытында балықты машинаға тиеп қалаға әкететін. Аршагүл, Ізімкүл, Үршат есімді әйелдер балықты тұздап, жіпке тізетін. Колхозды кейін «қалмақ» атанған кісі басқарған, бірақ ол туралы еш дерек жоқ. Одан кейінгі колхоз басқармасы Герасим, соғыс кезінде жомарт жанды, ақкөңіл қасиеттерімен есте қалған Қали есімді кісі басқарған. Сонау бүкіл қазақ халқы үшін зұлмат жылы болған аштықта және соғыс кезінде ауылға шешендермен бірге кәрістер жер ауып келген. Олар да осында жергілікті халықпен бірге қоян-қолтық өмір кешіп, балық аулап, күндерін көрген. Кәріс ағайындар ауыл ортасында наубайхана салып, халықты нанмен қамтамасыз етуге қол ұшын берген. Тағдыр тәлкегімен Лақалы ауылынан тұз-дәм бұйырған осы халық өкілдері кейін өз отандарына кетерде ауыл халқына алғыстарын айтып, қимай қоштасыпты.
Ауыл ортасындағы бастауыш сынып өте жұпыны, терезелеріне қоға тығып қоятын. Ауылдағы бастауыш мектептің алғашқы ұстазы Ғани Әбдірахманов болды. Уақыт өте келе халық саны артып, ауылдағы бастауыш мектеп 7 жылдық мектепке айналады. Кеңес үкіметі құрылмай тұрған кезде ауылға жақын маңда «Ақишан», «Бала ахун» мешіттері болды. Осы мешіттен білім алған Сәдуақас Мақашов мұсылмандық сауатын ашып, «қари» атағын алған. Ауыл халқының көбі латынша және мұсылманша жаза білді. Соғыс алдында ауыл Микоян атымен аталды. Микоян колхозы №7 ауылдық кеңеске қарады. Оның құрамында Коммунизм, қазіргі Бозкөл ауылы, Сталин колхозы болған. Ауыл айнала көлдермен қоршалып тұрғандықтан халық балық аулауды кәсіп етті. Көл жиегіне орналасқан ловазда негізінен балық сақталып, оны Қазалыдағы балық заводына өткізіп тұрған. Ішіне мұз қойылып, жазды күні де балық сақталған. Сол уақыттары Лақалы ловазының аты Москваға дейін жеткен. Балықшылар Қожан, Сәдуақас, Досан, Өтебалы және т.б күнделікті балық аулау жоспарларын артығымен орындаған. Ловаздың балық тұздайтын бөлігінің ені – 1,5 метр, ұзындығы 2,5 – метр. Мұз қаланың ұзындығы – 15 метр, ені – 7 метр. Қабырғалары қамыстан, сақтан және саз балшықтан жасалған. Қазіргі уақытта сол орында ловаздың қалдықтары сақталған. Балық сақтаушы қойма 1985-1987 жылдарға дейін жұмыс істеді.
Соғыстан кейінгі 1950 жылдардан бастап ловазды ауыл азаматы Сансызбай Жансүгіров басқарды. Балық өткізу тапсырмасын орындау үшін Сансызбай балықшылармен ауыл көлдеріне балықтың азаюына байланысты Сандал, теңізден балық аулауға айлап барып жататын. Арал теңізінің тартылуына байланысты көлдер де тартылып, балық та азайды. Ауыл маңындағы Жыңғылды көл, Шайлы көл, Ащы көл, Баулеке, Назарымбет, Шұбыртпалы, Орыс жол, Еңсепбай айдын мен Нұржан айдын, Жайын ред деп аталады. Әлі күнге осы көлдер суы тайыз болса да бар.
Қарап отырсам, Тәуелсіздік алған жылдары аудан орталығынан шалғай орналасқан біздің Тасарық ауылдық округі тұрғындарының тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артып, адам танымастай болып өзгерді. Мысалы: 2006-2011 жылдары Лақалы, Тасөткел, Тасарық елді мекендеріне құны 97 миллион теңгенің жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Лақалы мен Тасарықтан әрқайсысы 11 миллион теңге тұратын екі заманауи үлгідегі емдеу орталығы салынды. Тасарықтан құны 336 миллион 167 мың теңге тұратын екі қабатты мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, Бозкөл, Лақалы, Тасөткел, Тасарық және Кәукей ауылдарының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 1 миллиард 412 миллион теңге жұмсалыпты.
Бүгінде сексен үш жылдай тарихы бар Лақалы ауылы Тәуелсіздіктің нұрлы шуағы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкелік қамқорлығына бөленіп, жылдан-жылға көркейіп келеді. 1991 жылы мектеп ауласындағы шеге топыраққа алғаш рет тал ектіріп, оны он сегіз жыл бойы қолмен суартқан мектеп басшысы Серікбол Сансызбаевтың ұшан-теңіз еңбегі өз жемісін беріп, құм ішіндегі балықшылар ауылы жасыл-желекке бөленіп тұр.
Үстіміздегі жылы Лақалы елді мекенінде 333 млн тұратын екі қабатты 100 орындық мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, ауыл бүлдіршіндері қуанышқа кенелді. Қорыта айтқанда, өркениет көшіне ілесіп, рухани жаңғыруға ат басын бұрған Лақалы ауылы болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді.
Құттыбай БАЙМАХАНҰЛЫ,
Лақалы ауылы.