Ауылдар ауыз суға алаңдамайды
Су – тіршіліктің қайнар көзі. Онсыз тірі жанның тіршілік етуі екіталай. Оның ішінде таза ауыз судың адам өмірінде орны айрықша. Иә, бұны барлығымыз жақсы білеміз. Дегенмен, еліміздің кейбір жерлерінде ауыз суға жарымай отырған жандар жетерлік.
Ал, біздің ауданда ауыз су мәселесі өз шешімін тапқан. Өйткені, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аудан басшылығының күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелерінің бірі.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданына қарайтын ауылдардың басым көпшілігіне таза ауыз су жеткізілген. Яғни, сервистік желі тартылған. Енді қалып тұрған Басықара, Ү.Түктібаев ауылдары мен «Қарлаң» учаскесіне сервистік желі тарту жұмыстары биыл қолға алынбақ. Бізге берілген мәліметтерге сүйенсек, Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Жалпақ елді мекендерін сервистік желіге қосу үшін жобалар әзірленіп жатыр. Енді көп ұзамай «Ауыз су жоқ» деп алаңдайтын ауыл тұрғыны қалмайды.
«Бұған дейін аудандағы барлық ауылға су тарататын резервуардың көлемі жеткіліксіз болған. Осы мәселені шешу мақсатында өткен жылы Әйтеке би кентіндегі №7 су көтеру бекетінен қосымша су қоймасы салынды. Ол биыл іске қосылады. Сол кезде су көлемі 21 мың текше метрге жетіп, барлық елді мекенге тәулік бойы таза ауыз су беруге мүмкіндігіміз болады», – дейді мамандар.
Тақырыпты одан әрі тарқатпақ ниетте таза ауыз сумен қамтылған бірнеше ауылға телефон соғып, хал-ахуалдарын сұраған едік.
Ақсуат ауылының тұрғыны Айсәуле Сәрсенбаеваның айтуынша, бұдан төрт жыл бұрын ақсуаттықтар ауыз суды құдықтан алып ішетін. Яғни әркім аулаларынан қазып алған құдықтарына арнайы су таситын көлік арқылы мың теңгеге су құйдыратын.
«Қазір жағдай басқаша. Барлық үйде су құбыры тартылған. Қысы-жазы таза су үздіксіз ағып тұр. Ауылда ауыз су мәселесі жоқ. Бұған ризамыз», – дейді ол.
Кентке іргелес Қазалы қаласының халқы өткен жылдың аяғына қарай толық таза ауыз сумен қамтылды. Барлық үйге колонка кіргізілді. Қазір қалада бұрынғыдай қыстың көзі қырауда көшенің анау басында тұрған колонкадан шелектеп су тасып жүрген жанды кездестірмейсің. Шілденің шіліңгір ыстығы мен қытымыр қыста су басына сағаттап кезекке тұру, қатты аяздан қатып қалған колонканың түбіне от жағып, қыздыру секілді бейнетті күндер бүгінде өткен жылдың еншісінде қалды. Бұған халық дән риза.
«Қаланы жері құнарлы. Күн жылт етісімен жерімізді жырттырып, бау-бақша егуге баптаймыз. Арық бойымен келетін аяқ су мол. Оны жаздың күні жайқалып өскен жасыл ағаштардан да байқап жүрген боларсыздар. Негізі таза ауыз су қалада бұрыннан бар. Бірнеше үйге коллонкада кірген. Дегенмен, өткен жылы Қазалы қаласы атауына 150 жыл толу меркесіне орай қаламыздың келбетін одан әрі көріктендіруге басшылық тарап көп жұмыс жасады. Соның ішінде бірде-бір үйді қалдырмай сервистік желіге қосқандығы ерекше қуантады. Бар тіршілігіміз сумен байланысты», – дейді қала тұрғыны Азамат Сейілханов.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.