Халқына қалқан болған Боздақ батыр
Өз заманында халқының азаттығы үшін өмір бойы күресіп өткен батыр баба Жанқожа кезі келгенде елінің ар-намысы үшін емірене білетін батыр-билерді маңына топтастырды. Олар да әулие әрі батыр бабамыздың әруағына бас ие табынып, қасынан табылып, қолдап, жауға бірге аттанып, жан қияр жорықтарда сенімді серік бола білген. Бұлардың алдыңғы қатарында Ақтан Ақайұлы, Дабыл, Қызылбас, Тоғанас, Қыстаубай, Жолдасбай батырлар, Бекмырза хан, Жетес, Үмбет билер, тағы басқалар. Сонымен бірге, бізге жеткен шежірелік тарихи деректерге сүйенсек солармен үнемі бірге Боздақ батыр да болған.
Жанқожаның серігі Боздақ батырдың әкесі Ақжол да кезінде жаужүрек батырлығымен тарихта аты қалған ерлердің бірі. Ол анталаған жаулармен болған талай шайқастарда асқан ерліктерімен аты әйгілі болған Асау Барақ батырдың үзеңгілес досы, оның қызы Оңайды алып, Боздақ сонан туған екен.
Ақжолұлы Боздақ батырдың есімі тарихи деректерде көп аталады, ерлігі талай көркем шығармаларға арқау болған. Көнекөз қариялардың айтуынша, кезінде жыраулар «Боздақ батыр» хиссасын бір түн бойы жырлап, тыңдаушыларының айызын қандырады екен. Ел аузында қалған әңгімелерде Боздақтың жүрек жұтқан батырлығымен бірге келбетті аса сұлу, тұлғалы адам болғаны айтылады. Кезінде Қазалыға губернатор келетін болғанда алдынан жергілікті адамдардан кімді шығарамыз деген ойластықта, ондай адамның тілге жүйріктігі Жетестей, мырзалығы Құлбарақтың Сердалысындай, көркемдігі Боздақтай болсын деп пәтуаласқан екен деген де сөз бар.
Әруақты батыр Жанқожа Нұрмахаммедұлы бастаған Сыр бойындағы Қазалы, Арал маңын мекендеген ата-бабалардың Хиуа хандарының езгісіне, қарақалпақтардың шапқыншылығы мен орыс отарлаушыларының бодандығына қарсы ұлт-азаттық күресіне қатысушылардың қатарында Боздақ батырдың да бірге болғанын жерлесіміз Тойбазар Елемесовтің 1968 жылдары баспадан шыққан «Жанқожа» атты кітабын оқығанда анық көз жеткіземіз.
Онда қазақтың жерін, елін қорғау жолында жанын қиған Кенесары хан қоқандықтар берік бекінген Созақ қорғанына шабуыл жасауға күш жинап, аттанғаны тарихтан белгілі. Өйткені, егер Созақ қорғанын талқандаса әрі қарай Түркістан, Сауран, Шымкент, Сайрам қалаларына жорық жасауға жол ашылатын еді. Бұл жолы Ұлытау бойын қыстап шыққан Кенесары ханның жаңадан жинаған нөкерлеріне Сырдан жалғыз Бұхарбай батыр ғана қосылған. Алайда Кенесары хан Созақты барып қамап, қанша айла-шарғы жасағанымен бекіністі ала алмаған. Қаруы көп, тәсілі басым, саны артық Қоқанның әскері қазақтарды маңына жақын жуытпаған. Қорғаннан атылған зеңбірек пен мың сан мергендердің оғы хан әскерін беттетпейді. Олар бірнеше күн ұдайы ұрыс жүргізген шабуылдардан ештеңе шығара алмапты. Әрі ойлап, бері ойлап, қосымша күш жинап, басқа амал ойластырмаса болмайтынына көздері жетті. Амалсыздан Наурызбай мен Бұхарбай батырлар Жанқожаны алдырмаса болмайтынын айтып, Кенесары ханды әзер көндіреді. Бұл ұсынысты қолдаған Байұзақ пен Бұғабай билер қастарына Бұхарбай батырды алып, жолға шықты...
Жанқожаның ауылына келіп түскен билер мен батырлардан айтылмаған сөз қалған жоқ.
– Ел ырысына туған ер едің Жәке, ел басына күн туды. Сізді шақыра келіп отырмыз, – деді өз ауанымен жаяулай сөйлеп Байұзақ датқа. – Өзіңе лайық қолыңды жинап, жүрмесең болмайды.
– Жәке! Шегірткедей қалың Шектің Сізді өз көзінен бір күн таса еткісі келмейді. Ол досқа да, дұшпанға да аян, – деп сөз бастады Жетес би. – Алыстан ат сабылтып келіп отырған мына ағайынның бүгінгі қолқасы орынды сияқты. Бүкіл халықты, ел-жұртты ортаға салып отырған жайы бар. Ол да болса Сіздің шоқтығыңыздың биіктігі шығар. Ежелгі жау ел болмас деген ғой, аттансаңыз деймін Жәке! Көп болса Кенесарымен ат кекілін кесісіп кеткен шығарсыз. Ханнан кеткенмен халықтан кете алмайсыз. Ел қорғаны, батыр бабамыз еді деп Сізге халық елшілері келді. Халық ұлық, олар болашақты болжап отыр.
Бұл сөзді Жанқожа батырдың жанында отырған Ақтан, Боздақ батырлар мен Бекмырза хан да қоштай жөнелді.
Тоқетерін айтқанда, осы кеңестен кейін Жанқожа халқы үшін, елі үшін алыстағы жауға аттануға белін бекем буды.
– Ал, елші ағайын! Айтқандарың болды, енді аттарыңа қонасыңдар, хандарыңа барып айтасыңдар, алты күн өтіп, жетінші күні өз тобыммен жетемін. Созаққа жалғыз тием, ешкімнің көмегінің керегі жоқ, – деп келгендерге жол болсын айтты.
Жанқожа батыр қасындағы Бекмырза хан, би, батырлармен ақылдаса келіп, Созақ бекінісін алуға бес жүз қолмен аттанатын болды.
– Олай болса, Кішкенеден екі жүз жігітті ертіп мен шығам, Айдарбек, Жақайымнан екі жүз жігітімен Боздақ шығады. Сонда Ақтан бастаған Қаракесек пен Қарасақал атам үлесіне жүз кісі тиеді. Созақ жортқан жылқыға осы арадан он күншілік жер, жеті күнде жетуіміз керек. Төрт жігітке екі жарамды жылқыдан қосар аламыз, ертең кештете атқа қонамыз. Бәтуа осы, – деді батыр баба.
Сонымен Қазалының «Алайғыр» атты алабынан аттанған Жанқожа бес жүз қолмен жетінші күн дегенде Созақ қорғанының батысына табан тіреді...
Осылайша Жанқожа батырдың халқының абыройын асырып, Созақ бекінісін талқандағаны тарихта осы кезге дейін аңызға айналып, ерекше айтылып келеді.
Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, Жанқожа батыр қаза тапқаннан кейін Қазалыдағы орыс әкімшілігі Сыр бойы, Қазалы, Арал өңіріндегі Шекті руларының басшылығына арнайы жарлық шығарып, Боздақ батырды тағайындаған көрінеді.
Алайда Жанқожа аңдыған дұшпандардың қолынан қаза тапқаннан кейін ел арасында көп өзгерістер болады. Ел басқарудағы әділетсіздік, зорлық-зомбылықтарға шыдамаған халықтың бірлігі кетіп, жан-жаққа босып, кез келген жаққа көшіп, қоныс аудара бастайды. Бірсыпырасы отырған қонысынан безіп, Үргенішке қарай бет алады.
Осы кезде Қазалыдағы патшалық әскер басының айтқан ұсынысымен Боздақ батыр сол босқан елді қайтаруға аттанады. Бірақ сапары сәтсіз болады. Босқындар батырдың келер жолына қараша үйдің керегесін жайып тастайды. Сөйтіп, аты сүрініп жығылған кезде құлаған Боздақ батырды нөпір топ сойылдап өлтіріпті.
* * *
Егемен ел атанғалы бері өткен тарихымызды зерделеп, бұрын айтуға тиым салынған, теріс үгіттің салдары қайта қаралып, нағыз шындықтың бетін ашуға мүмкіндік туды. Білектің күші, найзаның ұшымен толарсақтан қан кешіп, елін, жерін қорғаған ата-бабалар, ержүрек батырлар есімі белгілі бола бастады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді алға тартып, салт-дәстүрімізге сай еске ала бастадық. Осы орайда – Боздақ батырдың немересі Әлқуат Маханұлы қолына түскен құжаттарды жинақтап, есіткен-білгендерін тебіреніп, тілі жеткенше жыр қылып айтады. Жанқожаның серіктерінің бірі ретінде қасындағы батырлармен болып, жан беріскен жорықтарда ерлік көрсеткен атасын әлі күнге біреу білсе, көпшілік біле бермейді, соны жарыққа шығарсам деп армандаумен келеді.
– Боздақ батырдың руы Жақайым, оның Көлімбеті, Мөңке аталығынан, Жетес, Үмбет билермен қатар өмір сүрген, – дейді батырдың немересі Әлқуат ағамыз. – Ақжолдан Боздақ, одан Кәдірімбет, Нарымбет пен менің әкем Мақан туады. Боздақ батыр қызмет бабында арнайы тапсырмамен жүргенде қастандықпен өлтірілгенде балалары Кәдірімбет 11 жаста, Нарымбет 7 жаста, ал, менің әкем Мақан 5 жаста қалған екен. Ұрпақтарына «Боздақ шүңгілі» деген жерді тегін беріп, үлкен қамқорлық жасалыпты.
Мақаннан Әлқуат, Еркін екі ағайындымыз және Күлшат деген апам болған. Жетімдік пен жоқшылықтың зарын бір адамдай тартып өстік. Біздер адам болып, есейіп, ел қатарына қосылуымызға апам Күлшаттың еңбегі зор болды. Үй-күйсіз, тарығып жүргенде құдайдың қарасқаны шығар, жақсы адамдардың қамқорлығын көп көрдім. Адам Уәлиев деген анамды үй сыпырушылыққа жұмысқа алды. Көршіміз Құрманбай Мергенбаевтың баласы Құлмағамбетпен өмірімізше дос болдық. Әкемді, апам Күлшатты танитын Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы Төлеген Дәуітбаев аш-аламан кезде қол ұшын беріп, бір тойынып қалдық. Жоқшылықтан қысылған кезде Ұлы жолдың бойында келе жатып, Алла жарылқап бұйыртса лотереядан ұтыс шығып, жеңіл машина мінсем, оны сатып, там салсам, отау құрсам деп тілек тілеген едім. Сол тілегім қабыл болып, «Волга» жеңіл машинасын ұттым. Бүкіл Қазалыға атағым шықты. Сөйтіп, арманыма бір жеткен едім. Шын тілесең, құдай жеткереді екен.
Осылайша көп қиыншылық көріп ержетіп, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын училищеде жүргізушілік курста оқып, механик-комбайнер, жүргізуші құжатын алып, соның арқасында нан тауып, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрдім. Қазір шүкіршілік қой, ұл-қыз өсірдік, немере сүйдік. Халқымның ортасында, денсаулықтың арқасында жақсы-жаманды көріп жүрген жайымыз бар. Ата-бабадан дарыған әруақ қолдап, Алланың аузыма салғанын айтып, қаріп-қасерлердің келешегіне болжам, түрлі кеселге шалдыққандарға ем айтып, сәуемді тигіземін.
Боздақ батырдың немересі Әлқуат Мақанұлы 1937 жылдың 5 сәуірінде Қазалы қаласында дүниеге келген. Бүгінде 80 жасты артқа тастаған ол Әйтеке би кентінде тұрады. Келбетіне көз тояды, еңгезердей денесі, омырауын жапқан ақ сақалы, пошымы нағыз бұрынғының батыр, әулиелерінің көзіндей деуге болады. Оның ата-тегінен дарыған кейбір қасиеттеріне адам таңқалғандай. Әлі денсаулығы мықты ақсақалдың бойындағы тылсым күш оны халық емшісі атандырған. Арнаулы орындардың мұқият тексеруімен берілген «Халықтық және дәстүрлі емес медицина тәсілімен сауықтыруға рұқсат» деген сертификаты бар. Халықаралық Емшілер қауымдастығының құрметті мүшесі.
Әлқуат Мақанұлы өзінің бойындағы тылсым күшті ғарыш кеңістігі арқылы берілетін белгілермен байланыстырады. Осы қасиеті арқылы ол алдына келген сырқаттардың науқасын анықтап, түрлі ем жасап, болжамдар айтады. Аян арқылы берілген елес бейнені сол сәтінде қағазға түсіріп, кейін майлы бояумен өрнектеп, айнытпай салатын өнері де бар. Боздақ атасының бейнесін де осы қабілетінің арқасында салғанын мәніне келтіре әңгіме етеді.
Менің Боздақ батыр жайлы осы мақаланы жазуыма да оның немересі Әлқуат Мақанұлының атасының қилы тағдыры, қаһарман ерлік жолдары жайлы дәйекті деректермен айтқан әңгімелері арқау әрі себепші болғанын да айтуым керек.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суретте:Жанқожа бабаның серіктерінің бірі – Боздақ батыр
Боздақ батырдың немересі Әлқуат Мақанұлы.
Боздақ батырдың немересі Әлқуат Мақанұлы.