Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келін мен кебін

Келін мен кебін

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп хакім Абай айтқандай, адам өмірінде ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезімін астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың маңызы айрықша. Сезім, бас-аяғы тұжырымды философиялық ойға жинақталатын әр халықтың лирикалық өлеңдері оның ауыз әдебиетінен бастау алады. Қазақ фольклоры өмір өзектілігін танытатын тұжырымды, тәжірибелі философия. Әр дерегінен астарлы, тылсым түсінікке құрылған өмір мен өлімнің арасындағы үлкен байланыстың барына көбіміз мән бермейміз.
Жазылмаған дала заңына бағынған бабаларымыз үйленіп, отау құруда ерекше құндылықтарды қастерлеген. Бір ғана келін түсірудің айналасына сан мыңдаған ұғым топтасқан. Келін – сөзі туыстық атауды білдіретін некедегі әйел, өз күйеуінің жасы үлкен туыстарына, немере ағайын, аталастарына жаңадан қосылатын жан. Бұл сөзің түп-төркіні түрліше тарқатылады. Қазақтың ауызекі этимологиясы оны кел+ін сөздерінің бірігуінен жасалған деген мысалды алға тартады. Алайда халқымыз мешіттен кейінгі құтхана санаған қасиетті орын – қарашаңырағын ешқашан інге, яки жануардың үйіне теңемеген. Тіпті шаңырақты бейберекет қозғалтпай, босағада бейәдеп сөздер айтпай, есікке оң аяқпен кіру әдебі өз баспаналарына деген құрметтің үлгісін аңғартады. Демек «келіннің» інге қатыссыздығын аңғару қиынға соқпайды. Ал этонәлеуметтанушы Евфрат Имамбек «келін» сөзін келуші адам деген ұғыммен байланыстарады. Бұл ақылға қонатын тұжырым. Осы орайда сөздің әдепкі нұсқасы біріккен «келің» сөздерінен тарауы да бек мүмкін деген ой оралады. Алайда ол сөзтанушы, дәстүр зерттеуші мамандардың ісі. Біздің айтқалы отырғанымыз бес мың жылдық тарихы бар, алғаш танымдар қалыптаса бастаған тұстағы, тәңіршілдікке де, исламдыққа да қатыссыз кезеңде қалыптасқан дәстүрдің терең философиясы.
Келін – тылсым құбылыс. Бір шаңырақтан екінші отбасына ауысу арқылы дәстүр жалғастығын түзуші осы бір жанның рөлі халқымызда ежелден маңызды. Қызды қонаққа балап, оған барлық жақсылық пен игілікті ұялатуды дәстүрге айналдырған жұртымыз қоғамдағы маңызына бойлауды ертеден ұғынған.
Қыз бала үйден ұзатыларда оған қызыл түсті киім кигізген. Этнограф Мақсат Тәжиннің жазбасында бұл туралды былай делінеді. «Қызыл түс түркі жұрты үшін кең мағына береді. Соның бірі жастық шақпен байланысты». Ғалымның зерттеуі алғашында онша ойға қонымды болмаса да, туыстас түркі тілдеріндегі «қызыл» сөзінің мағынасын беретін «қырмызы» баламасының қолданыстағы «қырмызы гүл», «қырмызы қыз» тіркесіндегі түсінігімен түйістірсек, дұрыстығына бойлайсың. «Қызыл» сөзі айтылғанда ойға оралатыны оның адам денесіндегі қанның түсі екендігі. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «қарындас» біздегі ер адамнан кіші қыздың атауы емес, бір құрсақтан, қала берді барлық туыстар атауы болса, бертін келе тарылады. Түркі тілдес халықтардың біржары бұл мағынаны активті қолданады. Атақты Қожаберген жыраудың «Қарындастан айырылған қиын екен, Екі көзден мөлдіреп жас келеді» деуі, жыраулар поэзиясындағы түсінігі біз айтқан әдепкі мәнін ұғындырады. Ал «қандас» түсінігі қаны бір дегеннен өзге, осы қарындастың қысқарған түрі болуы да ықтимал.
Қалыңдық басына киілетін сәукеленің үш бөліктен тұратыны соңғы жылдары нақты ғылыми деректермен айқындалған. Төл философиядағы үштік – үстіңгі қабат – аспан, ортаңғы қабат – жердің үсті және соңғы қабаты – жер асты тұдырымын танытады. Өмір ағашы – жолтеректің бейнесін беретін бас киімнің келін басына киюі үш ұғымды біріктіріп, ұрпақ жалғастығын, өмір жалғастығын түзуші дегеннен туындаса керек-ті.
Ұзатылған қыздың туған жерімен қоштасарда айтатын әні – «Сыңсу». Қыз ұзату дәстүріне байланысты туған тұрмыс-салт жырларының бұл түрі қыздың кетерде ел-жұрты, ағайын-туыс, құрбы-құрдастары, туып-өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады. Сыңсуды ұзатылатын қыздың сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған. Өлеңін әдетте ақындар немесе қыздардың өздері шығарған. Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы жұртқа өзінің мұңын, қайғы-қасіретін жеткізген. Қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелерімен ұштасып, ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеумен қатар, қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасы білдірілген. Этнолог Серік Ерғалидің айтуынша, сыңсудың мәні жоқтаумен бірдей. Себебі, бір елден келесі жұртқа аттанып бара жатқан қыз өз төркіндерімен қоштасып, зарлы запыранға толы қимастық әнін салады.
Маман зерттеуші үйлену тойы мен адам өлімін шығарудағы салттық тіркеспелі тәртіптің ұқсастығы туралы тағы бірнеше дәлелді ойлар айтады. Мәселен, жаңа түскен келіннің бетін 3 күн жабу – адам денесіне жан енетін уақытқа дәл келетінін, шымылдық тұту – о дүние мен бұл дүниенің арасын бөлуші екендігін келтіреді.
Келінге ақ киім кигізу, ақ жаулық тағудың да кебінге қатысы бар. Танымымызда өз үйінен басқа үйге барған адам өмірмен, жастық шағы, бұрынғы туыстарымен қоштасып, қайтадан тіріледі. Жаңа туған баладай жаңа дүниеге келеді. Осы орайда «Тойда қалыңдықтың ақ киім киюі қайдан шыққан?» деген дәстүрлі сұрақ туындайды. Деректерге жүгінсек, ақ көйлек кию үрдісін ежелгі гректерден бастайды. Алайда бұл дәстүр біздің тарихымызда тым әріден бастауын алады. «Ақ» – түстің, реңнің атауы. Этимолог Әбдуәли Қайдар «ақ» сөзінің ежелгі атауына «шал» дегенді ұсынады. Қолданыстағы шалкөде, шалқұйрық сөздерініндегі алғашқы түбір ақ түс ұғымына саяды. Ал «ақ» сөзі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде тура мағынасы «шын», «тура», «ақиқат», «хақ» деп берілсе, ауыспалы мағынасында «ағу» етістігінің баламасы ретінде қарастырылған. Бұл сөзді негізге алсақ, ақ киім кию дініміздегі «хақтың жолы» яки өмір философиясына ену деген түсінікті де топшылатады. Қазіргі таңда Үндістанда, қытай, корей халқында ақ түсті киімді қазалы, қайғылы жағдайда ғана киетін үрдіс әлі сақталған. Бірде қытайдан келген оралман бауырларымыздың үйлену тойында омырауларына біздегідей ақ емес, алқызыл түсті гүл таққанын көріп, сұрғанамызда, ол жақта ақ гүлді адам қайтыс болатында ғана киімге қадайтынын білдік. Бұл мысал ақ киюдің тарихы ұлт, ұлыс бөлінгеннен бұрын пайда болғанын дәлелдейді.
Бүгінгідей ене мен келін отбасылық театрдың басты рөлдерін сомдайтын үрдіс қалыптасқан тұста, халықтың қастерлі, терең түсінікке ендіретін «неке» ұғымы күрделі өзгеріске ұшыраған. Үстіңе киген ақ көйлек пен басыңа оралған ақ жаулық, бетіңді көлегейлеген шымылдық, жаңа өмір әліппесіндей болған беташардың сырын нақты сезініп, жауапкершілігін түйсінсек, елдегі әрбір төртінші жұптың ажырасуы азаяр еді деген ойда қаласың.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
06 шілде 2021 ж. 1 398 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930