Елімізде ипотека алу жеңілдейді

Фото: pixabay.com
Қазақстанда ипотекалық несие беру ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.Бұл туралы Krisha.kz порталы жазды.
Агенттік Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) ипотеканы халық үшін қолжетімді әрі қауіпсіз ету мақсатында бірнеше бастама ұсынды.
Ипотекалық мөлшерлемелер төмендейді
Бүгінде банктер ипотеканы барлық комиссияларды қосқанда жылдық 25%-ға дейінгі мөлшерлемемен бере алады. ҚНРДА бұл шекті 20%-ға дейін төмендетуді ұсынып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл тұрғындардың қарыздық жүктемесін азайтуға және қарыздық тұзаққа түсудің алдын алуға көмектеседі.
Аталған жаңа ереже бастапқыда маусым айында күшіне енуі тиіс болған, алайда мерзімі кейінге шегерілді. Жаңартылған талаптар 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап қолданысқа енгізіледі. Осы уақытқа дейін қазіргі ережелер күшінде қала береді.
Бастапқы жарнаны бірыңғайлау
Қазіргі таңда әр банктің бастапқы жарнаға қойылатын талаптары әртүрлі: біреулер 20% сұраса, басқалары 50%-ға дейін талап етуі мүмкін. ҚНРДА бастапқы жарна мөлшерін 10-20% аралығында бірыңғай стандартқа келтіруді ұсынады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама ипотека нарығын тұрақтандырып, төлемдердің кешіктірілуін азайтады және сатып алушылар үшін жағдайды жеңілдетеді. Қазіргі таңда нақты шегі талқылану үстінде, бірақ ең ықтимал нұсқа — 20% стандарт енгізу.
Тек Отбасы банкі емес
Қазір тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне тек Отбасы банкі арқылы қатысуға болады. Болашақта осы жүйеге өзге де банктердің қосылуына мүмкіндік беру ұсынылуда.
Мамандардың айтуынша, бұл қадам клиенттерге таңдау мүмкіндігін арттырып, банктер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Нәтижесінде, жинақ шарттары клиенттер үшін тиімдірек болуы ықтимал. Жаңа мемлекеттік банктер ашу жоспарланбайды, тек қолданыстағы бағдарламалардың аясын кеңейту көзделген.
Мемлекеттік сыйақы тек нақты жинақтаушыларға беріледі
Қазір Отбасы банкінің барлық салымшыларына мемлекеттік сыйақы төленеді. Оның көлемі — жинақталған соманың 20%-ы, жылына шамамен 148 мың теңгеге дейін.
Алдағы уақытта бұл сыйақы тек тұрғын үй мақсатында жинақ жүргізіп жатқан азаматтарға ғана беріледі. Сонымен қатар банктер клиенттерге мемлекеттік сыйақысы бар және онсыз, бірақ басқа шарттары бар өнімдерді ұсыну мүмкіндігіне ие болады.
Бұл ұсыныстар қазіргі таңда Мәжіліс қарауында. Талқылау 2025 жылдың тамызына жоспарланған.