Абай өлеңдерін жаттап өскен
Қазалылық Анна Хегай қаршадайынан Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін жаттауға құмартты. Соның арқасында орыс ұлтының қызы бүгінде қазақшаға судай. Тіпті, мектепте оқып жүрген кезінде қазақ тілінен талай мәрте пәндік олимпиада жеңімпазы атанған.
Әйтеке би кентінде Анатолий Яганов пен Светлана Трунованың отбасында дүниеге келген Анна кішкентайынан қазақ балаларымен ойнап, солармен достасып өскен.
– Қазалы ауданында туып-өстім. Әке-шешем де осы өңірдің байырғы тұрғындары. Ендеше, мен неге қазақ тілін білмеуім керек?! Бұл – мемлекеттік тіл. Рас, өзге тілді меңгеру, ол арқылы сөйлеу оңай емес. Бұл жағынан маған анам көп көмектесті. Ол әрдайым: «Қазақ тілін үйреніңдер, одан жаман болмайсыңдар» деп отыратын. Содан кішкентайымнан бірте-бірте қазақша үйрене бастадым. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді туған тілімнен кем білмеймін десем, асыра айтқаным емес. Меніңше, өзге ұлт өкілінің қасында қазақтілді адам болса, оны меңгеру соншалықты қиын емес, – деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз тіл үйренуде әдеби кітаптың да игі әсері мол болғанын айтты.
Бұл күндері кәріс ұлтының өкіліне тұрмысқа шыққан Анна Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Жас ана ұлы Эдуард Хегайға кезінде анасынан үйренген тәлімін меңгертіп, қазақ тілінде сөйлеуге баулып жүр.
Араласатын ортасының кеңдігін мақтаныш еткен Анна орайы келгенде: «Күлсінай, Әлима, Салтанат сияқты достарым бар, олармен әрқашан біргеміз. Жеңіскүл деген көршіммен де туыстай болып кеттік», – дейді.
Анна жастайынан спортқа бір табан жақын болды. Оқушы кезінен баскетбол ойынын шебер ойнап, бүгінгі күнге дейін аудан құрамасының сапында. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша бітірген оның спорттағы жетістіктерінің өзі бір төбе.
Қазақстан халқының бірлігі күнін жыл сайын ерекше қарсы алатынына тоқталған Анна биыл да дастарқан жайып, артынша отбасымен бірге орталық алаңдағы мерекелік шараларды тамашалауға баратынын жасырмады. «Осылай күліп-ойнап жүргеніміз, бейбіт күннің арқасы. Басымыздағы осынау бақты бағалай білейік. Әрқайсымыз тату-тәтті болсақ, достығымызға сызат түсірмесек, барлығы да жақсы болады. Өйткені Отанымыз ортақ, тілегіміз бір», – деп орыс қызы Анна ақ пейілін ақтырыла жеткізді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ