Он баланың жүзіндегі қуаныш
Бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда қайырымдылық жасау кез келген адамның қолынан келе бермейтін қасиет. Мұндай батыл қадамға жүрегінде иман нұры бар, кеудесі мейірімге толы жандар ғана бара алады. Бұған біздің Өркендеу ауылдық клубында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткен қайырымдылық шарасында көзіміз анық жетті.
– Рамазан – қайырымдылық айы. Бұл айдағы игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз екені белгілі. Сондықтан қасиетті айда балаларымның амандығы үшін садақа берсем деп жоспарлап едім. Төтеннен біршама шаруалар шығып, соның орайы бүгін келді. Азын-аулақ жинаған қаржыға балаларға қуаныш сыйлауға тырыстым. Өскелең ұрпақтың бал-бұл жайнаған жүздерін көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Менің негізгі көздегенім де осы болатын, – дейді ардагер ұстаз.
Азын-аулақ жинаған қаржыммен балаларға қуаныш сыйлауға тырыстым. Өскелең ұрпақтың бал-бұл жайнаған жүздерін көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Менің негізгі көздегенім де осы болатын, – дейді ардагер ұстаз.
Зейнеткер ұстаздың демеушілігімен өткен концертте Айнаш Айтуғанқызының немерелері мен қамқорлыққа ие болған бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетті. Олардың бірі мың бұрала би билесе, екіншісі әннен шашу шашты. Ал, енді біреулері айтулы ақындардың өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Ауылдық клубқа жиналғандар кішкентайлардың өнеріне риза болып, сахнадағы қайырымдылық жәшігіне садақаларын салды. Өз кезегінде бұл қаржыны Айнаш Айымқұлова Ұлы Отан соғысында және қиын-қыстау кезеңдерде қаза тапқан өркендеуліктердің әруағына арнап Құран бағыштау үшін "Жолмырза ата" мешітінің бас имамы Әл-Мұхаммед Рүстембекке табыс етті.
Шараға қатысқан Өркендеу ауылындағы №104 мектептің психологы Бақыткүл Орақбаева балаларға қамқор қолын созған ардагер ұстазға аналық алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Игілікті іске ұйытқы болған жанға ата-аналардың айтар алғысы шексіз.
– Айнаш апайды бұрыннан жақсы танимыз. Мектепте мұғалім болғанында түрлі шараларды ұйымдастырып, игілікті істің басы-қасынан табылатын. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болған тұста да көп балалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларына қолдан келген көмегін көрсетті. Міне, бүгін де сол әдетінен танбай тағы бір шараны қолға алды. Бала-шағасының қызығын көрсін. Әрдайым дені сау болып, немерелерінің ортасында бақытты да, бақуатты ғұмыр кешсін, – дейді Өркендеу ауылының тұрғыны Нұргүл Баеке.
Ж.СОВЕТҰЛЫ