Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адал да, әділ би болған Жақас еді

Адал да, әділ би болған Жақас еді

Телефон ұз-а-ақ безілдеді. Құлақ тостық.
Қызылорда қаласынан екен.
– Әке-е, – деді таныс дауыс саңқ етіп, – Жақасұлы Асхат балаңыз ғой, азаннан мазалап тұрған.
– Е-е, оқасы жоқ. Есен-сау барсыздар ма?
– Жақсы, жақсы... Өзіңіз білесіз, әкем 1986 жылы дүние салды. Соңғы істеген жері Әйтеке би кентінен биыл атына көше берілді. Көзі тірі болғанда тоқсан жасын тойлар едік. Амал қанша. Енді ұл-қыздары болып рухына ас бермекпіз.
– Қашан?!
– 13 мамыр күні, сағат 12.00-де. Келіңіз, күтеміз!
* * *
Ойхой, зымыраған уақыт-ай! Заулайды-ай, заулайды... 1946 жылдың күзінде институтқа қабылдандық. Соғыстан кейінгі ауыр кезең. Күніге бір келіден нан беріледі. Шикілі-пісілі ржанай. Таңғы бес-алты шамасында оянамыз. Бір бөлмеде онбыз. Онымыз да көтерілеміз. Көше тас қараңғы. Әйтсе де нан түсетін ларектың маңы ығы-жығы адам. Жақас Шеріп бізге екінші оқу жылында қосылды. Ұзын бойлы, қапсағай, келбетті жігіт. Ара-тұра ол да нан кезегіне тұрады. Қалған тоғызымыз жаныпелінде боламыз. Әйтпесе, күндік напақамызды үлкен қаланың шпана-жүгірмектері қағып кетеді.
– Жақас, қайдасың? – деп оқтың-оқтын айқайлап «Мында біз бармыз» дегендей қоқиланамыз.
– Бармын, бармын... Бері жақын­даңдар. Міне, міне... Келіп қалдым. Сол тұста біз де қалың топтың ішіне лап қоямыз.
Жатақханада дәу сары самаурын ертелі-кеш бұрқ-бұрқ қайнайды. Әлгі бір келі сыбағамызды үшке бөліп, үш мезгіл ыстық сумен соғып аламыз. Ас мәзіріміз осы. Шыдамағандар қайтып жатыр.
Жақас Жамаладдинұлы Шеріп ауылдан жеті жылдық білім алғасын Қазалыдағы бір жылдық мұғалімдер курсын бітіреді. Сөйтеді де, яғни 1943 жылы, он алты жасында «Мәстәт» және М.В.Фрунзе атындағы мектептерде мұғалім, әрі оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Осы қызметте болып істе ысылғаны институтта көп көмек болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, озат студент атанды. Әрі өнерпаз еді. Домбырашы болатын. Күйдің неше түрін тартады. Бірақ ұзақ оқи алмады. Құжаттарын жинастырып, қайтқалы жүр дегенді есітіп:
– Ау-у, мұныңыз не? – дедік таңыр­қап. Әрі үлгілі, зерек, «Стахановшы» жерлесімізді жібергіміз келмей.
– Бол..ма..ды, – деді өзі де ренжіп,..болмады достар...
Шыдап-ақ бақтым. Әкем Жамаладдин 1900 жылғы еді. 1941 жылы алғашқы лекпен соғысқа алынды. Анамыз Зағипамен үш бала қалдық. Сондағы үлкені мен 14-темін. Оқыдық. Ләждап күн көрдік. Әкем соғыстан ауыр жараланып 1943 жылдың күзінде оралды. Днепр өзенінен өтердегі қырғынан әйтеуір аман қалған ғой. Әйтсе де сол сырқат 1945 жылы әкемді алып тынды. Отбасының ендігі асыраушысы мен емес пе? Екі қарындасым Ақтолқын мен Ақира құлпырып өсіп келеді. Олардың да алаңсыз оқып, сәнді киінуі керек. Қайта, институттың екі курсын бітіріп үлгіргеніме қуанамын. Қалай десең де «незаконченный высший» ғой, сірә, оқуды сырттай жалғастыратын болармын, деді.
Осы әңгіменің ертеңіне-ақ Жақас досымызды қимай-қимай, жайбасар пойыздың қызыл вагонына шығарып салғанбыз.
* * *
Жүйріктің аты жүйрік, алғырдың аты алғыр. Біз институттың дипломын «құшақтап» келгенде Жақас Шеріп мырзаңыз аудандық атқару комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне бекіп жатыр екен. Осы қызметті ол 8 жыл мінсіз атқарды. Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің негізі сол жылдары қаланады. Өзі 1957 жылы Мәскеуде өткен VI дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалына делегат болып қатысады. Ол Астаналық атақты әртістер: Қ.Жандарбеков, Ғ.Құрманғалиев, Ш.Жандарбекова, І.Ноғайбаев, Е.Серкебаев және басқаларын қалай қабылдағанын, үйінде қонақ еткенін, елдің оларға ризалығын жыр ғып баяндаушы еді.
Мәдениет бөлімінің меңгеру­шілігінен 1960 жылы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына жоғарылап, сайланғаннан-ақ Жақас ілгері оқуды, білімін жетілдіре түсуді қарастырады. Том-том кітаптарды ақтарып дайындалады. Бір демалыс күні құтты қонысына соққанымызда: «ол досың кітапханада отыр, қазір сендер түгілі, маған да қарайтын уақыты жоқ», – деп Заған келіншек сылқ-сылқ күлген-ді. Ол орыс тілін де әжептәуір игерген-ді. «Құласаң нардан» демекші. 42 жасында Мәскеудің Бүкілодақтық заң институтының сырттай оқу бөліміне барады. Абырой болғанда қабылдау емтиханынан сүрінбей өтеді. Мұнша жаста оқуға ұмтылатындар, әрине тым сирек-ті. Ал ол талаптанды, мақсатына жетті. Әрі жақсы оқыпты. Академик А.Пономараев оның бір курстық жұмысын оқып шығып: «сырттан оқығандардың арасынан бұрын сендей талантты кездестірмеппін. Жазбаңның бір данасын музейге өткіземін, кейінгілер көрсін», – деп шәкіртіне ерекше разылығын айтыпты. Сол заң инситутының үшінші курсын тамамдаған жылы-ақ ол Арал аудандық прокуратураның тергеушілігіне та­ғайын­далады.
Сөйтіп 1972 жылы 45 жасында, толысқан тұсында қиын да қатерлі, аса жауапты іске кірісіп кетеді. «Алтын пышақ қап түбінде жата ма?». Алымдылығы мен байсалдылығы қоса қабат танылып, 1977 жылы Арал аудандық халық сотының судьялығына, ал 1979-1986 жылдарда, өмірінің соңына дейін Қармақшы және Қазалы аудандарында халық сотының төрағалығына сайланады. Оның адал да, әділ би болғанын жұмыстастары сүйсіне айтушы еді. Тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, өмірлік тағылымы мен тәжірибесі де мол еді десетін-ді.
* * *
Жақас Шеріп 59 жылдық қысқа өмірінің 43 жылында туған жеріне іліксіз қызмет етті. 33 жыл қатарынан Арал, Қармақшы, Қазалы аудандық кеңестерінің депутаттығына сайланып, халық қалаулысына айналды. «Еңбектегі ерлігі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медальдарымен және КСРО Жоғарғы сотының, облыстық халық депутаттары кеңесінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.
Заған жұбайы екеуі дүниеге 5 ұл, бір қыз әкелді. Балалары да, олардан тараған он үш немересі де жоғары білім алып, әр салада қызмет жасауда. Елбасының «Мәңгілік ел» болу идеясына лайықты үлестерін қосуда. Осының өзі әрі мақтан, әрі көпке үлгі болмақ.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал-Қазалы.
11 мамыр 2018 ж. 1 296 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930