Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тілектер қабыл болатын мекен

Тілектер қабыл болатын мекен

Киелі Сыр топырағы – тұмса тарихтың куәгері, қойнауы құтқа, құшағы ырысқа толған өлке. Түгін тартсаң, киесі күйедей дендеп, ниетіңе жеткізіп, қасиеттілігімен тәнті қылатын, ауыз толтырып айтуға лайық мекендер бұл жерде көптеп кездеседі. Соның бірі – Қазалы ауданы аумағындағы Тораңғылы тал.
Тораңғыл – өсімдік атауы. Терек туыстас, шөлді жерлерде, өзен арнасында сирек кездесетін тал. Құмда, сусыз жерде тамыр жайып, өркендей беретін осы бір өскінді халқымыз ертеден қадірлеген. Соңғы жылдары өсімдік қорғаушылар біздің жерде мекендейтін бұл ағаш түріне күтім жасап, оны құрып кетуден сақтау керегін айтып, дабыл қағуда. Ал осындай қастерлі өсімдіктің атауына жер атын беру бағзыдан бар дәстүр. Тораңғылы тал да ел ескеріп, елеуге лайық киелі орын. Екінші атын жергілікті жұрт «бала әулие» деп атап кеткен. Оған себеп жеткілікті.
Қазіргі Бекарыстан би ауылынан Арал ауданының Жаңақұрылыс ауылына қарай 7-8 шақырым жол тартқанда, әулие Тораңғылы талына ұшырасуға болады. Аумағы бір гектарға жуық орынды алып жатқан жер күншығыс жақ бетінде Нұрбай шүңгілі, күнбатыс жағында Қотанкөлмен шектеседі.
Осы өңірде туылып, бала күнімізде үлкендердің аузынан киелілігі туралы естігенмен, назар аудармаппыз. Естуімізше, бұл бағытқа қарай сапарлап, жол сұраушы жолаушылар қатары қалың көрінеді.
Қазақ перзентін өмір жалғастығы, бабалар мұрасын болашаққа жеткізуші, басты байлығы санайды. Кішкентайдың иісіне зар болып, ұрпақ күтіп жүргендер қай кезеңде де болған. Мұндайда дертіне дауа іздеп, арманына асыққан отбасылар бас тірейтін «Тораңғылы тал» туралы ел арасында жақсы пікір қалыптасқан.
Ауызекі дерек пайда болу сырын мына бір қайғылы оқиғамен байланыстырады.
Ертеректегі шапқыншылық кезінде қалың жау тұтас бір ауылға басып кіріп, үлкен-кішіге қарамай, аяусыз өлтіріп, жаншып, жас жігіттерді алдарына салып айдап әкетеді. Ақ жаулықты аналар мен қызғалдақ қыздар да қинап өлтіріліп, күнәсіз сәбилерді хайуандықпен суға ағызады. Бұл күні суға кеткен 40 сәбидің бесігі сол жердегі Қотанкөл көлінің сағасына келіп тіреледі. Шақалақтардың шырқырып жылаған даусы күн бата, қою қараңғылық түсе тынады. Құдайдың құдіретімен сол жерге Тораңғылы талы өсіп шығыпты.
Тақырып туралы зерттеу еңбегін қалдырған Болат Сайлан мен Ұлдана Тұрғанбайдың еңбегінде мынандай қызықты мысалдар келтіріледі.
Қазақ елінің табиғаты туралы талай еңбек жазған ғалым Рысбай Сәтімбеков: «Қазақ халқы тораңғы ағашын ежелден-ақ «шөл даланың падишасы» деп ерекше қастерлеген, оны отын ретінде отқа жағуға рұқсат етпейді, тіпті оны кесуге және тораңғы тоғайына мал жаюға болмайды деп есептейді. Өйткені тораңғы ағашының сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Сондықтан да, тораңғының қанға ұқсас сөлін оның қанды көз жасы деп, оны кескен адамды тораңғының киесі ұрады деген сөздермен тыйым салған. Шөл даланың көркі болып саналатын тораңғыны бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғауды үнемі ұрпақтарына өсиет етіп қалдыруының танымдық та, тәрбиелік мәні зор» – деп, бағасын берген.
«Сағыныш – сағым жылдар» атты кітабында Байбақты Қарабалаев: «Талай балалықпен бұталарын сындырғанда біртүрлі қызғылт түсті қан тәріздес су шығатын еді. Содан кейін тиіспейтін едік. Бірақ ағашы үлкен аумақты алып жатады. Көлеңкесі қандай салқын. Самал жел есіп тұрады. Шаршап келіп отырғаныңда бірден серігіп жүре бересің. Табиғаттың адамзатқа берген неткен рахат сыйы» – деп еске алып, оның қасиеті туралы тоқталып өтеді.
Тораңғылдың тегін еместігі белгілі. Бұл туралы тұрғындар бастарынан өткен оқиғаларды аңыздай айтады.
Бірі мал бағып жүрген малшылардың осы маңнан 10-15 бала асыр сап ойнап жүрегенін айтса, бірі адасқандарға балалар дәл осы жерде жөн сілтеген көрініске кезіккен. Тағы бір естелік жоғалған іріқараны балалар қорып жүргенін жеткізеді. Алайда бұл жағдай кез келген адамға көріне бермейтіні белгілі. Осыдан біраз жыл бұрын жақын ауыл тұрғындары ескерту тақтасын орнатып, арнайы белгі де қойған. Тораңғылы тал – зарыққанға демеп, тілектер қабыл болатын мекен. Рухани туризм туралы әңгіме қозғалғанда, маңызын арттырып, бұл жерді қорғауға алу да аздық етпейді.

Дайындаған Алтын МЕЙІРХАН
09 қараша 2021 ж. 783 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031