Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көпшілікті кітап оқуға қалай ынталандырамыз?

Көпшілікті кітап оқуға қалай ынталандырамыз?

Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының мәлімет­тері бойынша бүгінгі таңда елімізде 315 баспа мен кітап шығару ісімен айналысатын мекеме ресми тіркеліпті. Олардың 208-і Алматы қаласында орналасқан. «Алайда, мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптар 2 мың данамен ғана басылып, олар кітапханаларға ғана таратылатындықтан, оқырмандарға жетпей отыр. Ал көпшілік оқырмандардың кітапханаларға бас сұға бермейтіндігі айқын», – дейді баспагерлер.
Жыл сайын Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан 380 аталымдағы кітап шығарылады екен. Бұл – соңғы 2-3 жылдың көлеміндегі көрсеткіш. Бұлардың бәрі бүгінгі күннің әдебиеті, проза, поэ­зия, драма туындылары. Биылдың өзінде мемлекеттік тапсырыспен таралымы 816430 дананы құрайтын 407 кітап шығарылыпты. Сонымен қатар, бүгінде елімізде дерекқоры 7 миллионнан асатын 4100 кітапхана тұрақты жұмыс істейді екен. Оған қоса қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың (ҚазҰЭК) қоры жыл сайын толықтырылып отырады.
Бүгінгі таңда электронды ақпараттың озық үлгісі тұрмысымызға кеңінен енгізіл­ген. Бұрынғыдай кітапханаға тәуелсіз­дігіміздің бәсеңдеуі де содан болып отыр. ЮНЕСКО халықаралық ұйымының мәлі­метіне сүйенсек, әлемде 1 миллиард 700 мың оқырман кітапханалардың қызметіне жүгінетін көрінеді. Демек, жер бетінің әрбір үшінші адамы әлі де кітапхана оқырманы десек те болады.
Әлемде кітапты көп оқитын қандай ел?
Маркетологтардың зерттеуі бойынша әлемде кітапты көп оқитын елдердің бірі жапондар болып отыр. Жапон кітап дүкендерінде бір жылда 25 мыңнан астам кітап сатылады екен. Күншығыс еліндегі бірнеше мыңнан астам баспа жылына шамамен 500 миллионнан астам кітап басып шығаратын көрінеді. Кітап басып шығару ісі бойынша Ұлыбритания көш бастаса, екінші орында Германия, ал, үшінші орында Америка тұр екен.
Қазақстан жастары да әлемдегі ең көп кітап оқитындардың санатына еніп отыр. Экономикалық серіктестік және даму халықаралық институты 65 мемлекетті зерттей келе, жастардың кітап оқу деңгейін анықтапты. Зерттеу қорытындысы Қазақстан, Қытай, Таиланд, Албания елдері жастарының 90 пайызының кітап оқитындықтарын дәлелдепті. Біздің еліміз бастаған топтан кейін Германия, Америка, Италия, Ресей, Франция, Испания жастары тұр екен.
Біздің еліміз кітапхана қоры жөнінен ТМД-да алдыңғы қатарда тұр. Мәдени-ақпараттық әлеуетімізді жандандыруда Ұлттық кітапхана қорында тұрған 6 миллионнан астам басылымның берері мол.
Қазір дүние жүзінде 569 600 кітапхана бар. Олардың ішінде Еуропада 440 мың, Солтүстік Америкада 125 мың кітапхана бар. Кітапханалар саны ең аз құрлық – Африка елдері болып тұр. Әлем кітапханаларында 807 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді екен. Жыл сайын әлем кітапханаларындағы кітаптардың сақталуына 8,7 трлн АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалатын көрінеді. Кітапханалар абоненттерінің саны 2,5 млрд-қа жетсе, жыл сайын олар 1,5 трлн операцияны орындайды екен. Бұлардың бәрі Халықаралық кітапханалар қауымдастығының мәліметі бойынша алынып отыр.
Осыншама мол құндылықты сақтап, оны халыққа сол күйінде ұсынып отырған кітапханашыларға деген құрмет бар ма? Біз сұрақты ашықтамайық, оған өзіңіз жауап іздеп көріңіз.
Күніне 10 беттен кітап оқыңыз
Өмір сүруге жол ашатын ақпаратты адам тек қана кітаптан алады. Адам өз өмірінде күніне 50 бет кітап оқығанның өзінде, орташа есеппен жетпіс бес жыл өмір сүрген адам өз өмірінде үш мың кітап оқиды екен. Құрығанда күніне 10 бет оқыса, адамның танымдық көкжиегі едәуір кеңейер еді.
Егер адам өз өмірінде ешқандай кітап оқымаса, онда ол бәрібір бір кітапты тауы­сады. Бұл оның – өзінің өмірі. Әсіре­се, ұрпақ тәрбиесіне бағышталған А.Чеховтың, ағартушылар – Сухомлинский мен Абайдың кітаптары нағыз өмір сүру заңдарының мәнін ұрпаққа ашу болатын. Ол еңбекте адам мен адамгершілік, ар мен ұят, ерлік пен ездік, қуаныш пен қайғы, күштілік пен әлсіздік, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, шындық пен баянсыздық, байлық пен кедейлік, ақыл мен ой құндылықтары тұнып тұр.
Жан рахатын бір кітаптан табатын жазу­шы Дүкенбай Досжан: «Ұлы гармония – Ұлы иеге пенделердің нәзік сезімін, шалқар шабытын, момақан мойынсұнуын, дүниауи пәлсапасын, құлай берілуін әрі фәнилік тебіреніс пен бақилық барақатын кітап сөзінен басқа ешқандай құрал-өлшем барша бояуымен бере алмайды. Сол кітапты қолдан түсірмейік! Кітап иелері – кітапхана қызметкерлеріне басымыз жерге жеткенше тәжім етейік!», – депті. Оқырманның жанына от беретін осы сөздерден кейін «кітап оқиықшы» деген сөздің өзі ұят.
Бүгінгідей компьютерлік технологияға тәуелділігіміз артқан заманда адам зейінін кітапқа аудару, әрине, оңай емес. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеуі соңғы кездері елімізде көркем әдебиетті оқу көрсеткіші күрт төмендеп кеткендігін көрсетеді. Бұл енді қазіргі ғаламтордың ықпалынан туындаған мәселе.
Шенеуніктер бір жылда кемінде бес кітап оқуы тиіс
Бірақ, осымен шектелуге бола ма? Бұл жерде ұйымдастыру жұмыстарын да, керек болса, міндеттеу шараларын да қолға алса, дұрыс болар еді. Әрине, ондай шаралардың өткізілу тәжірибесі де жоқ емес. Мәселен, Бразилияның Кашоэйра-ду-Сул қаласының мэрі Марлон Сантус өзінің аппаратында қызмет істейтін адамдарға ай сайын бір көркем немесе саяси кітап оқуды міндет етіп қойыпты. Оның ойынша, кітап оқымайтын адам ел басқармақ түгілі, өзін де тәртіпке сала алмайтын көрінеді. Мэрдің ең сүйікті кітабы «Спинозаның этикасы» еңбегі екен. Сол сияқты еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің «Әдеп кодексі» ретінде Абайдың қара сөздерін оқытсақ болмас па еді?
Жалпы, шенеуніктер бір жылда кемінде бес кітап оқуы тиіс көрінеді. Мәселен, Қытайдың Шаньдун провинциясының партия комитеті мемлекеттік қызмет басшыларына осындай қатаң талап қойған. Партия өкілдерінің мәліметінше, шенеуніктер көркем әдебиет оқығанмен, социализм тео­риясын терең білмейтін болып шыққан. Сондықтан, оларға экономика, ғылым мен техника, тарих пен философия жайында білімдерін жетілдіру міндеттелген. Партия ұйымдарының тапсырмасын мойнына алған шенеуніктер енді жыл сайын оларға қазіргі заман білімдері жайлы қанша кітап оқығаны туралы есеп беріп отырмақ.
Білімнің көзі кітапта
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «100 жаңа оқулық» жобасы іске асуда. Жақында әлемнің озық ойлы ғалымдары жазған 18 оқулықтың таныстырылымы өтті. Енді оларды әр аймақтағы халыққа таныстырғаны жөн. Сонымен қатар, көзіқарақты оқырмандар әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимде кітаптарды талдап, талқыласа, түйген ойларын баспасөз беттеріне, немесе интернет сайттарына жарияласа, нұр үстіне нұр болар еді. Негізі, шет елдерде мәнді де мағыналы кітаптарды талдайтын арнайы клубтар бар. Мұндай шараларды елімізде жекелеген оқу орындары, кітапханалар өз күштерімен ұйымдастыруда. Енді осындай игі істерге әкімдіктер де, баспасөз құралдары да ұйытқы болғаны абзал.
Министрлік пен Ұлттық академиялық кітапхананың жыл сайын дәстүрге айналдырып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының оқырман үшін берері көп. Ұлттық идея аясында өткізіліп отырған акция соңғы жылдары еліміздегі жоғары оқу орындарымен қатар барлық мектептерде өткізілді. Онда кітап көрмелері, әдеби кештер ұйымдастырылып, жазушылардың шығармалары негізінде түрлі оқулар, ашық сабақтар жүргізілді. Жалпы, бұл акцияның идеясы Американың «Бір кітап – бір Чикаго» және «Егер де бүкіл Сиэтл бір кітапты оқып шықса...» атты көпшілікке танымал кітапханалық жобаларының негізінде дүниеге келген.
Осы ретте кітап туралы атақты ақын Расул Ғамзатовтың ішкі күйзелісін айтып өтпесек болмас.
«Қараңғылық, надандық, алауыздықтан Дағыстан қаншама бөбектерінен айрылды. Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек. Кітабы жоқ халық көзін таңып алған кісімен бірдей. Ол – дүниені көрмейді. Кітабы жоқ халық – айнасы жоқ адаммен бірдей. Ол – өз жүзін өзі көрмейді...». Атақты ақынның осы сөзіне не қосуға болады?
Бай мемлекетпіз, дәулетіміз асып, әлем біздің аузымызға қарап тұр дейміз. Алайда, ұрпағымызды кітап оқуға үндеуді естен шығармасақ игі. Ертең сол ұрпағымыз ғылым, білім қумай, дәулет қуып кетсе, ол біздің кінәмізден болатынын естен шығармайық.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
25 сәуір 2018 ж. 2 616 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 81

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031