Сыңсу айтудың да сыры бар
Сыңсу – қыз ұзату дәстүріне байланысты туған тұрмыс-салт жырларының бірі. Бұл - қыздың ұзатылар алдындағы ел-жүртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып- өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады. Бүгінде ғасырдан ғасырға жібі үзілмей жеткен ғибратты ғұрып әлі де өз жалғасын тауып келеді. Ұядан ұшыру тойында көрініс тауып жүрген бұл үрдісті ұзатылар қыздың көпшілік алдында айтып жүрген әнінен жиі байқайсың.
Былай қарасаң ерекше көрініс. Десе де бүгінде ескі салт өзінің естілігін жоғалтып жатқан жайы бар. Тіпті бастапқы мазмұнынан алшақтап бара жатқандай. Оған қазіргі тойларда байқалып жүрген жайттар дәлел. Ашығын айтсақ, сыңсуды ұзатылар қыздың өзі емес, тойда өнер көрсететін шоу бизнес өкілдері айтып жүргендігі қайран қалдырады. Тіпті мұны ер адамдардың айтып жүргенін де естіп, көріп жүрміз. Бұл қаншалықты дұрыс? Олай болса, сөзімізге арқау болған жыр төңірегінде әңгімелеп көрелік.
Жалпы, атам заманнан бастау алатын бұл салттың тәрбиелік мәні өте зор. Қыз өз босағасынан аттар шақтағы айтылатын бұл жыр көпшіліктің аузында «босағаға айтылған табалдырық жыры» деп те аталады. Құда түсіп, сырғасы салынған, некесін қидырған қыздың үйінен ұзатылып шығарда ел-жұртымен қоштасып айтқан әні бұл. Ол туған жерге, туысқандарына деген қимастығын айтып, «қыздың қонақ» екенін артында өсіп келе жатқан сіңлілерінің құлағына салады. Бұрындары қыз сыңсуды сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған.
Көп арасында бұл салтқа қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Біреулері – бұл қоштасу жыры десе, ал кейбіреулері – тұрмысқа еріксіз шығып бара жатқан қыздың зары дегенді айтады. Ал этнограф ғалым Болат Ботпайұлының айтуынша, сыңсу –қуаныш пен бақытқа толы жылау. Шерменде жыр емес, сыңғыр дауысқа толы жыр. Оның жай ғана айтылмайтынын ескеру керек. Жыр керемет мақамға, әнге, әуенге келтіріп айтылады, – дейді ол.
Ал танымал әнші Тамара Асар қазақ қыздарының сыңсу айтпағанын алға тартады. Ол бұл турасында «Ұйқым келмейді» бағдарламасында берген сұхбатында айтқан-ды. Оның айтуынша, сыңсу – еріксіз кеткен арудың зары. Қазақтың қызы сыңсу айтпаған. Қазақтың малға, шалға кетіп бара жатқан қызы ғана сыңсу айтқан. Сыңсу – еріксіз кеткен қыздың зары, жоқтауы сияқты», – деген еді әнші өз сөзінде.
Әнші сөзінің жаны бардай сезіледі. Бұған қазақ қоғамында орын алған қыздардың тағдыры дәлел болса керек. Олар өздерінің басындағы жайды ұзатылып бара жатып сыңсу арқылы жұртқа естірте отырып, қайғы –қасіретін шағып, шығарғанға ұқсайды. Сыңсуда қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелерімен ұштасып, ескі әдет- ғұрыпты әшкерелеумен қатар қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасы білдірілген. Сыңсу өлеңдері құрылысына қарай 7, 8,11 буынды болып келеді.
Бүгінде бұл салт әлі де көрініс табуда. Десе де бұрынғы қалпынан өзгеше. Ұзатылып жатқан біршама қыздар арнайы сыңсуға мәтін жаздырып, той үстінде әуелетіп жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Мұнысы көңіл қуантады. Бірақ сол сыңсу айтып жүрген қаракөздеріміз атадан келе жатқан текті салттың салмағын сезіне ме екен, сол сұрақ... Неге десеңіз, әйтеуір жұрттан қалмайын деген желеумен шоуға негізделген сыңсу деп айтылып жүрген әннің түрі көп. Оның мәнін тереңінен ұғынып жатқан ешкім де жоқ. Сыңсуды айтқан қыз төркінінен жат босағаға кетіп бара жатқандығын жүрекпен сезініп айтпаған соң, мазмұнын жоғалтпағаны дұрыс па дейсің кейде. Айтам деген адамға ешкім тосқауыл болмайды, әрине. Десе де қыздың тектілігін көрсететін салтты текке қор етпегеніміз абзал. Ескі ғұрып жаңаша сипатқа ие болып, жұртшылыққа ұнап жатса, құба-құп дерміз. Тек, ескіліктің қалдығы деп күресінге көміп тастамасақ жарар.
Арайлым ЖҮСІПОВА