Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлақ тесудің де тәрбиелік мәні бар

Құлақ тесудің де тәрбиелік мәні бар

Жұмыс аяғында әріптестеріммен ананы-мынаны сөз етіп, әңгіме дүкен құрып отырғанбыз. Кенет Балнұр құлағымдағы сырғаға көзін салып. ойланып тұрып: «Қызымның құлағын тестіртуім керек еді. Бірақ сәл өссін деп күтіп жүрмін, әйтпесе обал сияқты. Әлде ес білмей тұрған шағында тескізіп алайын ба?» деді сұраулы кейіппен. Әңгімемізге араласқан Айсана әріптесім: «Қызыңның жасы небары бір жарымда емес пе? Әлі кішкентай ғой. Оның үстіне қазақ қыз баласының құлағын көбіне жеті жастан бастап тескізген» деді. Екеуара әңгімені тыңдап отырған мен де ортаға өз ойымды қосып, «Жаста тұрған не бар, ертерек тессе не болады дейсің?» дедім. Айсана маған жалт қарап: Жаста тұрған деймісің? Әр нәрсенің өз уақытында болғаны дұрыс. Бала балалықтан өтіп, осы бір салттың маңызын түсініп, сырғалым атанып, қыз санатына қосылуы керек емес пе?» деді. Әріптесімнің айтқан сөзінен соң, мен осы сұраққа өзімше жауап іздеуге бекіндім. Ендеше соны сіздердің назарларыңызға ұсынбақпын.
Құлақ тесу – халқымыздың ежелден келе жатқан ғұрпы. Бұл үрдіске айналған дәстүрде үлкен мән жатыр. Бүгінге дейін өз жалғасын тауып келе жатқан бұл дәстүр көбіне қыз баласы жеті жасқа толған шағына қарай орайластырып, жасалады. Кішкентай қыз жетіге дейін қуыршақ ойнап жүрсе, құлағы тесіліп, сырғалым атанған сәттен бастап ол өзінше бой түзеп, тіпті мінез-құлқы да өзгереді. Осы уақыттан бастап үлкендер қызына «Сен енді қыз болдың, енді сенің қуыршақ ойнағаның жарамас» деп, қыз баласы жасап білуі шарт дүниелерге бейімдейді. Атап айтар болсақ, кесте тігіп, ою оюға өзге де нәрселерге үйретеді.
Бүгінде құлақ тесу, сырға тағу ғұрпы өз маңызын жоғалтып бара жатыр деуге болады. Әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні, қазақы салт-дәстүрлерді дәріптеп, насихаттап жүрген жазушы Зейнеп Ахметова бір сұқбатында бұл үрдісті көбі сән үшін жасап жүргендігін айтып, қынжылысын білдірген еді.
– «Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есірдік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті гауһар тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескен. Өйткені жетіге дейін ол тұлымшағы желбіреп асыр салып ойнап, балалық дәуренді басынан өткеруі тиіс. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғи да айтып келемін. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс, – дейді ол.
Расында «құлақ тесу – қыздың сүннеті». Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыз баланы да балиғат жасына толғаннан кейін немесе одан да бұрын құлағын тесу парыз саналады. Мұндай рәсімді көбіне ауылдың ақ жаулықты аналары жиналып орындаған.
Әуелі бидайдың қос дәнін алып, құлақтың сырғалығын тесер тұсына екі жағынан салып, уқалайды. Құлақ тескен кезде ауырсыну болмас үшін әбден жанын кетіріп алатын болған. Содан соң отқа қыздырылған инемен тескен. Тесілген құлаққа бір демде сырға салынбай, бастапқыда инеге сабақталған жіпті салпыншақ етіп байлаған. Үлкендер жібек жіптің құлақта еркін айналуына маңыз беріп, оған май не түкірік жағатын болған. Тіпті ертеректе жібек жіптің орнына иттің жүнінен иірілген жіпті де пайдаланған көрінеді. Себебі халқымыз иттің жүнінен жасалған жіптің емдік қасиетіне сеніп, тесілген құлақ тез жазылады деп пайымдаған. Құлақ әбден жазылған уақытта ғана таза күмістен сырға тағылған.
Ал қазір ше? Бүгінде бұл сәндік үшін ғана жасалатын құбылыс па дерсіз. Себебі қазір көбісі бала бесіктен шықпай, тіпті бала алғашқы қадамын баспай жатып-ақ арнайы құлақ тестіру орындарына барып жатады. Көп жағдайда ерте жастан құлақ тесу баланың ауырсынуды сезініп, шошынуына әсер етуі мүмкін. Бұл турасында сұлулық салонында жұмыс жасайтын маман Әсемгүл есімді ару былай дейді.
– Маған көбіне жас ата-аналар кішкентай қыздарын жиі әкеледі. Бірақ мен көбіне 5 жастан төмен балаларды қабылдамауға тырысамын. Себебі шынашақтай қыздардың алдымда үрейленіп отырған сәті жаныма батады. Арнайы пистолетпен атып, тесу бірнеше секундтық жұмыс болса да, мұндай сәттің олардың жадында жағымсыз сәт болып жазылып қалғанын қаламаймын. Сондықтан көбіне кішкентай болса да өз қалауымен, сырғалым атануға ниетті қыздарды салонымда күтемін және олардың ерекше қуанышпен кеткенін көргім келеді, – дейді маман.
Қыз баланың құлағын тесудің тәрбиелік мәні зор екендігі даусыз. Халқымыз мұны ежелден-ақ білген. Олай болса, қыз дәурені басталмай жатып-ақ тәрбие беруді парызы санайтын халқымыздың осындай өнегелі дәстүрінің бастапқы мазмұнын жоғалтпай, одан ары жаңғыртайық дегім келеді.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
26 шілде 2022 ж. 1 021 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930