«Таза Қазақстан» – экологиялық бірегей жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар салаларға тоқталып өткен болатын. Соның ішінде Президент өзінің тікелей бастамасымен іске асып жатқан – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің мән-маңызына ерекше тоқталып өткен еді.
Таза Қазақстан – ластанған аумақтарды қалдықтардан тазартуға, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізуге және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция. Аз уақыттың ішінде экологиялық акция еліміздің түкпір-түкпірінде кең етек жайды. Қазір республикалық акция еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде ауданда жастармен қатар, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің де экологиялық акцияға қатысу белсенділігі күн санап артып, өздеріне тиісті аймақтарды қоқыс қалдығынан тазартуда.
Жақында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
«Үлкенді сыйлау, мәдени мұра нысандары мен инфрақұрылымға ұқыпты қарау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту жаңа тәрбие беру парадигмасының құрамдас бөлігіне айналуы керек. Бүгіннің өзінде осы бағытта түрлі акциялар, таза ауада жаппай сауықтыру жаттығулары, дөңгелек үстелдер, флешмобтар мен басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр. Үлгі боларлық мысалдар мен қоғамдық маңызы бар бастамалар арқылы тәртіпке, салауатты өмір салтына, экологиялық мәдениетке, рухани дамуға бағытталған орнықты, позитивті күн тәртібін қалыптастырған жөн», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік орман қоры аумағына 1,3 миллиард, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 миллион сексеуіл көшеті отырғызылған. Қазалы қаласындағы 33 гектар алаңда жылына 3 миллион көшет өсіретін орман тәлімбағының құрылысы аяқталды.
Айта кететін жайт, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 миллион гектарға сексеуіл екпелерін егу жөнінде тапсырма берген болатын. 2021-2024 жылдары 659,1 мың гектар алқапқа екпе егілді. Биыл қалған 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдар егу жоспарлануда. Бұл жұмыстарды атқаруға бюджеттен тыс қаражат тартылды. Өткен жылы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы 500 миллион қаржы бөлсе, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктері мен КАТКО және «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» орман екпелерін өтемдік отырғызу бойынша міндеттемелерді Арал теңізінің құрғаған табанына қайта бөлу үшін бесжақты келісім жасалды. КАТКО бөлген 2,2 миллиард теңге жоспарланған Арал теңізінің құрғаған табанының жұмыс көлемін қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қаламыздағы, аудан орталықтарындағы, ауылдардағы парктер, скверлер мен аллеялар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылуда. Аталған жұмыстарға қала, аудандар мен барлық ауылдық елді мекендер белсенді қатысып келеді. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жаңарды. Демеушілер есебінен Қызылорда қаласының орталық алаңы, Жаңақорғанда заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» пайдалануға берілді. Дәл осындай демалыс орны жақында ғана Қазалы ауданында ел игілігіне табысталды. Аймақта ең ауқымды көлемімен таң қалдырған «Жеңіс саябағы» қазір керемет демалыс орнына айналған. Қызылорда қаласындағы Президент саябағы, Қорқыт Ата мемориалды аллеясы да қайта жаңғыртылуда.
Табиғи ресурстарға бай Қазақстан ауқымды экологиялық өзгерістермен жанданып келеді. «Таза Қазақстан» бастамасы бұл үдерісте үкіметтің, бизнестің және азаматтық қоғамның таза әрі тұрақты ортаны құру үшін күш-жігерін біріктіре отырып, шешуші рөл атқаруда. Әрине, акция – бұл жай ұран емес. Ол елдің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Экологиялық бірегей жоба. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды. Мәселен, аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау. Көгалдандыру: ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру. Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу. Экологиялық тәрбие: Барлық жас топтары үшін оқу іс-әрекетін жүргізу. Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу. Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау. Мұның барлығы не үшін керек дерсіз. Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» фестивалінде акция аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.
– Осы шара шеңберінде бүкіл еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау – өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі. Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді, – деді Президент.
Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Сол парызды орындау жолында ел болып жұмылып, әр адам акцияға үлес қосуда. Әр апта сайын сенбілікке серпінмен шығатын аудандағы мекеме қызметкерлері біршама тірліктің басын қайыруда. Алдағы уақытта акция жалғасын тауып, тазалық сақтау тұрақты жүзеге аспақ. «Таза Қазақстан» – таза аймақ.
Айнұр ӘЛИ