Шөл даланың падишасы
Тораңғы еліміздің шөлді өңірінде ерте замандардан өсіп келе жатқан қасиетті де, киелі ағаштың бірі саналады. Ол көбіне құрғақ далалы аймақтардың тақырлы, тұзды, борпылдақ сортаңды, құмдауытты, шөлейтті, шөлді алқаптарындағы өзен аңғарларында, бұйратты құм жоталарының арасындағы ойпаңдау жерлерде өседі.
Қазақ халқы тораңғы ағашын ежелден «шөл даланың падишасы» деп ерекше қастерлеп, отын ретінде отқа жағуға рұқсат етпейді, тіпті кесуге де болмайды деп есептейді. Өйткені тораңғы ағашының сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Сондықтан да тораңғының қанға ұқсас сөлін оның қанды көз жасы деп, оны кескен адамды киесі ұрады деген сөздермен тыйым жасап, шөл даланың көркі болып саналатын ағашты көздің қарашығындай қорғауды үнемі ұрпақтарға өсиет етіп қалдырған.
Тораңғы ағашының қасиетін қолөнер шеберлері жақсы біледі. Тораңғының қурап қалған діңгегінен әртүрлі бұйымдар жасалады. Мысалы, түркістандық шебер Гауһарбек Күнқожаев «Қасиетті көк түйе» атты композициялық туындысындағы домбыраны Сыр бойында өсетін қасиетті тораңғы ағашынан жасауында да үлкен мән бар. Ежелгі тораңғылы алқаптар «әулиелі жерлер» деп аталады. Мәселен, «Бес тораңғыл әулие», «Үштораңғы», «Желтораңғы» және тағы басқа жер атаулар соның айғағы. Өлкемізде бұдан 2 миллион жылдан бері пайда болған ағаш тарихи әрі табиғи ескерткіш. Оның тамыры тарамданып әрі торланып өсетіндіктен «тораңғы» деп аталған деген де пікір бар. Жетісу өңіріндегі «Ақтау» деп аталатын алқапта да тораңғы бары баспа беттерінде жазылды.
Халық тораңғы ағашы топтанып өсетін алқапты «Тораңғыл» дейді. Тораңғы ағашы туралы аңыз-әңгімелер көптеп айтылады. Соның бірінде тораңғы тоғайының түн қараңғысында сиқырлы ән салып тұруы періште қыздары сол маңда жүреді дегенді білдіреді.
Тораңғы ағашын халқымыздың «шөл даланың падишасы» деп атандыруы, оның шөлді аймаққа төзімді екендігін және құм көшкінінен, аптап ыстықтан және жерді тұзданудан қорғайтындығын аңғартады. Ол табиғаттың кез келген қаталдығына төзімді. «Тораңғалы» ботаникалық қорықшасы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Орта Дересін ауылшаруашылық округінің аумағында орналасқан. Тораңғы ағашы осы ботаникалық қорықша маңындағы Тораңғышылық ауылдық округы мен шартты түрде «Балқаш-9» деп аталатын әскери бөлімше аймағында орналасқан. Бірақ бұл алқаптар ботаникалық қорықша аумағына жататындықтан ондағы тораңғы ағаштары қатаң қорғауға алынбаған. Қасиетті талдың сиреуіне негізінен 90-жылдардағы дағдарыс кезінде отын ретінде тұтынуы басты себеп болғаны белгілі.
Тораңғы Балқаш көлінің солтүстік-батысындағы Қызылкеңгір, Ақсор топырақ, Кеңаңғар, Мыңшұқыр, Бақтай, Малөзек, Шұңқыр деп аталатын шағын шоқтоғайларда жыңғылмен қоса көктегенін көнекөз қариялар есіне алып отырады. Өкініштісі, бүгінде бұл аталған тоғайларда тораңғы ағашы мүлде жойылған.
Шынар ИСМАГУЛОВА,
«Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы»
РМҚК Оңтүстік-батыс аймақ филиалының зертханашысы