Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жайлы мектеп»: жаңа дәуірдің жаңа мектебі

«Жайлы мектеп»: жаңа дәуірдің жаңа мектебі

Қазіргі заманға сай, құрылысымен көз тартатын, оқушылар қызыға, асыға баратын жаңа мектеп жайында сіз де естіген боларсыз. Іші жаңа мүмкіндіктерге толы, сапалы білімге, жаңа технологияға бейімдейтін мектеп – жайлы орта болмақ. Қазір елде мектептегі оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан орын жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы мектептердің саны 1,4 мың бірлікке азайған. Жабылған білім ошақтарының көбі болашағы жоқ ауылдық жерде орналасқан. Оны жабудың басты себебі білім алатын баланың болмауымен түсіндірілген еді. Бүгінде білім алушылардың саны 3,7 миллионнан асты. Оның ішінде 2,2 миллион оқушы қалалық жерде, қалған 1,5 миллионы ауылдық мектептерде білім алуда.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Интеллектуалдар озып, ғылыми технология қарыштап дамыған заман. Соңғы жылдары нық қадамдар жасалып, біршама ауқымды жоба іске асуда. Соның бірі заманауи мектеп – «Жайлы мектеп» жобасы. Қазақстанда ұлттық жоба іске қосылып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы ұлғайды. Бағдарлама үш ауысымда оқыту және оқушы орын тапшылығы бар мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деген болатын.
Көптің қызығушылығын тудырған жаңа мектеп қандай? Ең алдымен, білім беруге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және жиһазбен жарақтандырылады. Оқитын орны мен дәліздері кең, жарық болуына да ерекше мән беріледі. Одан соң интернеттің жылдамдығы маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасалады. Президент дәстүрлі Жолдауында білім мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мектеп құрылысы облыс әкімдерінің жауапкершілігіне жүктелді. Нәтиже қандай?
Аймақта білім беру нысандарының құрылыы жүйелі жүзеге асуда. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бірқатар жаңа білім беру нысандары пайдалануға беріліп, қалған мектептерді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев айтты.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде өңірде 6900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Облыс әкімдігі тарапынан аталған мектептерге инженерлік инфрақұрылым жеткізу, абаттандыру және жол салу жұмыстары толық орындалып, бүгінде барлық қажетті жағдайлар жасалды. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің сол жағалауында 900 орындық мектеп, Арал қаласында 300 орындық мектеп, Жаңақорған ауданы Жаңарық елді мекенінде 300 орындық мектеп, Жаңақорған кентінің Саяжай мөлтек ауданында 600 орындық мектеп, Қызылорда қаласының КБИ мөлтек ауданында 600 орындық мектеп және Қазалы ауданы Жанқожа ауылында 300 орындық мектеп құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне табысталды. Қалған 4 мектепті биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар, сол жағалаудағы физика-математикалық мектеп, музыкалық колледж және шығармашылық-инновациялық орталықтың құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Арал ауданы Жалаңаш ауылында 150 орындық мектептің, Шиелі ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандарды жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарда тұр, – деді басқарма басшысы.
Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекеттің ең маңызды міндеті. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 миллиард 100 миллион теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құраған. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынуда. Осы жобамен аймақта 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған. Қазалы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 білім ордасының іргетасы қаланды. Соның бірі – ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылындағы 300 балаға арналған білім ошағы. Құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған бұл мектеп биыл ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік толық қамтылған. Мектеп 2 қабаттан тұрады және ішінде спортзал, асхана, кітапхана, басқа да арнайы кабинеттер қамтылған. Кең әрі заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, жайлы сынып бөлмелері бәрі де баланың алаңсыз білім алып, болашаққа сенімді қадам басуы үшін жасалған. Айта кеткен жөн, мектеп ауласында оқушылар үшін арнайы ойын алаңдары салынған. Бұдан бөлек, жарық шамдарда да орнатылып мектептің іргеліс аумағында орналасқан Ш.Жалғасбаев және Әйтеке би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынып, толығымен абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Әйтеке би кентінде де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы салынуда.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасауды көздейді. Жоба аясында педагогтерге қажетті жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен және студиялармен жабдықталған жаратылыстану-ғылыми пәндердің жабдықталған кабинеттері салынады. Олардың қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталуына да ерекше мән беріледі. Жайлы мектептердің барлығы қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де бірыңғай стандарт бойынша салынады. Ұлттық жобаның нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері, сондай-ақ өңірлер, қалалар мен ауылдар арасындағы теңсіздік мәселесі шешілуде. Бұл білім сапасын айтарлықтай арттырады.
Қазіргі заман талабы – сапалы халық, сапалы ұлт, сапалы білім-ғылым, сапалы технология, сапалы тіршілік стандартын қалыптастыру. Президент тапсырмасымен елімізде оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» құрылысы басталды. Ұлттық жоба бірінші кезекте қалалар мен келешегі бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептер салуға, оқушылар мен педагогтер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында 2023-2025 жылдары 401 жаңа мектеп салу жоспарланған. Жоба құны 2,6 триллион теңге бағаланып отыр. Оның 1 триллион 960 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 миллиард теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді.
Ұлттық жоба аясында салынып жатқан мектептердің саны мен сапасы ды көпшілікті ойландырары сөзсіз. Бұл мәселе де өз жауабын тапқан. Өйткені мектептердің құрылысы барысында ұдайы монтиорингтік зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қош. «Жайлы мектеп» сапалы білім кепілі болу тиіс. Сондықтан ұлттық жобаның жоспарлы түрде уақытылы жүзеге асуына, сапалы орындалуына мән берілсе игі. Ендігі оқушының оқуға деген ынтасы артып, қолайлы ортада, жайлы мектепте білімін шыңдарына сенім мол.

Айнұр ӘЛИ
15 шілде 2025 ж. 31 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031