Қыз ұзату тойынан қуылған асаба күйініп, сұқбат берді
Асаба Берік Алибаев қазақ тойында болатын ақылға қонымсыз дүниелер туралы айтып, өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz "Замана" басылымына сілтеме жасап.
"...Мәселен, сүндет тойда "Ұлымыздың мұсылман болғаны құтты болсын!" деп айтып жатады. Мұны естіген халық та оны солай қабылдайды, солай айтады. Негізі, ол сөз дұрыс емес. Кез келген қазақ дүние есігін ашқанда мұсылман болып келеді. Сондықтан мұсылман болғаны емес, "сүндеттелгені құтты болсын" деп айтылуы керек. Біреулер "піштіру", "пішпе той" деп те жатады. Біле білсек, адамды емес, малды піштіреді. Дұрысы – сүндет той. Өзім әр жерде жиналған қауымға бұл сөздің қате екенін айтып та жүремін", - дейді ол.
Сондай-ақ асаба халал тойдың кейбір құпиясымен де бөлісті.
"Дінде өз-өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шықпайды дейді. Бірақ қазір жаназасын шығарып жүр. Бұл көзіміз көріп жүрген дүние. Сол секілді "халал той" дейді де, "сұрап жатқандар болса" деп "складқа" екі жәшік арақ әкеліп қояды. Сонда арақты шәйнекке құйып берсе, Құдай оны ыдыстың ішінен көрмей қала ма? Онымен кімді алдап жатыр? Оның өзі бір мәселе", – дейді Берік мырза.
Тамада жігіт қазіргі ұзату тойлардағы кейбір жөнсіз іс-әрекеттерді де ашынып айтады.
"Қазақта тұрмыста болған қызды ұзатпаған, бірақ қазір төрт рет ажырасып келсе де, бесіншісінде той жасап, ұзатады. Тұрмыста болып келген келіншектің бетін ашпайды дейді, бүгінде ол он рет күйеуге тисе де, он біріншісінде бәрібір беташарын өткізеді. Халқымыз қызды ұзатпай тұрып, екі жақтың некесі қиылмай тұрып, екі жақ бір-бірін құдалыққа шақырмай тұрып, бірін бірі "құда" деп атамаған. Қыздың беташары өтпей, басына орамал тақпай тұрып, "келін" деп айтпаған. Ал қазір қыз жақ бірінші болып құдалық шақырады.
Қызды ұзататын болса түсте құдалық, кешкісін ұзату той өтеді. Қызды шығарып салған соң ертеңіне ұл жақта той болады. Бұл уақыт жағынан ұтымды шығар бәлкім, бірақ қыз ол үйдің босағасын әлі аттаған жоқ, болашақ жарымен некесі қиылған жоқ, беташары өткен жоқ, қалай бөтен бір кісілерді "құда" деп шақырып, төс қағыстырады? Мен осы нәрсені айтамын деп көпшілікке жақпай қаламын. Осыдан кейін ұзатудың құдалықтарына мені шақырмайтын болды. Мен үн-түнсіз той басқарып, ақшамды алып қайтсам да болар еді. Бірақ асабаның міндеті жақсы костюм-шалбар киіп алып, қымбат тойға шығу емес, қазақты шежіресінен, салт-дәстүрінен ажыратпау. Осыны асабалар түсінсе деймін", - дейді ол.
Күн өткен сайын қазақтың салт-дәстүрі жоғалып бара жатқанына ашынған асаба мына бір нәрсеге де назар аудартады:
"Ұзату тойларда ортаға алдымен қызды шығарады. Бұл маған "Мына қызға бай бар ма?" деп тұрғандай көрінеді. Ол қыз әуенмен ырғалып-жырғалып шыққан соң ғана барып жігітті шақырады. Бұл дұрыс емес. Айналайын-ау, бұл қай жақтан келген салт-дәстүр?! Бірінші, қыз іздеп, "Міне, шаңырақтарыңызға келдім, осы әулетке күйеу боламын, қыздарыңызға сүйеу боламын" деп жігіт келуі керек емес пе?! Одан кейін оған сынақ беріп, "бәрекелді, сынақтан өттің" деп, содан соң ғана қызды көрсету керек емес пе?, - дейді асаба.