Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Батыр баба ерлігі ұрпаққа өнеге

Батыр баба ерлігі ұрпаққа өнеге

ХІХ ғасырдың ортасында ұлт-азаттық көтерілісті басқарған айтулы батырлардың бірі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ұрпақтары бар ма екен деген сұрақ әркімді қызықтырары анық. Батырдың туған жері Қазалы өңірі болғандықтан одан тарайтын ұрпақтардың алды осы ауданда туып-өскен.
Ауданда және еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын батырдың бүгінгі ұрпақтары тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Біз қазіргі уақытта Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында тұратын, Жанқожа батыр бабаның төртінші ұрпағы, яғни шөпшегі болып келетін Қоблан Шынжырбайұлы Көрегеновтен тарайтын Жасарал Көрегеновке жолығып әңгімелескен едік.
Жасарал Қобланұлы ұзақ жылдар бойы еліміздің Бас прокуратура институтында аға прокурор, заң кеңесшісі болып абыройлы қызмет еткен. Құқық қорғау саласындағы әділет полковнигі шенімен зейнеткерлікке шыққан Жасарал ағамыз қазір Астана қаласында тұрады. Астана қаласының прокуратура ардагерлері кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Астана қаласының прокуратура ардагерлері кеңесінің төрағасы.
«Әкем Дина Нұрпейісовадан дәріс алған»
– Жасарал аға, әңгімемізді алдымен өзіңіздің Жанқожа батырға қалай жақын болып келетініңізден бастасақ.
– Шежіре бойынша, Жанқожа батырдан – Итжемес, Жолшы есімді екі бала туады. Итжеместен Ерқабыл, Айтуған, Ерқабылдан Жақсылық, Намаз, Оспан, Едеш, Ертілес атты бес бала болады. Жақсылықтан Өмірбай, Өмірұзақ, Өмірбайдан Әбдіқалық, Өмірұзақтан Жанұзақ, ал Айтуғаннан Ақау, Келім, Көреген, Шынжырбай, Жалғасбай, ал Шынжырбайдан Қоблан туады.
Қоблан әкеміз 1916 жылы қаңтар айында Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Әкеміз жас кезінен алғыр, ширақ, пысық болып өскен. 9 жасында халық композиторы, атақты күйші Дина Нұрпейісовадан дәріс алған, арабша оқыған. Соның арқасында, кейіннен тамаша айтыскер, өлеңге де, қара сөзге де жүйрік болған. Ол сол жас кезінен осы өнерімен жұртшылықтың аузына ерте ілінген. Араб тілін білуі өз алдына, кейін жазбаша әріптеріміз латынға көшірілгенде оны да жақсы меңгеріп, бала оқыта алатын дәрежеге жеткен. 1949 жылы Жамбыл облысының Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы) ауданына көшіп келіп, бар ғұмырын балаларды оқытуға, олардың адал болуына, отансүйгіштікке, елінің абыройлы азаматтары болуға арнаған. Қарапайым мұғалімдіктен мектеп директорлығына дейін көтеріліп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Луговой ауданы мен Жамбыл облыстық газеттерінің штаттан тыс тілшісі болған. Кейбір өлеңдерін араб, латын қаріптерімен жазған. Оның өлеңдері мен мақалалары Жамбыл облыстық газеттерінен басқа, республикалық және Қазалы, Арал аудандық газеттерінде жарияланып тұрған. Жоғарыда айтқандай, ақындық, айтыскерлік өнерімен көзге түсіп, талай облыстық айтыстарда жүлделі орындарға ие болған. 1977 жылы Алматы қаласында басылып шыққан «Шұғыла» атты өлеңдер жинағына оның да өлеңдері кірген.
Сондай-ақ, Қоблан әкеміз қол өнерімен де жақсы айналысқан. Ол ер-тоқымдар, қамшы, жүген секілді ат әбзелдерін, басқа да тұрмыстық құрал-жабдықтармен қатар, домбыра мен бесікті де шебер жасай білген. Сауаттылығы арқасында тарихи шежірені қағазға түсіріп, Жанқожа бабасы туралы мақала жазған. Ол қазір еліміздің Ғылым академиясының қорында сақтаулы.
Анамыз – Күлшәй Айымбетқызы (руы Қарасақал) әкемізбен жарасымды ғұмыр кешіп, Алланың берген ұрпақтарын дүниеге әкелді. Анамыздың әкесі Айымбет кезінде Қазалы ауданына танымал, бай адам болған екен. Анамыз 10 бала – сегіз ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, 1961 жылы «Батыр ана» атағына ие болған. Ол балаларын адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеп, қатардан қалдырмауға тырысты. Әкеміз Қоблан 1983 жылы, ал анамыз 1999 жылы қайтыс болды. Шүкір, «орнында бар оңалар» дегендей, қазір әрқайсысымыз өсіп-өніп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатырмыз.
«Сайын даланың соңғы ұлы батыры»
– «Батыр болып тумайды» десек те, батырдың батырлығы бала кезінен байқалатынын талай аңыз-әңгімелерден оқып біліп жүрміз. Сол сияқты батырдың жас кезі туралы естеліктер қалған ба?
– Ең алдымен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданының «Арықбалық» ауылында 1774 жылы дүниеге келіп, 1860 жылы яғни 86 жасында бесін намазы кезінде болған шайқаста Елекей сұлтанның қолынан қаза болғанын айта кетейін.
Әрине, батырға байланысты, оның жастық шағы туралы әңгіме көп-ақ. Соның бірі мынадай, Жанқожа бала кезінен-ақ кез келген жанмен жөнсіз жалбақтап сөйлесуді ұнатпаған, кісі үйіне, бөтен ауылға қыдырып бара бермеген. Осы мінезбен ол он бес жасқа жетеді.
Сол кезде Сыр бойының қазақтарын Қылыш деген батыр билейді. Қылыш батыр Бұхардан жан-жаққа тарайтын саудагерлердің жолын тосып, жыл сайын олардан зекет алады екен. Бұхар саудагерлерінің жүгін тартуға кіреші болып көбінесе Сыр бойының қазақтары жалданады. Қылыш батыр кіреші қазақтардан да «зекет» деп көп алым алады. Бергені қолдан, бермегені жолдан дегендей, алым жинау кезінде ешкімді аямаған.
Бір жолы кірешілікке Жанқожа да барып келе жатса, кірешілерді Қылыштың інісі Күйеубай деген тоқтатып, көп малын тартып алады. Күйеубай жәбірлеген адамдардың ішінде Есенбек деген болады. Ол Жанқожаның аталарына жиен екен. «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, он бес жасар Жанқожаны ертіп, Есенбек Қылыш батырға арыз айта барса, Қылыш жауап бермейді. Сонда Жанқожа ашуланып, Қылышты айбалтаның ұңғы жағымен періп жіберіп, талдырып тастайды. Бұл хабарды естіген Нұрмұхаммед ұлыққа қол жұмсады деп, баласы Жанқожаны Қылышқа ұстап береді. Бірақ Қылыш жас Жанқожаның бұл өжеттігіне разы болып, оны өлтірмей, «батыл екенсің, батыр бол» деп батасын береді. Қылыштай батырдың өзінен бата алған Жанқожаның есімі сол күннен бастап елге жайылады.
– Жанқожа батырдың тарихи ерлігінің бірі – Хиуа хандығына қарсы көтерілісті басқаруын айтуға болады. Осы көтеріліс жөнінде және оның маңызы жайлы қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– ХІХ ғасырдың бас кезінде Сырдария, Орал өңіріндегі қазақтардың Хиуа хандығына қарағанын білесіздер. Ал Қазақстанның оңтүстігінің біраз жерін Қоқан хандығы биледі. Олардың билеуші топтары қазақ халқына жиі-жиі шапқыншылық жасап, ауыр салықтар салған. Қоқан, Хиуа хандықтарының отаршылық озбырлығына күйінген қазақтар сан рет көтеріліске шықты. Әсіресе, 1845-1850 жылдары халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған Хиуа хандығына қарсы көтерілістің пәрмені өте күшті болды. Сырдария өзенінің төменгі ағысының Қуаңдария және Жаңадария өзендерінің бойын мекендеген қазақ ауылдарында егін еккен, мал баққан шаруалар қолдарына қару ұстап, батырға еруге әрқашан да дайын болды. Хиуаның ханы Аллақұл Жанқожа батырға қарсы жазалаушы әскерлерін жіберіп, оқтын-оқтын мазалап отырған.
1845 жылы жазғытұрым Қуаңдария бойында кескілескен ұрыс болады. Таң алдында басталған ұрыс кешке дейін созылады. Екі жақ та аянбай соғысады. Туды Жанқожа батырдың өзі ұстайды. Кешке жақын, жаудың беті қайтып, кейін қарай ысырылып қаша бастайды. Қазақ жігіттері «Жанқожа» деп ұран салып жауды өкшелеп Қызылқұмға енгенше қуады. Осы ұрыстан кейін Хиуаның ханы Сыр бойына өктемдігін жүргізуге қайтып беттемейді. Сөйтіп, Хиуа, Қоқан хандықтарының қазақ елінің ішіне ену әрекеттері іске аспайды.
Ал одан кейінгі кезеңде орыс патшаларының отаршылдық қысымына қарсы тұрған Сыр өңірі қазақтарының қолбасшысы бола білген Жанқожа батырдың бұл бағыттағы ерліктері де өз алдына бөлек әңгіме. 1856-1858 жылдардағы патша озбырлығына қарсы Қазалы өңірі қазақтарының көтерілістері туралы зерттеген тарихшылардың деректерінен де көп нәрсені табуға болады.
– Тарихшылар демекші, қазақ батырларын, оның ішінде Жанқожа батыр жайлы біраз деректер жинаған ресейлік тарихшы, зерттеуші И.В.Аничков екені белгілі. Батыр жайлы тағы да қандай зерттеушілердің еңбектерін білесіз.
– Иә, айтулы батырдың ерлігіне алғаш тәнті болған ресейлік тарихшы, зерттеуші И.В. Аничков Сыр бойына арнайы келіп, Жанқожа батыр туралы деректер жинаған. Ол 1884 жылы Қазан қаласында «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты очерк жариялайды. Осынау шағын кітапшада батырдың шынайы бейнесі келтірілген, 1856 жылғы орыс басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті басқарған қазақ батырына деген сүйіспеншілігін жасырмаған.
«Сайын даланың соңғы ұлы батыры, Әулие Жанқожа алғашқы кезде орыс ұлықтарымен жақсы қарым-қатынаста болған еді. Алайда, ақ патша орнатқан жаңаша билік, ел басқару түріне көндіге алмады. Ақыр аяғында ел арасында ағайын-туғанына аса қадірлі, оларды қорғай білген, халқына пана болған Жанқожа батыр қорлыққа шыдай алмай, жасы 86-ға келгенде сүйегінің асыл бекзат екенін көрсетіп, соңына мыңдаған сарбаз ертіп, атажауымен арыстанша айқасты. Осы шайқаста өзі мерт болды».
Жанқожа батыр туралы осындай деректерді алға тартқан И.Аничков шындыққа жүгінген, батырдың айбыны мен абыройын асқақтатқан. Ол одан әрі батырдың ерлігін дәріптей келе, бұл «Орта Азияның басқа халықтарына қарағанда қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің қатты дамығанына байланысты» деген ой-пікірімен жалғастырады.
Қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің бірі – Мұхаметжан Тынышпаев: «Барлық үш орданың он бір атақты батыры және биі, қазақтың бостандығы үшін күрескен Жанқожа батыр (Әлім, Шекті, Құттық, Майдан) орыстарды да, хиуалықтарды да, қоқандықтарды да, хандарды да мойындаған емес» деп жазады. Бұл да батырдың батырлығына берілген баға болса керек.
Жанқожа батыр бастаған көтеріліс жайында орыс тарихшылары А.Якунин, М.Вяткин, В.Шахматовтар өздерінің құнды деректерін қалдырды. Қазақ жазушыларының ішінде алғашқылардың бірі болып жазушы Т.Шойынбаев 1949 жылы жеке кітап шығарды. Қазалылық Өмірзақ Ахметов, аралдық Тойымбет Күлімбетовтердің шежірелерінде де батыр жайлы қызықты деректер бар. Л.Кенжеев деген азамат кезінде Жанқожа батыр жайлы дастан жазса, атақты Төремұрат жырау мен Мұсабай жырлаған хиссалар және басқа жыршы-термешілер шығарған тарихи жыр-дастандарды да сүйіп тыңдайтындар көп.
«Жауынгерлік рухқа тәрбиелеудің темірқазығы»
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін батыр бабалардың ерліктері лайықты бағаларын алып, олардың есімдері ұлықтала бастады. Былай қарасаң, етігімен су кешкен, еңку-еңку жер шалған батыр-бағландардың есімдері жиі айтылып, кеңінен насихатталып жатқан секілді. Осы тұрғыдан келгенде, Жанқожа батыр елімізге қаншалықты танымал болды деп ойлайсыз?
– Шүкір, Жанқожа батыр есімі халқының жүрегінен мәңгіге орын алды. Тәуелсіздік алған бойдан ерлердің есімін лайықты құрметтеу басталды. 1992 жылдың қазан айында Премьер-министрдің орынбасары М.Жолдасбековтің өкімімен Жанқожа батырды еске алуға байланысты арнайы шараларды ұйымдастыратын комиссия құрылды. Осы үлкен игі шараның арқасында 1992 жылғы 15 қарашада Қазалы ауданында батырдың кесенесі ашылды. Жанқожа батырды еске алу асына орай Арал және Қазалы аудандары қосылып, 500 киіз үй тігіп, батыр рухына арнап 3 күн бойы үлкен ас берді. Ат жарысы, қазақша күрес, ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Батырдың 200 жылдық торқалы тойына байланысты ауқымды мәдени шаралар ойдағыдай өтті. Осы тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен халыққа танымал саяси қайраткерлер, халық әншілері мен күйшілері, белгілі ақындар, жазушылармен бірге Түркия мемлекетінен қасиетті Құранды қазақшаға аударған атақты Халифа Алтай да қадірменді қонақ болды.
Ал енді Жанқожа батырдың өмірі мен ерлігі жайындағы белгілі жазушы Зейнолла Шүкіровтің «Жанқожа батыр» кітабы, этнограф-тарихшы Әбдісаттар Оспановтың, танымал жазушы Молдахмет Қаназдың, жазушы Бекділда Алдамжаровтың осы аттас романдары, қазалылық қарымды қаламгер Әлмәмбет Әлішевтің «Бабаның кереметтері» атты әңгімелер жинағы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Айта берсек, Жанқожа батыр туралы кітап та, аңыз әңгімелер де жетеді.
Міне, батыр есімін осылай ел болып құрметтеудің арқасында бас қала Астана қаласында, облыс орталығы Қызылорда қаласында, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде Жанқожа батыр атындағы көшелер бар. Өткен жылы Қазақстанның Өзбек елімен шектесетін шекара бекетінің біріне Жанқожа батыр есімі берілді. Мұның бәрі сөз жоқ, батырға құрмет. Ерлікті осылай дәріптеуді, өткенді ұмытпауды – жастардың бойына жауынгерлік рух қалыптастырудың темірқазығы деп білемін.
Сұхбатымыздың соңында, батыр баба дүниеге келген өңірдің қазіргі жастарына не айтар едіңіз деген дәстүрлі сұрақты қойғым келіп отыр.
– Туған жер әркімге де ыстық. Әсіресе, Алаштың қасиетті бір туар ұлын, киелі баба-сын ардақтаған қазалылықтардың ниетіне әрқашан да ризамын. Биыл Астанада Наурыз айында өткен қазалылық жерлестердің ғибратты бас қосуында да Жанқожа батыр баба жайлы, ерліктері жайлы естеліктерді жалғастыра беру жөнінде айтып жатқандардың көп екенін көріп, мың жасап қалдым. Сондықтан туған жерін, оның ерлерін ұмытпайтын, имандылық іске белсене араласып жүрген барша жанашыр жандарға «Қазалы» газеті арқылы ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
Баршаңызды Жаңқожа батырдың рухы әрдайым қорғап, желеп-жебеп жүрсін демекпін!
Сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін, «Қазалы» газеті оқырмандары атынан өзіңізге де шынайы алғысымызды білдіреміз.

Әңгімелескен,
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы.
15 мамыр 2018 ж. 2 984 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 74

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 69

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930