Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Байрағы биік бағзы өнер

Байрағы биік бағзы өнер

Ұрпақтар сабақтастығында өткен мен бүгінді жалғап, құндылықтар ауысып жатқан кезде қазақтың кеше кім болғанын, бүгін кім екенін еске салатын киелі өнердің бірі де бірегейі – жыраулық-жыршылық дәстүр. Аталған дәстүрлі өнер Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде іске асқан шаралар барысында қайта жанданып, көпшіліктің көңілін оятқандай.
Қазақ жеріндегі жыраулық дәстүрдің ерекшелігі атаулы өнер қанат жайған өңірдің өзіне ғана тән әуен-мақамдары, өзіндік мектебі де болатыны белгілі. Соның ішінде Сырдың жыраулық – жыршылық дәстүрі жергілікті атау ретінде Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай, Нұртуған ақындардың жыр мектебі болып өз ішінде төрт топқа бөлінеді. Дегенмен уақыт өткен сайын қайталанбас музыкалық туындыларды дүниеге келтірген талант иелері көбіне көлеңкеде қалып, сол мектеп түлектерінен әр кезеңдерде тәрбие алған жырау-жыршылардың бірі болмаса, біріне телініп кететін жағдайлар кездесіп жүр.
Жырауларға тән суырып-салмалық қасиет туралы қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Ата-бабалардың ерлігі туралы жыр-дастандарға деген халықтың сүйіспеншілігінде шек жоқ, соншалықты мол мұраны ауыздан-ауызға, жазбасыз, баспасыз, алып даланың бір шетінен екінші шетіне жеткізіп, ғасырлар бойы ойда сақтау, жыраулардың импровизаторлық ғажап қабілетінің көрінісі болса керек», – деп тұжырымдайды. Яғни, бойына осындай құнды қасиеттер дарыған орындаушыларды ғана шын өнер иесі, жыраулық-жыршылық дәстүрді жалғастырушы деуге болады.
Өткен ғасырларда Сыр бойының бір ауылынан ғана жүзден аса жырау шыққанын ескерсек, төрт мектептің шығу төркінін бағамдаймыз. Аталмыш мектептер өкілі заманынан оза шапқан көрнектілердің бірі екені анық. Соның ішінде Нұртуған ақын шығармашылығының тақырыбы әрқилы. Ол – қолына домбыра ұстап, жыр-жырлап, халыққа «жырау» атанбаса да ұрпағына «Нұртуғанның жыраулық мектебі» деген ат қалдырған Аралдың ақиық ақыны. Нұртуған мектебінен шыққан халық жыраулары Жәмет, Көпжасар, Дәріғұлдар өзіндік жыр мақамын үш жүздің баласына паш етті. Нұртуған ақын сол өңірде науқастанып жатып, «Мырзаста тудым» деген толғау жазған. Осы толғауға мән берсек:
«Мен туыппын «Мырзаста»,
«Сиыр жылдың күзінде».
Сәл ертерек жазбаппын
Өкінемін өзім де...», – дейді. Нұртуғанның «Мырзастағы жыр мектебі» байырғы дәстүрлі жыр мектептерінің заңды жалғасы, әрі ең кенжесі.
Сыр мектебінің көрнекті өкілі Сәрсенбай жырау өткен ғасырдың басында Қармақшы ауданындағы «Бозарқаш» деген жерде дүниеге келген. Үлкен ағасы Ермаханның отырған жерін әңгімеге ұйытатын, тауып айтатын қасиеті болыпты-мыс. Ал ортаншысы Дүйсен заманындағы айтулы жыршы, дүлдүл термешінің өзі екен. Ортасынан оза шапқан өнерпаздың даңқы Сыр бойынан асып, Орал, Астрахань, Ташкент, Қарақалпақ аймақтарына да жеткен. Сәрсенбай аға жолын қуып, оның өнерін жаңа, тың өріске бастайды. Сәрсенбайдың қайыруында Бөртебай тұқымына тән жыршылық пен термешілік өрнегінің бояуы жарқырай ашылып, айқындала түседі. Өз ортасында ғана емес, халыққа кеңінен танылған Сәрсенбай жырау біраз уақыт әртістер тобының құрамында болып, талай елді аралаған. Жыраулықтың шыңына шыққан Сәрсекеңнің өнеріне көрермендер былай тұрсын, өз әріптестері де сүйсініп, тәнті болғанға ұқсайды.
Сәрсенбай жырау көптеген замандас ақын-жыраулармен достық қатынаста болған. Оның ішінде Алаштың біртуар азаматы, елім деп еміренген Мұстафа Шоқай да бар. «Жігітті жолдасына қарап таны» деген бабамыздың даналығы да осыны дәлелдегендей.
–Тұңғиық теңіз үстінде,
Тәуекел мінген кемеде.
Бөртебайдың баласы
Өзімнің атым Сәрсенбай
Шөмекей едім төменгі, – деген соңғы жырында бір ырғақты екінші бір ырғақпен сұлуландыра түседі. Қолда бар дерекке қарағанда Сәрсенбай жыраудың жыр мұрасы 30 мың жолдан тұрады. Осынша өлең жолын ол өз қолымен жазып, қолжазба ретінде қалдырып кеткен.
Сұлу сөздің шебері Нартай Бекежанов 1890 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туған. Әке қамқорлығынан ерте айырылған бала Нартайдың рухани қамқоршысы анасы Бақтыгүл мен ағасы Мансұр болады. Анасы ақынжанды, шешен тілді, парасатты әйел болыпты. Нартайды өлең ұйқастарына жаттықтыруда әуелі тұрмыс-салт жырын жаттатып, соған сәйкес өлеңдер шығаруға жаттықтырады. 9 жастан бастап ауыл молдасынан үш қыс оқығаннан кейін ән-күй, жырға құмартқан талантты баланың ескіше оқуға ынтасы болмайды. Сондықтан анасы Бақтыгүл ауыл арасындағы айтыстарға қатыстырады. Осылайша Нартай 13 жасынан бастап ақын атанады. «Өздерің білер Нартаймын» деген жырында ақын кәріліктің тұзағына ілінгенін, сонда да өнерден ғана қуат табатыны туралы сөз етеді:
60 жыл тарттым сырнайды,
Сырнайым енді көнерді.
Көнергенше сырнайым,
Күйіме жұртым кенелді.
Шырылдап туған сәбиге,
Жаялық еттім өлеңді,
Дірілдеп тұрған кәріге,
Таяныш еттім өлеңді.
Осында отырған жарандар
Қайссың да барсың алмаған?!
Ағадан жәрдем елеулі?
Жыраулық мектептің ішінде өз бағытын қалыптастырған Жиенбай жырау 1864 жылы сол кездегі Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Қуаңдария болысында жарық дүние есігін ашқан. Нағашы ағасы Омардың қасында көп болып, ақындық қабілетті бойына сіңірген Жиенбайдың жыраулық өнері елге тез таныла түседі. Өзінің «Бастау әнінде»:
Сөйлеші, тілім, сөйлеші,
Жан шіркіннің сауында-ай.
Дауысым бірден жүрмейді,
Төгіліп терім арылмай.
Бүгежектеп жатырмын,
Әлі де болса жазылмай.
Сонда да тілім, сөйлеші,
Төлеп мінген дөнендей,
Аузыңды ашып арылдай, – деп жырлайды. Сыр өңірінде Жиенбай секілді жыраудың болуын елдің құты деп бағалаған ел-жұрт сол мекенде өнердің сарқылмайтын баға жетпес мол қоры болғанына куә. Ұлттық өнердің темірқазығына айналған бабалар мұрасы адасқан жұртына жол сілтейтіні сөзсіз.

Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ
28 қыркүйек 2021 ж. 813 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930