Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырдағы ұлттық өнер салтанаты

Сырдағы ұлттық өнер салтанаты

Қызылордада рухани болмысымыздың алтын арқауы Қорқыт баба күйі жаңа биікке көтерілді. Тұңғыш рет республикалық деңгейде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қорқыт. Қобыз» атты қыл қобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар байқауы өтті. Ұлттық мұраның бәсін асқақтатқан өнер иелері Қорқыт күйлерін насихаттап, Қожа Ахмет Яссауидің даналыққа толы хикметтерінен, Тоныкөк, Күлтегін, Оғыз дәуіріндегі көне жырлардан үзінді орындады.
Ұлттық өнерімізде бабалардың рухы, ұрпаққа деген аманаты, ұлт тарихы бар. Демек, қазақтың күйі – ұлтты ұйыстырып, бір ту астына біріктіретін күш. Ел рухын көтерудің кілті. Байқаудың ашылу рәсімінде түркі жұртына ортақ тұлға – Қорқыт қалдырған киелі аспап туралы театрландырылған көріністің философиялық түйіні осындай болды. Байқауда облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Қорқыт күйлерін сақтау, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында елеулі жұмыстар қолға алынғанын айтып өтті.
– Қазақ халқының өнер көшін қасиетті жәдігер дейтін болсақ, соның ішінде Сыр елінің өзіндік орны бар. Сыр бойында саф алтындай сақталған бұл өнер тарихымызды, бабалар тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Қорқыт мұрасы ел егемендікке қол жеткізгеннен кейін ұлттың рухани қазынасы, ұлы мұрасы дәріптеле бастады. 1997 жылы Қызылорда қаласында алғаш рет Қорқыт тақырыбына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтсе, 1999 жыл ЮНЕСКО-ның шешімі­мен Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған жыл болып жарияланды. Сыр бойында Қорқыт атаның еңселі ескерткіші тұрғызылды. 2005 жылдан бастап өңірімізде түркі халықтарының «Қорқыт және ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық этнографиялық фес­тивалі өткізіліп келе жатыр. Бұл шаралар Қорқыт ата мұрасын насихаттаудың алғышарты болып қалыптасты. Бүгінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізбесіне енгізу бағытында жұмыстар жүріп жатыр, – деді Руслан Рүстемов.
Сондай-ақ, «облыста қобызшы­сы жоқ ауыл болмауы керек» деген бастама көтерілгенін, ұлттық өнерді кеңінен насихаттау мақсатында алдағы уақытта байқауды халықаралық деңгейде өткізу жоспарланғанын ерекше атап өтті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған байқауда еліміздің әр қиырынан жиылған 17-55 жас аралығындағы 17 өнер иесі бақ сынады. Байқау қатысушыларын қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Әлқуат Қазақбаев бастаған қазылар алқасы бағалады.
Айтпақшы, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әлқуат Дотаұлы Қорқыт бабаның жатқан жерінен мәлімет беретін картаның 1930 жылы жарық көрген түрлі-түсті нұсқасын Сыр еліне арнайы әкелгенін айтты. Орхон-Енисей бойындағы Күлтегін ескерткішін алғаш көрген Филип-Иоган Страленбергтің бұл картасының 1937 жылы шыққан нұсқасын өткен жылы ұлт жанашыры, танымал түрколог Мырзатай Жолдасбеков аймақ басшысына тапсырған болатын. Сондай-ақ, Қорқыт күйлерінің жаңа нұсқасы жуырда кітап болып басылатынынан хабардар етті. Ал қобызшы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Раушан Оразбаева ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында «Қобыз күні» бекітілсе деген ұсыныс білдірді.
«Сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді!» Қорқыт­тан осындай тәмсіл қалған деседі. Баба мирасы ұлықталған байқауда қобызшылар арасында бірінші орынды алматылық Аятолла Тұрғанов пен қызылордалық Айнуза Бегімсалова, қобызбен сүйемелдеп жыр айтуда қызылордалық Марат Сүгірбай ие­лен­ді. Ал бас жүлде – Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Шолпан Шарапа­тованың еншісінде. Ол байқауда Қорқыттың «Қорқыт», «Қоңыр» күйлерін, фортепианоның сүйемелдеуімен «Қобызға арналған пьесаны» асқан шеберлікпен шырқау шыңына жеткізді. Қобызымен «қара тас­ты сөйлетіп, тал бесікті тербеткен» Қорқыт елінде ұлы өнер мұрагерлерінің мол әрі дара болуы заңдылық секілді.
22 қазан 2018 ж. 1 646 0

Жедел көмек жан сақтайды

06 желтоқсан 2024 ж. 170

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031