Тыңдаушы зердесінен шыққан шайыр
Қазақ руханиятының ажырамас саласы жыраулар шығармашылығының мәдени кеңістікте салмақты үлесі бар. Сол бір тұтас өнер өлшеміне өзіндік бедер, соны ізденіспен қосылатын Сыр мектебінің ерекшеліктері кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. Дария жағасын жайлаған елден шыққан жыраулық, жыршылық мақамының өзгелерден артықшылығын өнер зерттеушілері ¬батыс пен қыпшақтық үлгі ықпалымен байланыстырады. Оған себеп те жоқ емес, орта ғасырға тән көмеймен орындау үлгісі қазіргі таңда тек осы мектептерде ғана қалған. Осындай бекзат өнер бұйдасын өмірімен қатар өрбіткен эпикалық мұраның көрнекті өкілі, қайталанбас дарын иесі – Нұртуған Кенжеғұлұлы.
Ертеден «Сырдария – жыр дария» деген биік бағаға ие болған құнарлы топырақтан түлеген сөз қонған, өнер дарыған жандар қарасы қалың. Бабалардан бұзылмай жеткен ақындық дәстүрді Арал, Қазалы аудандары тұрғындары көптеп меңгерген. Әсіресе Сырдың құяр сағасына орналасқан биік жар қабағына жағалай қонған жұртты көпшілік географиялық ерекшелік не жер асты қазба байлығымен емес, рухани қазынасымен қастерлейді. Мырзас аталатын осынау шағын ауылдан шыққан, Жайықтың бойындағы кіші жүз елін, Қармақшы өңірін, Қарақалпақстанның Шыңбай жерін түгел аралап, ауызекі суырыпсалмалық өнерді насихаттаған шайыр-жыраулар Бітімбай, Еспембет бастаған дәстүрлі жыр мектебінен тәрбиеленіп шыққан зейінді шәкірттің бірі біз айтып отырған Нұртуған шайыр.
Бала күнінен абыз ақсақалдардың шапанының шалғайынан ұстап, той-томалақ, жиын болған жерден қалмайтын қарадомалақтың құймақұлақ болып өсуі заңдылық еді. Оған қоса қанмен келген қасиет те бойында бұлқынып, ес жия бастағанда бас көтереді. Атасы есімі елге жайылған Еспембет суырыпсалма ақын болса, өз әкесі Кенжеғұл шебер күйшілігімен танылады. Ал анасы Айсұлу да өнерден қара жаяу емес, шебер шежіреші екен.
Шайыр он жасында шешесінен, он үш жасында әкеден айырылып, жетімдіктің қамытын тым ерте киеді. Алғашында байдың қойын бағып күнелткен ол көп ұзамай зейінін оқу-білімге бұрып, Мұхамеди ишанның мешітінде оқып, арабша хат таниды.
Бала шәкірттің төл өнерді мейлінше терең меңгеруіне жыраулық мектепте жиған білімі көп көмегін тигізеді. Өнертанушылардың айтуынша, бұл мектеп Нұртуған тәлім алған тұста кемеліне келіп, дәуірлеп тұрған шағына дөп келген.
Осы кезде ол қазақ ауыз әдебиеті, ақын-жыраулары шығармаларынан бөлек Н.Мартинов, В.Лонкин сынды орыс саудагерлері арқылы татардың белгілі Ақмолла атты ақынымен тығыз байланыс орнатып, Пушкин, Лермонтов шығармаларының аудармасын оқиды. Алғашқы шығармаларының өмірге келіп, адамгершілік, өнер, білім тақырыбын қаузаған жырлары аз уақытта көпке тарап үлгереді. Ал өндіріп өлең жазып, кең төселген уақыты бозбалалық яки 19-20 жасы. 1906 жылы ол тақырыбы әртүрлі қысқа өлеңдерінен басқа әрқайсысы 6000 жолдан тұратын 6 эпостық хиссаны дүниеге әкеледі.
Қазақ әдебиетінің бірнеше жанрына қалам сермеген жан «Мәулімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ақкете-Шернияз» ¬дастан жырларын өзінше өрнек, көркем түр бере жырлайды. Ноғайлы жырларының тармақтары мен «Қобыланды», «Ақтабан шұбырынды» жырларының шеберлікпен шыңдалуы, олардың күрделі нұсқасын жасап шығу Нұртуған шығармашылығына тән қасиет. Бұл дастандарды оқи отырып, өзі жырлап кеткендей:
Сағасыз жайылған су көл болмайды,
Тірлікте санаспаса ел болмайды.
Шықпаса тыңдаушының зердесінен,
Ұйқасқан сөздің бәрі сел болмайды, – дегендей тілдік стихиясына бойлап, ондағы тұнық ¬бастау – халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгісін, бөтен сөзбен былғанбаған саф алтынға баланған құрметтің жарқын үлгісін аңғару қиын емес.
«Адалдыққа не жетсін», «Арғымақ сұлу көрінбес», «Адаспайды ақылды», «Әуелі сөйле, жаппар хақтан», «Болады ер бағына өнер серік», «Қанекей, тілім, сөйлеші», «Асыл ер өзін биік санамайды» сынды терме-толғаулары, хат-өлеңдері әлі күнге дейін зерттеу нысанынан түскен емес.
Мырзастағы өнер ошағы – дәстүрлі жыр мектептерінің заңды жалғасы, әрі ең кенжесі саналады. Нұртуғаннан бөлек мұнан Жаңаберген, Сұлтан, Сағитжан, Еңсепбай, Көпжасар, Бақытжан, Кәрібоз, Жәмет, Сағира сияқты ақын-жыраулар өрбіген. Бұл тізімге көз жүгірте отырып, санадан тағы бір ой қылаң береді. Қазақтың эпикалық жыршылық мектебінің көрнекті өкілі Берік Жүсіптің сөзінше, Сыр бойындағы Ешнияз салдан бөлек, қатарда аты айтылған Сағира сері, Бағдагүл сал деген сал-сері қыздар шыққан. ¬Алуан мақамдары бар жыраулық өнердің қалыптасқан үлгісі әр жылдарда түрлі шеберліктермен шыңдалып, толығып отырады.
Ал ондағы мазмұн мен ой тереңдігіне бойласаң, иірімдерге ене түскендей күй кешесің. Автордың «Жақсы мен жаман» толғауы психологиялық параллелизмнен сыр тарқатып, бүгінгі болмысты көз алдыңа оралтса, «Ойсыз көңіл – ауру, Тұратын сырты жылтырап, Еңбек, сенім – сауығу, Кешіксек қалдық құлдырап» деген жолдары бәскелестік қоғамда еңбек қана адамды алға жетелейтінін меңзейді. Ал 1929 жылы тудырған:
Құбыла бетке көз салдым,
Отырып шарта жүгініп.
Ала қиғаш сары бұлт,
Көкті басты түнеріп
Құбыла бетке көз салсам,
Отырып, шарта жүгініп.
Көкті басты сұр бұлт,
Ала-қиғаш жөңкіліп.
Дүние қарап болғандай,
Жердің жүзін су алып.
Осы арасын ойласам,
Кетеді жүзім құбарып.
Қиямет-қайым келгендей,
Шамаласам ой салып,
Күнбатыстан өрт шығады,
Әуелі жанып-тұтанып.
Сөндірмекке сол өртті,
Еркек кіндік қалмайды,
Шығады бәрі аттанып, – деп басталатын «Соғысты болжау» шығармасында сүреңсіз оқиғаны көзбен көргендей жырлап, Батыстан ¬басталатын дүмпудегі әуе мен жерден бораған оқ пен отты дәл суреттеп, Мәскеуден бұйрық берілетіні, оған аттанған еркек кіндіктің біразы мерт болып, бір мүшеден айрылып келгенін алдын ала айтқаны айнымай келгеніне еріксіз таң қаласың. Бұған қарап ақындарда алысты болжайтын ғарыштық ғаламат қуаттың болатынына сеніміңді бекіте түсесің.
Н.Кенжеғұлұлының өмір жолына көз жүгірткенде тағы бір арнаны одан ажыратуға болмайтынын топшылайсың. Ол ақынның өзгелерден артықшылығы һәм өзгешелігі – бойындағы бар қазасын өзінен кейінгіге дарытуы. Нұртуған өнерді жалғастырып қана қоймай, дамытуға сүбелі үлесін қосады. Ол оқу бағдарламасын әзірлеп, шәкірттерді шығармашылыққа жан-жақты шыңдайды. Мырзастың аты аталғанда алдымен ойға оралатын Бақытжан Жұбаназарұлы, Дәріғұл Өмірқұлұлы, Еңсепбай Оразалиев, Жәмет Сайымұлы, Көпжасар Көптілеуұлы сынды жыраулардың барлығы Нұртуған тәрбиесімен сусындаған. Бір қызығы, олардың барлығы да Нұртуған ақыннан алыс жандар емес.
Халық арасында кеңінен тараған «Мырзасқа ән мен сөз қонған» деген әңгіменің айтылуы тегін емес-ті. Осы орайда фольклоршылардың арасында дау болып жүрген «жырау – жырды шығарушы, жыршы соны орындаушы» деген жаңсақ пікірге тосқауыл қоятын уақыт жеткендігін айта кетпекпіз. Жыршы – орындаушы ғана емес, шығармасын түрлендіріп, құлпыртып, оған жаңа өң беріп ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін алтын қазық, шығармашылық тұлға. Мырзастағы өнер иелері бір бойына орындаушылық, суырыпсалмалық, әншілік, күйшілік талант тел өрбіген жан-жақты адамдар. Сөзімізге Еңсепбай, Дәріғұл, Жәметтердің ел басына күн туған, алмағайып уақыттарда жұртшылықты жырымен сусындатып, еңсесі езіліп, сағы сынғандарға күш-жігер бергені дәлел.
Табиғатынан жайдары ақын шәкірттердің тәрбиесіне темірдей қатаңдық танытыпты. Алдымен халық жиналып, жыраудың өзі қызып сабасына түскенше айтуға лайық деп терме толғауларды үйретіп, салт-дәстүрлерге байланысты «Беташар», «Тойбастар», «Мақтау» жыр түрлерін дайындатады. Содан соң ғана әрбірінің қабілетіне қарай Нұртуғанның жазған шығармаларын қалауынша жаттаған. Ақынның жырауларына өсиет қылған өлеңдерінің ішінде әннің қандай болу керектігін «Ән туралы» деген толғауында айтады:
Тыңдаушым нақышпенен ән салайын,
Басымды ән салдым деп шайқамаймын.
Ән дейтін сөз секілді ол да буын,
Келтірсең сәніменен әннің түрін.
Құбылтып неше түрлі толғанады – ау,
Әр әннің лайықты білсең сөзін, – деп орындаушыға үлкен талғам мен талап қоятынын аңғаруға болады. Оған жырау атағын да дастандарын әуенге қосқан орындаушылар алып берген деседі.
Осындай өрелі өнерпаз, сөз сүлейі, дүрлердің пірі саналған оның өз уақытында тарихтан лайықты бағасын алмауына бірнеше келеңсіз әрекеттер кедергісін келтірді. Өмірінің соңында жазған дүниелерін екі сандықшаға салып, жауапкершілігі бар жақыны, сөз ұғатын сырласының бірі болған Әмірәлі деген кісіге аманаттайды. Өкініштісі сол, ол кісі мұны кейінгіге толық жеткізе алмайды. Оған отыз жетінші жылдары ақын жырларын насихаттаушыларды «ескілікті жырлаушылар, советтік реализмге теріс көзқарастағылар» деп қыспаққа ала бастағанда Әмірәлі аманаттаған қос сандықты қолтығына қысып, дариядан өтпекші болғанда, бірін аңдаусызда суға ағызып алады. Тағдырлы ақынға өмір ұдайы талайын тоса бермейді. Сегіз жыл ауыр науқаста төсек тартып, қырық жастан асқанда өмірден озады. Жалғыз тұяғы Зейтүн Ұлы Отан соғысында қаза тапса, одан өрбіген екі бала шешек ауруынан көз жұмады. Соңында ұрпағы қалмаса да, ұлағатты ісі, ғасырдан-ғасырға жалғасқан кенен мұрасы қалғанда, Нұртуғанды өлді деуге әсте келмейді.
Тәуелсіздік төрге озып, қазақтың ескі жады жаңғырған тұста көне көмбедей болған Нұртуған Кенжеғұлұлының да шығармалары қайта тұғырынан тұрақ тапты. Әлі күнге дейін оның атымен аталатын үлкен мектептің өкілдері дәстүр жалғастығын түзіп, ұлттық құндылықты төрге оздырып, шет елдерге шығаруда. Бұл өнердің өресі, халықтың оған деген ықыласының жарқын көрінісі екені анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА